» » Берекелі бес саусақ

Берекелі бес саусақ

qarmaqshy-tany.kz Биыл тұңғышымыз бірінші сыныпқа барды. Біз үшін бәрі жаңаша. Жуырда алғаш рет мектепте ата-аналар жиналысы болды. Сонда сынып жетекшіміз оқушылардың «ұсақ моторикасын дамыту қажет» деген тіркесті айтып қалды. Оның себебін де түсіндіре кетті. «Бұрын ата-бабамыз асты қолмен жеген. Асқазанға саусақтардан «саған ыстық тамақ бара жатыр» дегендей хабар берілетін. Сонда асқазан да оны қорытуға дайындалатын. Ал қазір барлығымыз қасық арқылы тамақтанамыз. Ондағы температураны аузымызға барғанда бір-ақ білеміз. Қазіргі адамдардың 80%- інің асқазаны ауруының басты себебі осы. Саусақ ұшы тамақтың жылу деңгейінің қаншалықты екенін білмегендіктен, асқазан оны қабылдауға дайын болмайды екен. Яғни біздің әрбір дене мүшеміз, ағзамыз бір-бірімен тығыз байланысты. Ал оның баланың сабақ оқуына қандай қажеттілігі бар деп отырған боларсыз? Нақтырақ тоқталсақ.
Жалпы баланың саусақтарындағы ұсақ моторикаларды дамыту туралы біз көп естиміз. Ал «ұсақ моторика» дегеніміз не?
Физиологиялық тұрғыдан айтқанда «ұсақ моторика» қолдың ұсақ бұлшық еттерінің қозғалысы. Ұсақ моториканы дамыту бұл ең алдымен сөйлеуді, тілді дамыту үшін керек екен. Себебі, қолдың саусақ қимылдары мен сөйлеу мүшелерін бақылайтын бастағы ми қыртыстары бір-біріне жақын орналасқан, қолдың саусақтары қимылынан бастағы ми қыртысына импульс жіберіледі, осылайша оған жақын орналасқан сөйлеу аймақтары белсендендіріледі. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан екен. Сондықтан зерттеушілер алақанды екінші тіл деп те атайды.
Баланың жалпы дамуында ұсақ моториканың алатын орны ерекше. В.Сухамлинский бала қабілетінің қайнар көзі оның саусақтарының ұшында екенін жазған. Бала қолының қозғалысы қаншалықты епті болса, соншалықты ойлауы, сөйлеуі жақсы дамиды. Яғни бала қолымен көбірек жұмыс істесе, ақылы да сонша өседі.
Қол моторикасын дамытуды баланың нәрестелік шағында-ақ бастаған жөн. Нәрестенің қолына саусақ жаттығуы – саусаққа арналған массаж жасаған тиімді. Солар арқылы ми қыртысымен байланысты биологиялық нүктелерге әсер етеміз.
Мектепке дейінгі кезеңде қолдың ұсақ моторикасы мен қимыл-қозғалыстарын дамыту жұмыстары маңызды болып табылады. Өйткені біз тек сөйлеу тілін ғана дамытып қоймай, баланың қолын қаламмен жазуға да жаттықтырамыз. Өкінішке қарай, соңғы кезде балалар арасында сөйлеу тілінің бұзылуы жиі кездесетін құбылысқа айналып барады. Әрине, бұл олардың кінәсі емес. Сөйлеу тілінің бұзылуы баланың белсенді қозғалысының жетіспегендігінен, соның ішінде саусақтың ұсақ моторикасының дұрыс дамымағандығынан болады екен.
Бұрынғы кезде қолдың моторикасына арнайы назар аударып дамытпаған, өйткені балалар ерте жастан бастап үй жұмыстарына етене араласып, 5-6 жасынан бастап қамырмен жұмыс істеп, дақылдарды тазалап, қоқым терген. Оның үстіне таза ауада құммен, топырақпен де көп ойнаған, осылайша қол моторикасын арнайы жаттығусыз-ақ өздері дамытып жүрген. Бала жасынан тамақты қолмен жегізіп, ұлдарына қамшы өргізіп, қыздарына кесте тіккізіп, домбыра шерткізіп, тоғызқұмалақ ойнатқан халқым не деген дана болған десеңізші?! Біз көп жағдайда байқай бермейміз. Бірақ даналықтың бастауы өз ұлтымыздың тарихында, олардың қарапайым тұрмыс-тіршілігінде жатыр. Олар саусақ ұшында береке барын бағзыдан-ақ білген.
Сонымен қатар ертеден келе жатқан «Қуырмаш» ойынынан саусақ атауларын халқымыз бала тәрбиелеуге, оның тілін жетілдіруге, ойын ұштауға әдемі пайдаланғанын білеміз.
«Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Тауықтарға тары шаш.
Балапанға бидай шаш,
Балаларға тәтті шаш» дей келе, жұмылған әр саусақты жеке-жеке ашарда:
«Сен түйеңе бар,
Сен жылқыға бар.
Сен сиырға бар,
Сен қойыңа бар.
Сен үйде отырып,
Шешеңе көмектес» деп әр саусаққа тапсырма беріледі. Одан соң әр саусақтың басынан ұстап тұрып, «қарның ашса: мына жерде нан бар, мына жерде май бар» деп әртүрлі астың атын атай келіп, қолтыққа жеткенде «қуырмаш», «қуырмаш» деп қытықтайды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын бұл ойын балаға саусақтардың атын, адамға нәр берер түрлі астың атауын да үйретеді. Сондай-ақ төрт түлік малды таныстырып, оны бағып еңбектенгенде ғана тамақтануға болатынын ескертіп, еңбекпен тапқан тамақ тәтті болатынын уағыздайды. Халық өзінің өмір тәжірибесінде тіршілікте қалай қолдануына қарай саусақтарға ат қойған. «Бас бармақ», «Балаң үйрек», «Ортан терек», «Шылдыр шүмек», «Кішкентай бөбек» деген атауларды санамызға сіңіріп, жоғарыдағы шумақтарды жаттап өстік.
Ал қазіргі мына дамыған заманда тұрмысымыз жақсарды, уақытымызды үнемдейтін құрылғылар шығып, қол еңбегімізді барынша қысқартты. Алайда, таяқтың екі ұшы бар дегендей, осы тұрмысымыз біздің балаларымызға кері әсер етіп, қол моторикасының табиғи түрде дамуына шектеу қоюда. Енді қол моторикасын арнайы түрде дамытуға мәжбүр болып отырмыз.
Логопедтер мен психологтар баланың саусақтарын жаттықтырудың маңыздылығын талмай айтып келеді. Бұл, ең алдымен, тілді дамыту үшін, сондай-ақ қимыл-қозғалыстың үйлесімділігін қалыпқа түсіру, баланың қолын жазу, сурет салу және қолөнермен шұғылдануға дайындау үшін аса қажет. Ғалымдардың пікірінше, саусақтары жақсы жаттыққан балалардың тілі жатық келеді, олар санауды да жақсы меңгереді, сөздік қоры мол, әрі орнымен, дұрыс пайдалана біледі, қисынды ойлап, зерделейді, оқиғаны алдын ала болжай алады, демек, жасаған іс-әрекетін түсінеді және өз қылықтарына да жауап бере алады. Епті де икемді саусақтар – зерденің толыққанды жетілуінің кепілі. Сондықтан да баланың ақылы саусақ ұшында екенін ескере жүрейік.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 қазан 2023 ж. 577 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 306

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 403

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930