Жауапкершілік жүгі жоғары мамандық
Ал бұл азаматтардың кәсіби мерекесін тойлап келе жатқанына биыл 20 жыл. Өткен жылдарға көз жүгіртсек, 2002 жылдың желтоқсанында, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 57 отырысында 23 маусымды «Мемлекеттік қызмет күні» ретінде жариялау туралы қарар қабылданды және мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері әр елде осы күнді анықтауға ұсыныс беріледі. Ал біздің елімізде бұл күн 2013 жылы кәсіби мереке деп бекітілді.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Мемлекеттік қызметші өзінің функционалдық міндеттерін мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырып, өз іс-әрекетімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда барша бұқара халыққа үлгі болуы тиіс.
Біздің аудан әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 139 бірлікті құрайды. Оның 1-і саяси мемлекеттік қызметші және 138-і «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Оның ішінде 53-і -әйел азаматшалар. Басшы лауазымдағы әйелдер саны – 3. Аудандағы мемлекеттік қызметші қызметіндегі 29 жасқа дейінгі жастар 6,6 пайызды құрайды. Айта кеткен жөн, қазір мемлекеттік қызметші болуға жастар тарапынан ниеттілер көп. Мемлекет те оған мүмкіндіктер жасап, жауапты қызметке жастарды да тартуда.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің атқарған жұмысына, ұжымда және жұртшылықпен өзін ұстауына, мінез-құлқына, сондай-ақ олардың киіну стиліне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін күйде болу жағдайларына жол бермеуі қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынас барысында олардың ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуы керек.
Сондай-ақ олар, билік пен халық арасындағы өзіндік байланыстырушы буын болып табылады, көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білу дағдысын игергендігіне байланысты. Кез келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы – жай мамандық тұрғысымен салыстырғанда мейлінше жоғары. Бұл – өзін-өзі жетілдірудің тұрақты процесі.
Бірақ мемлекеттік қызметші үнемі өзінің жоғары мәртебесіне сай болып, байыпты және кәсіби тұрғыда қалыптасуы тиіс, жылдар өте келе «кәсіби тоқырау» дегенге тартылмай, өз қызметін жақсарту жолдарын ұдайы іздестіруі қажет. Ол өз ісіне жауаптылықпен қарап, жоғары орындаушылық, өзіне және әріптестеріне талап қоя білу, тәртіптілік және мүлтіксіз адамгершілік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметші сыпайы, тіл тапқыш болуы тиіс, өйткені қызмет барысында ол азаматтармен және жұмыста әріптестерімен үнемі қарым-қатынаста болады ғой. Қатардағы азаматтар тап болған проблемалардан оның өзін шалғай ұстауына болмайды. Қандай орында, қандай лауазымда да қандай жағдай болғандығына қарамастан өзіне артылған халықтың сенімін жоғалтуға болмайды.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуы үшін қызметшінің бойында кәсіби біліктілігінен бөлек адами құндылығы да жоғары болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметке кіріскен әрбір адам өзіне көмек пен қолдау сұрап келгендердің тағдыры негізінен өзінің шешіміне қатысты болатындығын есінде ұстағаны жөн.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ