Партиялық бақылау – өзгеріске оң қадам
qarmaqshy-tany.kz «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамовтың Қазалы ауданынан басталған жұмыс сапары ауданымызда жалғасты. Партия филиалының төрағасы жұмысты Жосалы кентіндегі апаттық жағдайда тұрған «Айгөлек» балабақшасынан бастады.
«Айгөлек» балабақшасына 2018 жылы облыстық бақылау жөніндегі басқарма қызметкерлерімен визуалды қарап кемшіліктер бойынша мердігерге нұсқау беріліп, аталған кемшіліктер қалпына келтірілген. Алайда бүгінде іргетасында жарық бар деп танылып, басқарма тарапынан облыс әкіміне аудан әкімі және білім басқармасына тиісті шара көру үшін ұсыныс беріліп отыр. Іргетасында жарықтың пайда болуы салдарынан қазіргі таңда қауіп төнуі ықтимал болуына байланысты балабақша жұмысын тоқтатқан.
Мұнан соң партиялық бақылау жұмыстары Жосалы кентіндегі 420 орындық №105 мектеп-лицейінде жалғасты. Мектеп 1961 жылы пайдалануға берілген. 2015 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында мектеп ғимаратына қайта күрделі жөндеу жұмысына қаржы бөлініп, «Өмірзақ» ЖШС жұмыс жасаған. Ал 2019 жылы мектеп ғимаратынан бөлек шағын бу ғимаратын cалу үшін қаржы бөлініп, «Оңталап» ЖШС шағын бу қазандық құрылысын жүргізген. Қазіргі таңда мектептің техникалық құрылыс жағдайы төмен. Сол себепті, «Д-Ару» ЖШС мекемесі мектеп ғимаратының техникалық жағдайын тексеріп, «апаттық жағдайда» деген шешім шығарған. Партиялық бақылау тобы аталған кемшіліктер бойынша жұмыс жасауды тапсырды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы сапар барысында филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлымен аудандық партия филиалы алаңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғындар кент көшелерін жарықтандыру және жөндеу, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіпкерлік мәселелерін қозғады. Жалпы қабылдауға келген азаматтардың өтініштері назарға алынды.
Партиялық бақылау тобының аудандағы көшпелі жұмысы Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектебіне бақылау жүргізумен аяқталды. Білім ордасының №1 негізгі оқу ғимараты 1965 жылы салынған, 1967 жылы пайдалануға берілген. №2 қосымша оқу ғимараты 1989 жылы салынған, 1990 жылы пайдалануға берілген. Мектепте 349 оқушы ІІ ауысымда білім алуда. №1 негізгі оқу ғимаратының ылғалдылық деңгейі жоғары болғандықтан жағымсыз иіс, қабырғалардың, төбелердің көгеруі оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына, өмір қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Спортзалдың төбесіндегі плита жабындылардың тозуы, ажырауы оқушылардың өміріне қауіпті. Негізгі оқу ғимараты апаттық жағдайда болғандықтан жаңадан салуды қажет етеді.
Партиялық бақылау тобы тарапынан анықталған кемшіліктер бақылауға алынып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.
«Қт» ақпарат