Алғыс айту – парызым
qarmaqshy-tany.kz АЛҒЫС АЙТА БІЛУ – АДАМ БОЙЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТ. БҰЛ ӘР АДАМНЫҢ БІР-БІРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТЕ БІЛУІ, ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЛЕБІЗІ. АЛҒЫС – АДАМНЫҢ АДАМҒА ЖАСАҒАН ЖАҚСЫЛЫҒЫ ҮШІН РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРУІ ҒАНА ЕМЕС, ОНЫҢ ОЙЫНА, ІС-ӘРЕКЕТІНЕ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРУІ. ЖЫЛ САЙЫН КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІНДЕ АТАЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН АЛҒЫС АЙТУ МЕРЕКЕСІ – ОСЫНЫҢ КӨРІНІСІ. ЯҒНИ ҚАҺАРЛЫ ҚЫС БІТІП, ШУАҚТЫ КӨКТЕМДІ ҚАРСЫ АЛАТЫН ТАҢЫМЫЗ АДАМДАРДЫҢ БІР-БІРІНЕ ДЕГЕН ЫСТЫҚ ЫҚЫЛАСЫ МЕН РИЗАШЫЛЫҚ СӨЗДЕРІНЕН БАСТАЛАДЫ. ӘРІ ҚАРАЙ МЕЙІРІМ МЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ, ДОСТЫҚ ПЕН МАХАББАТТЫҢ МЕРЕКЕСІНЕ ҰЛАСАДЫ.
Алғыс айту күні – бейбітшілік пен келісім саясатының күні, түрлі этнос өкілдерінің қасиетті қазақ жері мен қайырымды қазақ халқына айтар алғысы, жасар тағзымы. Қазақ халқы барлық ауырпалықты бірге көтерді, адамгершілік қарым-қатынастың үлгісін көрсетті. Ата-әжелеріміз, әке-шешеміз сонау қиын-қыстау репрессия жылдарында қазақ елінің қамқорлығын, барымен бөлісіп, аман қалуларына жасаған көмектерін әңгімелеп, ризашылықтарын айтып отырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, тіл жанашыры Аслы Осман өз сөзінде: «Сол дәуірлерде бізге пана да, ана да болған – қазақ. Қазақ халқының арқасында біз бүгінгі күнге жетіп отырмыз», – дейді. Бұл да ыстық ықылас, жылы жүректен шыққан ізгі ниетті сөз деп білемін.
Елімізде 1 наурызды Алғыс айту күні деп жарияланғанда, бұл мереке бәрімізді бір-бірімізге жақындастыратынына, бауырмалдық пен сыйластық күніне айналатынына сенімді едік. Бұл шешімнің басты мақсаты – мемлекетіміздің бірлігін нығайту, келісім мен қайырымдылықты, қазақ халқына деген ізгілікті насихаттау.
Мен де сол сұрапыл уақытта қазақ халқының қамқорлығын көрген жандардың ұрпағымын, Қазақстан атты бейбіт мемлекеттің азаматшасымын. Алматы облысында дүниеге келдім. Ұлтым – әзірбайжан. Атам бізді қазақ мектебіне берді. Жастайымыздан бойымызға тәрбие дарытып, қазақы салт-дәстүрмен сусындатып өсірді. Үйде сәби дүниеге келсе шілдехана, 1 жасқа толса тұсаукесер тойын міндетті түрде тойлаймыз. Жоғары оқу орнын да қазақ тілінде оқыдым. ІІІ Интернационал ауылына келін болып түстім. Қазір осы ауылдағы мектепте мұғаліммін. Отбасылымын, өз баламмен бірге ел баласын тәрбиелеп, білім берудемін.
Әр күнімді ең алдымен Аллаға, одан кейін ата-анама және қазақ халқына алғыс айтумен бастаймын. Одан басқа отбасыма, достарыма, дәрігерлерге, ұстаздарға, басқа да жандарға ризашылық сезімімді білдіріп жүремін. Өйткені алғыс айту арқылы өмірдегі өз орнымды біле аламын. Алғыс айту адамдар арасында сенімді, сыйластықты арттырады, мейірімділікті оятады. Ал бір Отанды мекен еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық бейбітшілікке, келісімге жетелейді. Сондықтан алғыс айту – парызым деп есептеймін.
Гулляр ИСКЕНДИРОВА,
№108 мектептің мұғалімі