» » Арманға апарар жол

Арманға апарар жол

qarmaqshy-tany.kz ЖЫЛ САЙЫН 21 АҚПАНДА ӘЛЕМДЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭКСКУРСОВОДТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТІЛЕДІ. БҰЛ КҮНДІ ЭКСКУРСОВОДТАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫ 1990 ЖЫЛДАН БАСТАП РЕСМИ ТҮРДЕ БЕКІТКЕН БОЛАТЫН. ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ЕЛІМІЗДЕ ОСЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ ӘРІ ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЕРЕКШЕ БАҒАЛАНАДЫ
Аудандық тарихи-өлкетану музейіне жолыңыз түссе, онда сыңғыр қаққан сұлу дауысты бір қызды кезіктіресіз. Қашан көрсеңіз де жарқын жүзі мен жайдары көңілі бірден баурап әкетеді. Қабақ шыту мен қаталдық оған жат. Әрдайым жайлы мінезі мен байсалды қалпынан танбайды. Біз әңгіме етіп отырған жан Қармақшының жауһарлы жәдігерлерін көпшілікке насихаттап жүрген осы музейдің экскурсоводы – Баршагүл Сахиева.
Ол Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен-ақ түрлі іс-шараларға белсене қатысады. Әдебиетке қызығушылығын оятқан мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Дүйсенбекова болатын. Осылайша арман қуған ол мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түседі. Оқуды тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын 2015 жылдан бастап бүгінге дейін аудандық тарихи-өлкетану музейінде экскурсовод болып қызмет атқарып келеді.
Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын, сан ғасырдың жәдігерлері сақталатын мәдени орталық. Осы ретте музей ісіндегі экскурсоводтардың атқарар қызметі өте зор. Музейге келген адам ең әуелі экскурсия жүргізушілері көрсеткен қызметке қарай музейдің бүгінгі тынысын байқайды. Сол себепті оларға қояр талап та жоғары.
– Музейдің негізгі қызметтерінің бірі – музей залдарына экскурсия жүргізу. Экскурсия ғылыми-танымдық білім беру, мәдени ағарту мақсаттарда белгілі бір орындарға жүргізілетін сапар болса, экскурсовод – экскурсияның жетекшісі, музейдің айнасы. Ол экскурсия барысында танымды әрі тағылымды әңгімесімен әр экспонатқа жан бітіреді, сөйлете біледі, сырын ашады. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Туған жердің тұнып тұрған көне жәдігерлері мен құндылықтарын көпшілік алдында таныстырып, насихаттау мен үшін – үлкен мақтаныш. Музейге балабақшадан бастап, мектеп оқушылары, түрлі сала қызметкерлері мен көптеген делегация өкілдері, қазақстандық және шетелдік қонақтар келеді. Жұмыс өте қызықты, кейде уақыттың қалай өткенін білмей қаламыз, – дейді Баршагүл.
Еңбек жолында жазушы Дүкенбай Досжанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғұмыр-дария» атты облыстық әдеби оқулар байқауында ІІІ орын, «Пай-пай қазақтың келіндеріай» тақырыбындағы аудандық келіндер байқауында ІІ орын және облыстық, аудандық кәсіподақ комитеті, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Музейдегі экскурсовод – өскелең ұрпақтың өз халқының тарихын, мәдениетін зердесіне түйген отаншыл азамат ретінде қалыптасуы үшін еңбек сіңірсе, ал алыс-жақын шетелден келген қонақтарға қазақ халқының тарихы сонау тереңде екенін, ата-бабаларымыздан жеткен құнды мұралар мен жәдігерлерді дәріптейді. Экскурсия жүргізушісі – жан-жақтылықты, зерделілікті талап ететін шығармашыл әмбебап мамандық. Сол себепті де Баршагүл Сахиева сала қызметкері ретінде әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Аудан тұрғындары, ардагерлер мен сыр-сұқбат жүргізіп, журналистика саласына да өз үлесін қосу үстінде.
– Қазіргі таңда музейде заттық және рухани құндылықтарды таныту, ғылыми тұрғыда зерттеу және оны насихаттау жолында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Музей залдарына экскурсия шолу және тақырыптық экскурсиялар бойынша жүргізіледі. Шолу экскурсиясы келушілерге музей коллекциясы, экспозициясы туралы жалпы түсінік беріп, ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге дейінгі өлке мәдениеті мен тарихын баяндайды. Ал тақырыптық экскурсия көбіне оқушылар мен студенттерге арнайы бір тақырыпқа арналып жүргізіледі. Сондай-ақ, жас ерекшеліктерін ескере отырып, ғылыми-танымдық, тағы басқа әдіс түрлері қолданылады. Музей – үздіксіз білім беретін орда. Білім беру және ағарту бағытында бүгінде музейлік тақырыптық сабақтар көптің көңілінен шығып жүр. Тақырыптық сабақтар оқушылардың білімдерін бекітіп, тереңдетуге септігін тигізеді, – дейді ол.
Баршагүл Жеңісбекқызы – жұмыста абыройлы, әріптестеріне сыйлы жан. Отбасында ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Әділетпен бірге екеуі Рамазан, Жансая есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
21 ақпан 2023 ж. 463 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 352

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 433

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930