» » Діни қайраткердің рухани мұралары

Діни қайраткердің рухани мұралары

qarmaqshy-tany.kz ҚОЖА АХМЕТ ЙАСАУИДІҢ ТУҒАНЫНА – БИЫЛ 930 ЖЫЛ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЙЫРҒЫ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫНДА АЙРЫҚША ОРНЫ БАР ҰЛЫ АҚЫН, СОПЫЛЫҚ ПОЭЗИЯНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ, КҮЛЛІ КҮНШЫҒЫС МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ РУХАНИ ҰСТАЗЫ БОЛҒАН ҰЛЫ ОЙШЫЛ, ДІНИ ҚАЙРАТКЕР.
Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Йасауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибраһим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмамдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырды. Осында ол ислам дүниесіне кең танылған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», – деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әртүрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, енді бірінде 85 жас деп берілген. Ж.Аймауытов ақынның 149-ыншы хикметіне сүйеніп, Йасауиды 125 жас жасаған дейді.
Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы – «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Өкінішке қарай туындының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалары өте көп. Олардың көбі Ыстамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылды. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармада ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.
Қожа Ахмет Йасауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды.
Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге танытты. Қожа Ахмет Йасауи түркі халықтарының жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді.
«Диуани Хикметтен» қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Йасауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында атақты Ақсақ Темір күмбез орнаттырды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет Йасауи мазарын тұрғыза бастағанда қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Ақсақ Темірдің түсіне Қызыр еніп, ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір Қызырдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріскен екен».
Қожа Ахмет Йассауиге тәу етушілер алдымен Арыстанбабтың басына барып түнейді. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Йасауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-інші сессиясында Қожа Ахмет Йасауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, зал бар.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
02 ақпан 2023 ж. 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930