» » Адамдық диқаншысы

Адамдық диқаншысы

qarmaqshy-tany.kz Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері атанған Ахмет Байтұрсынұлының «Адамдық диқаншысы» атты өлеңі барын біреу білсе, біреу білмес. Өлең тақырыбының өзі ерекше, адам назарын бірден өзіне аударады. 5-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығында берілген осы бір өлеңді жұмыс барысында оқушыларға оқытып, талдауда түрлі жауаптар мен пікірлер естіп, жаңа ой түйдім.
Заманының заңғар ғалымы, ағартушысы, қоғам қайраткері ретінде танылған тұлға өлеңіндегі:
"Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың", – деген жолдар қазіргі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Технология қарыштап дамып, түрлі әлеуметтік желілер жан-жақтан жылтылдап тұрған кезеңде адамдықтың, яғни адамға тән игі, ізгі қасиеттердің көмескі тартып, адамзат баласы пайда табуды көздеп, материалдық байлықтың шеті мен шегіне жете алмай келеді. Рухани кемелдену жолынан адасып, өзінің кім боларын білмей, өмірлік мақсат-мұратын айқындай алмай жүрген бүгінгі қоғамдағы адам баласының бойына адамдықтың, адамгершіліктің дәнін егіп, тұқымын шашатын зиялы қауым өкілдері мен парасат биігінен көтерілген жандар қажет-ақ.
Әдетте біз диқаншы деп егін салуды кәсіп еткен жанды айтамыз. Ал, адамдық диқаншысы – адамзаттың көзқарасын рухани арнаға бұрып, оның адамгершілік сатысымен өрлеуіне бағыт беруші, жөн сілтеуші жан. Осы тұрғыдан алғанда, отбасындағы бала тәрбиелеп отырған, елдің ертеңін қалыптастырар ұл-қыз өсіріп отырған әрбір ата-ананы, одан кейін өскелең ұрпақ бойына білім мен тәрбиенің дәнін қатар егіп, сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымын адамдық диқаншысы деп атауға әбден болады.
Григорий Петровтың «Ақ лала гүлдер өлкесі – Финляндия» атты кітабында мәдени, рухани тоқырауға ұшыраған тұтас бір ұлттың мемлекет ретінде жаңа мәдениет сатысына көтерілуі баяндалады. Сондай-ақ, өткен ғасырда-ақ қазақ қоғамының өсіп-өркендеуі, дамуы үшін өлшеусіз еңбек етіп, қазақ балаларының өз заманына сай білім алып, өнер-ғылымды игеруіне ықпал жасаған Ахмет Байтұрсынұлының осы бір өлеңін де Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» секілді қазақ қоғамының рухани серпілуіне жол ашатын шығармалардың бірі деп бағалауымыз қажет. Өзін «адамдық диқаншысы» деп атаған ақын кеудесін отарлық езгісі жаншыған елінің намысын «құл халық, көк есек» деген сөздерді қолдану арқылы жанығысы келеді. Бір кездегі сән-салтанатының базары тарқап, барынан айырылған қазақ елін «көлі жоқ, көгалы жоқ» қу тақырға теңейді.
Қазіргі таңда да білім мен ғылымды, адал еңбекті, адамгершілік мақсат-мүддені, мейірімділік пен парасаттылықты, мәдени қарым-қатынасты өз болмысы арқылы көрсетіп, көпшілікке насихаттайтын жандар керек-ақ. Міне, нағыз солар «адамдық диқаншысы» болмақ.
Өзі «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған Абай салған дара, сара жолды жалғастырған ағартушы:
"Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін", – деп болашағына көрегендікпен көз жүгірткен-ді. Сол сөзі арада бір ғасыр уақыт өткен кезде шындыққа айналып, бір күндігі емес, тұтас дәуірін ойлаған қайраткердің ұлты үшін атқарған ісі мен артына қалдырған әдеби-тарихи мұралары тарих күнделігінің жаңа беттерінде жаңа қырынан танылуда.
Өткен жылы 150 жылдық мерейтойы аталып өткен ұлт ұстазының еңбектеріне жаңа заман тұрғысынан баға беру, оған жас ұрпақтың көзімен қарау дәуірі енді басталғандай. Ұлт мұратын өз мүддесінен жоғары қойған Ахмет Байтұрсынұлы сынды ағартушы, қоғам қайраткерлерінің ізімен әрбіреуіміз адамзатты ізгілікке шақыратын «адамдық диқаншысы» болуға ұмтылайық. Бір-біріміздің бойымызға жақсылықтың, жақсы, нәтижелі іске деген құштарлықтың, қамқорлық пен мейірімділіктің дәнін егетін «нағыз адам» тұғырынан көріне білейік.
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
30 қаңтар 2023 ж. 2 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 360

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 440

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930