"Біз біргеміз!"
qarmaqshy-tany.kz ЖДО және СӨСҚ мамандарының ұйымдастыруымен Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің мәжіліс залында жоғары сынып оқушылары арасында ата-аналар жиналысы болып өтті. Салааралық біріккен жоспарларға сай, "Жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, отбасындағы тәрбие, бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі, отбасылық құндылықтар, буллинг, кибербуллинг, әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар" төңірегінде "Біз біргеміз!" атты семинар-тренингке Жастар денсаулығы орталығының психолог-маманы Ә.Кетебаева, медбике М.Бекова,СӨСҚ кабинетінің маманы Д.Құлмырзаева, мектеп директоры Г.Әшірова, мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Жақпанова, мектептің бөлімшелік полиция инспекторы Р.Әбдірахманов, мектеп психологы Г.Бүркітбаева және мектеп мүғалімдері қатысты. Зал тола ата-аналардың келуі - өз балаларына жауапкершілікпен қарайтынын танытып жатқаны көңілге демеу болды. Жиын барысында қызу пікірталас орнатып, тренингте өз ойларын ашық жеткізіп, ата-аналар өз кезегінде көкейлеріндегі сұрақтарды қоюы жиынның әсерлі өтуіне себеп болды. Бұл басқосуда сала мамандары қызықты тренингтер арқылы бала мен ата-ана арасындағы байланысты нығайта түсуге шақыраса, сауалнамалар жүргізу арқылы қаншалықты сенімді ата-ана екендігін анықтай түскендей болды. Тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетілді. Әр сала мамандары өз кезегінде оқушылардың арасында кездесетін жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталды. Әр ата-ана өзіне сенімділікті арттыра отырып, балаға мықты тәрбие беріп, талап қойып, білім алуы мен жақсы мінез қалыптастыруына ерекше көңіл бөлуді күшейту керек екендігі нақтыланды. Үйден махаббат пен мейірімге қанбаған бала жылуды сырттан іздейді. Ішкі жан сырын бөлісетін виртуалды дос қалайды. Үнемі жекіп,оған мән бермей, өте талапшыл болу- баланың көңілін қалдырады. Ата-ана баласының жанында болуға күніне кем дегенде жарты сағатын сырласуға бөлсе, бала өзіне сенімділікті ұялатады.
Осындай жақсы кездесу соңында балалары жақсы жетістіктермен, тәрбиесімен, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түсіп жүрген бір топ оқушылардың ата аналары Жастар денсаулығы орталығының "Алғыс хатымен" марапатталды.
Сөз соңында тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Жақпанова апай келген ата-аналарға, сала мамандарына алғысын білдірсе, жиналысқа қатысушы ақсақал атамыз жастарға ақ батасын берді.