» » Ауылды дамыту: 2025 жылға дейін не өзгереді?

Ауылды дамыту: 2025 жылға дейін не өзгереді?

qarmaqshy-tany.kz Ауыл – қазақтың күретамыры. Ұлттық құндылықтың ошағы да ауылдан бастау алады емес пе?! Салт-дәстүр мен мәдениеттің сарқылмас мол мұрасы да ауылда сақталып келеді. Иә, қазақты ауылсыз елес­тету мүмкін емес. Мұны ескерген мемлекет те ауыл мәселесін естен шығарған емес. Оған мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік дамуын, әлеуетін көтеру бағытында қабылдап отырған бағдарламалар айқын айғақ бола алады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы қалай жүзеге асып жатыр, алдағы 5 жылда ауылдағы интернет, білім, денсаулық саласы бойынша қандай өзгерістер орын алады, саралап көрелік.
Бүгінде ауылдық жердегi өмiр сүру деңгейiн арттыру мақсатында ауылды аумақтарды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәлiметiнше, қазiргі таңда ауыл халқының саны 7,7 млн адамды, яғни халық санының 41 процентін құрайды. Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлестi алады. Бұл – 28, 2 процент.
«АУЫЛ – ЕЛ БЕСIГI»ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР?
Соңғы 5 жылда экономиканың негiзгi көрсеткiшi бойынша оң динамика байқалады. Ауылда өмiр сүру деңгейiн одан әрi арттыру үшiн министрлiк «Ауыл – Ел бесiгi» жобасын iске асыру бо­йынша жоспарлы жұмыстар жүргiзуде. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебiнен және оны жаңа өңiрлiк стандарттар параметрiне дейiн жеткiзе отырып, ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсарту.
Жоба негізінде әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтiк игiлiктерге қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету бойынша мiндеттердi iске асыру есебiнен, сондай-ақ қолайлы өмiр сүру ортасын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
Елімізде 6 316 ауыл болатын болса, оның iшiнен даму әлеуетi бар 3,5 мың ауыл iрiктелген. Онда ауыл тұрғындарының 88 проценті тұрады. Аталған ауылдар демографиялық көрсеткiштерге, экономикалық бел­сендiлiкке, инфрақұрылымның жай-күйiне қарай iрiктелген. Бұл ауылдарды дамыту «Ауыл – Ел бесiгi» жобасы шеңберiнде бiрiншi кезекте жүзеге асырылатын болады.
Ұлттық экономика министрлігінің мәлiметiнше, ауыл тұрғындарының өмiр сүру деңгейiн арттыру үшiн 2019 жылы инфрақұрылым мен әлеуметтiк игiлiктерге қолжетiмдiлiгi жөнiнде жаңа өңiрлiк стандарттар әзiрленiп, бекiтiлген. Ауылдық елдi мекендердiң нысандармен қамтамасыз етiлуi 2020 жылы республика бойынша 60,3 процентті құраған. Осы орайда ең жоғарғы көрсеткiштер Павлодар, Маңғыстау, Солтүстiк Қазақстан облыс­тарында байқалады. Мұнан бөлек биыл «Ауыл – Ел бесiгi» жобасы шеңберiнде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бағыттау жос­парланып отыр. Бұл өз кезегiнде көлiк және әлеуметтiк инфрақұрылым, сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға арналған 1 мыңнан астам жобаны iске асыруға мүмкiндiк береді.
– Ауылдық жердегi инфрақұрылым мәселелерiн шешу үшiн 5 жылдың iшiнде 800 млрд теңге бөлiнетiн болады. Бұл өз кезегiнде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмiр сүру сапасын жақсартуға мүмкiндiк бередi, – дедi Ұлттық экономика министрі.
СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДАНЕ ӨЗГЕРЕДI?
Strategy2050.kz сайтының мәлі­ме­тінше, ауылдық жерлердi дамытудың кешендi тәсiлi 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкiндiк бередi. Айталық, ауыл халқын сумен қамту қызметi 100 процентке жететiн болады. Барлық ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етiледi. Жергiлiктi маңызға ие жолдардың 95 проценті жақсы жағдайға көтеріледі деп жоспарлануда. Жоспарға сәйкес 10 мың шақырым ауыл iшiндегi жол жөнделедi және қайта салынады.
Ауылдық жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiледi. Сонымен қатар, 110 мың жер учаскелерi жеке тұрғын құрылысы үшiн қажеттi инфрақұрылыммен қамтылатын болады. Жалпы, 12 мың шақырым инженерлiк желiлер салынады және жаңғыртылады. Агроөнеркәсiп кешенiнде 845 инвестициялық жобаны iске асыру ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Сонымен қатар, бiлiм берудiң сапасын және қолжетiмдiлiгiн арттыру шеңберiнде ауылдық жерлерде 5 мың мектептi жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Ауыл мектептері бiлiктi мамандармен қамтылатын болады. Сондай-ақ 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балалардың 100 проценті мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен қамтылады. Ауылдық елді мекендерде спортпен айналысу және шығармашылық үйiрмелердi дамыту үшiн 1 719 спорт және 748 мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылмақ.
Мұнан өзге денсаулық сақтау саласында 1 095 нысанды салу және жаң­ғырту ауылдық жерлердегi денсаулық сақтау жүйе­сiнiң сапасын және қолжетiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк береді.
Жоғарыда көрсетiлген барлық жоспарлар мен iс-шаралар ауыл тұр­ғындарының өмiр сүру деңгейiн жақсартуға, табысын арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға тың серпiлiс бермек.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫҚАЛАЙ ДАМИДЫ?
Иә, ауыл дегенде тынымсыз тіршілікпен айналысқан бейнеткеш жан көз алдыңа елестейді емес пе? Ауыл тұрғындарында құр алақан жату деген түсінік жоқ. Есебі мен ебін тауып кәсіп көкжиегін кеңейтуді қалайды. Оның ішінде, әрине ауыл шаруашылығын дамытуда оң нәтиже көрсетіп келеді.
Ауыл шаруашылығы министрi Сапархан­ Омаров агроөнеркәсiп ке­ше­нiн дамытудың 2021-2025 жыл­дар­ға арналған ұлттық жобасын әзiр­леп жатқанын және онда бiрқатар әлеу­меттiк-экономикалық мiндеттер қарас­тырылғанын айтады. Нақтырақ айтсақ, тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кiрiсiн арттыруға басымдық беріледі. Сонымен қоса 70 мың отбасылық шаруашылық құру, ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейiнгi адамды жұмыспен қамту, 350 мың фермерлiк және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру сынды жоспарларға баса мән беріліп отыр.
Ұлттық жобаны iске асыру нәтижесiнде бес жылда еңбек өнiмдiлiгiн 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшiн салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған.
– 5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны iске асыру жос­парланып отыр. Қазiргi уақытта жоба өңiр әкiмдiктерiмен және инвесторлармен пысықталып, тиiстi жол карталарына қол қойылды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және қайта өңдеу бо­йынша 7 iрi экожүйенi құру жөнiндегi тапсырмасына сәйкес iске асырылатын болады, – деді ауыл шаруашылығы министрі.
Ауылды қолдаудың қосымша шарасы ретiнде алдағы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 250 млрд теңгенiң 50 мың шағын несиесiн беру жоспарланған. Онымен қоса «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейiн еттi мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа 175 млрд теңге жеңiлдетiлген несие берiлмек.
Ал қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңгенiң несиесiн беру қарас­тырған. «Кең Дала» бағдарламасы бо­йынша жыл сайын көктемгi егiн егу және күздегi егiн жинау жұмыстарына 70 млрд теңге көлемiнде бюджеттiк несие бөлiнетін болады.
Сонымен қатар биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа механизмiн енгiзу жоспарланып отыр. Онда ауыл қызметкерлерi үшiн тұрғын үй салған жұ­мыс берушi шығындарының 50 про­центі субсидияланады. Бұл – ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға мүмкiндiк бередi.
АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Аймақта 2020 жылы жылы 8 елді мекенде 60 инвестициялық жоба қабылданып, ауылдарда жол жөнделген еді. Соның нәтижесінде 3278 тұрғын үйге сервистік су желісі жүргізіліп, 23,2 шақырым ауылішілік көшелерге жарық орнатылып, 68,6 шақырым көше жөндеуден өткен. Ал биыл 6 елді мекенде 13 инвестициялық жоба енген. Тарқатып айтқанда, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде, Қармақшы ауданы, Төретам кентінде, Жалағаш ауданы, Таң ауылында, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің көшелері жөндеуден өтеді.
Ауданымызда өткен жылы«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Төретам кентінде 20 көшені орташа жөндеу жоспарланып, оған 394 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы бағдарламамен Жосалы кенті мен Ақай, ІІІ Интернационал елді мекендерінде жолдарды жөндеуге жобалар ұсынылып, қаржыландыру қолға алынды. Оған қоса «Тұрған тамы» шаруа қожалығының «Балық өңдеу шағын зауытын ашу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек көпбалалы 10 отбасыға, жалға берілетін 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар жаз-қыс мезгілінде балалар демалатын лагерь құрылысын уақытылы аяқтау үшін тиісті облыстық басқармалармен тығыз байланыстағы жұмыстар жалғасып, қаржы бөлініп, нысан құрылысын аяқталды.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласы бойынша тың бастама көтеріліп отыр. Иә, аудан халқы қашаннан еңбекпен біте қайнасып, алатаңнан нәпақасын сол еңбегінен айырған жандар емес пе?! Олар үшін бұл, әрине қуанышты жағдай. Енді әрбір ауылдық елді мекендердің жанынан тұрғындарға бау-бақша егуге жағдай жасалатын болды. Аталмыш бастама жүзеге асса, әрбір отбасы қыс мезгілінде қажетті бақша өнімдерімен өздерін қамтамасыз етуге мүмкіндік алды.
Аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінің мәліметінше, ауданда жалпы 22 агрозона құрылды. Олардың ішінде Дауылкөл ауылдық округінде – 2, Ақжарда – 3, ІІІ Интернационалда – 6, Иіркөлде – 2, Жосалыда (ауылдық округ) – 3 агрозона болатын болса, өзге елді мекендерде бір-бірден аграрлық зона құрылады деп жоспарлануда. Елді мекендер бойынша жалпы 668 ауыл тұрғыны қамтылды. Ал барлық егіс көлемі – 566,3 гектар.
Агрозонаға көбіне көкөністер мен бақша дақылдары егілді. Оның ішінде картоп – 206,3 га, жуа – 14,52 га, сәбіз – 47,8 га, қырыққабат – 3,4 га, асқабақ – 50,8 га, қызылша – 9 га, қияр – 18,2 га, қызанақ – 17,1 га, қауын 103, 7 га, қарбыз 80,4 га жерге егілді.
Ал биыл  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында екі денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтерді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кенті, Ақай, ІІІ Интернационал, «Ақтөбе», «Ақжар» елді мекендері бойынша барлығы 19,8 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 21 жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген еді. Енді оған қажетті 560 млн теңге қаржыны республикалық қазынадан бөлуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жобаны алдағы жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Ақтөбе ауылы бойынша ұзындығы 2 км болатын Т.Салқынбайұлы көшесін орташа жөндеуге «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджетке өтінім өткізілгендігі және сонымен қатар ауылдық округтегі көшелерді жарықтандыру мақсатында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жыл бойы көше жарықтарын күтіп-ұстау шығындарына жұмсалып келді.
Қазіргі таңда ІІІ Интернационал ауылы бойынша «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында спорттық кешеннің құрылысын қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылып және балалардың жақсы білім алуына жағдай жасау мақсатында ауыл мектебін «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы аясында қайта салуға ұсыныс жасалып жатыр.
Енді құрылыс жұмыстарына тоқталсақ, Жосалы кенті мен Ақай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Балық цехын сыртқы электр желісімен жабдықтау» жобасы, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы салынып жатқан Қуаңдария ауылындағы 100 орындық клуб, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен құрылысы жүріп жатқан Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үйді атап айтуға болады. Сонымен қатар, Алдашбай ахун, Т.Көмекбаев, Қармақшы ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғырту жұмыстары да бар.
Түйін Қазақтың діні де, тілі де, ділі де – ауылда. Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, мемлекетті дамыту үшін ауылды көркейтуіміз керек.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 қараша 2022 ж. 1 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 382

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 461

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930