Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға "Есірткісіз өмір ғажайып!"
qarmaqshy-tany.kz Адамзат баласы жер бетіндегі тіршілігін тынымсыз атқарып келе жатқалы қаншама ғасырлар мен уақыттар өтті. Оның дамуы, қалыптасуы, жетілу процестері жүзеге асумен қатар саналы болуы, болмысын айқындауы жүріп отырды. Желдей жүйткіген сағаттар ағымымен бүгінгі ХХІ ғасыр түрлі кезеңдер мен жарқын көріністердің бейнесін жасап келеді. Еліміз өркендеу сатысында әлем елдерінің алдыңғы сабында бой түзеп еңсе тіктей білді. Өз тәуелсіздігіміз төрімізде тұрақты орынға ие болып, аспанымыз ашық елге айнала білдік.
Дегенмен, айтпай келер апат пен тілсіз жау, тасқын секілді зұлматтардан бөлек көзіміз шалып, құлағымыз естіп жүрген жағдайлар назардан тыс қалмай отыр. Оның бірі ғасыр індеті-есірткі. Атының өзі құлаққа түрпідей тиетін бұл зиянды зат қаншама адам мен жасөспірімнің өмірін жалмады. Ақылды иемденіп, ессіздік пен өз еркінен тыс күшке иетермелеуінің арқасында, тәуелділілікті мойынға артты. Есірткі біздің болашағымызға да балта шауып, енді жетіліп келе жатқан өркендерді ерте солдырып келеді. Тоқтаусыз өршіген сайын оны тұтынушылар қатары да көбейіп, заңсыз іске асырылып та жатыр. Жалындаған жас толқындарды жағаға лақтырған кесел күні-бүгінге дейін өршімесе, басылар емес. Заң аясында құрыққа ілінгендердің де тартып жатқан азабы аз болып тұрған жоқ. Сол үшін өз келешегіміздің жолында мұндай келеңсіздіктердің алдын алып, жарқын ұмтылыстарға бет бұрған жөн. Ол заман ағымына сай білім алып, қарыштап даму сатысы. Бұл жолда адам өзінің діттеген мақсатына, көздеген мұратына жетері анық. Мәселені аяқсыз қалдырмай, қоғамдағы өзекті мәселе етіп жиі көтеріп, талқыланып отыратын тақырыптар, таныстырылымдар мен ескертпелер жиі ұйымдастырылып отырады. Мұның сәлде болса өсіп келе жатқан келешек ұрпақтың түзу бағыт алуына сеп болады. Себебі ертеңгі елдің тізгіні жастардың қолында.
Олардың көзқарасы, өзіндік сауатты болуы міндетті. Енді жетіліп келе жатқан санасын уландырса ондай жандардан қандай үміт күтуге болады. Керісінше салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып, денсаулықтың қадірін білген абзалырақ деп есептеймін. Қазақта «Атаңнан қалған ас емес» деген құдіретті сөз бар. Бойында қазақ деп тулаған қаны, қайсар мінез бен айбарлық бар елдің ертеңі індетпен өскенін қаламасымыз анық қой. Ендеше ел болып ұлы күндерге жұмылған күшімізді осы бір есірткіні шеттетуге де жұмсасақ жақсы болар еді. Оның ұлт өмірінен, халық арасынан жойылуын бір кісідей қалайтынымды жасыра алмаймын. Болашағымның бұлыңғыр болғанын, тамырымның бүлінгенін қаламаймын. Өзімде елдің еңселі ертеңіне ұмтылған жан ретінде денімнің сау, ақылымның озық болуы, заманның талабына сай болуым керектігі шарт деп санаймын. «Жақсы елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей өр мінезді өжет халықтың ұрпағы екенімізді ұмытпай «Есірткісіз өмір ғажайып» ұранымен алға қадам басайық. Нұрлы келерімізді, шуақты күндерімізді баз қалпында сақтау өз қолымызда екенін ұмытпайық!
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы
С.Есқараев атындағы №27 орта мектебі
8 сынып оқушысы Нұрболатқызы Айжан