Мал баққан озады, страус баққан ше?
«Жаз – жарыс, күз – күрес» дейді. Күннiң аптабы да басылар. Күз келiп, салқын да түсер. Сосын қылышын сүйретiп, қаһарына мiнiп қыс та есiк қағады. Иә, қыс – қатал сыншы десек, одан қысылмай, қиналмай, шығынсыз шығуға осы бастан тыңғылықты дайындық жасау қажет. Үйде отын-суыңды қамдап, қолдағы тұяғыңның жем-шөбiн әзiрлегенiң абзал.
Қазiр ауыл тұрғындары осы жағдайды ойлап, қызу жұмысқа кiрiсiп кеткен. Пысық азаматтар өз шаруасын дөңгелетiп, iшкi есебi бойынша дайындық жұмыстарына аса мән беруде. Бізде «Мал баққан озады» деген тәмсіл бар ғой. Төрт түлігінің жайын түгендеген тұрғынның тынымсыз тірлігі тәнті етеді. Ал сіз түйеқұстың тіршілігін күйттеген жанды білесіз бе? Ол страустарына жайлылық іздеп, қыстың қамын ерте қамдап жүр.
Былтыр әлеуметтік желіде бір бейнеролик тараған еді. Кенттегі үйлердің бірінде екі түйеқұс еркін тербеліп жүрді. Сол тұрғынның мекен жайын іздестіріп, ерекше құбылыстың куәсі болғанбыз. 8 жылдан бері құс шаруашылығына бейімделіп, хобби еткен Шарһан Оспанов бұл түйеқұстарды Алматы қаласынан бір уысқа сиятын балапан күйінде алып келген. Негізі африкалық страустар. Кішкентайынан суыққа, құрғаққа, жерге үйретеді. Сол кездегі страустардың жасы 1-де болатын. Салмағы 50 келіні берді.
«Түйеқұс әлі 3 метрге дейін өседі. Одан соң жынысы анықталады. Санын көбейтіп, балапанын, жұмыртқасын сатпақпын. Алла жазса, бұл бір жақсы кәсіп болатын сыңайлы» деген еді сол кезде құсбегі.
Жақында араға бір жыл салып түйеқұстарға тағы бардық. Алдыңғысындай емес, бойлары тіпті үлкен. 2 жасқа толыпты. Әрі-бері еркін жүгіргісі келеді. Бірақ...
– Түйеқұстың жылдамдығы – 80 км/сағат. Егер біреуді тебетін болса, соққысы 3 тонна ауырлықты құрайды. Таң атқаннан кеш батқанға дейін осылай қозғалыста жүреді, жүгіреді. Өйткені бойында сондай жылдамдық энергиясы бар. Егер оны сыртқа шығармаса, аяқтан қалады екен. Бұлардың еркін қозғалуына қора тар болып тұр. Кең жерге көшіргім келеді, – дейді түйеқұстардың иесі.
Бізде қазір мал бағып, кәсіп етіп отырған жандар жетерлік. Шарһан ағадан «Мал баққан тиімді ме, страус баққан ба?» деген сауалды жолдадық.
– Сатып алып, етін жейтіндер бар. 5 жасқа келгенде салмағы 140 келіні береді. 1 жұмыртқасының нарықтағы бағасы – 20-30 мың теңгенің көлемінде. Балапаны елде 100 мың теңгеден сатылуда. Қазір жасы 2-де ғой. 3 жасқа келгенде кәсіп бастауға болады. Страустардың тамағы кәнігі құсқа беретін жем-шөп. Су берсең, тоқтаусыз ішеді. Ал сусыз кәнігі түйе секілді. Шөлге өте шыдамды. Бірнеше күнге дейін сусыз өмір сүре алады. Бір қызығы, түйеқұстар басқа құстарға қарағанда ауырмайды. Осы ірі құсқа өзім қатты қызықтым. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз несие алғым келеді. Солай инкубатор алып, ойымдағыдай кең кепе салып, құстарымды соған жайғастырсам деген ниетім бар, – деді Шарһан Оспанов.
Базардағы ет нарығына көз салсаңыз, қазақтың бәрі аузының суы құрып жейтін қазының бағасы 2500-3000 теңге арасында бұл күнде. Ол – ең қадірлі жері, қалған еті 2000 теңгеден түспейді. Ал түйеқұстың еті базарда 4500-5000 теңгеден саудаланатын көрінеді. Ересек түйеқұстың салмағы бір бұйрабастың салмағын беретінін ескерсек, әрине, қызығушылықты тудырмай қоймас. Оның үстіне, еттің құнарлылығы да өте жоғары. Алты айлығында семіздікті көтере алмаған үш балапанның өзі 70-80 келіден ет беруі мүмкін. Ал ірілері 150-160 келіге дейін береді. Сегіз жасар айғыр ары кетсе, 500 мың теңге шығарса, сегіз жасар түйеқұстың тірі жүргенін 800 мың теңгеге әрең табамыз.
Әрине, бұл кәсіптің де өз қиыншылығы бар. Ең әуелі баққанына екі жылдай болған құстың әлі бір түйір жұмыртқасын сатқан жоқ. Себебі аналығы бір жарым жастан асқан соң барып жұмыртқа туады екен. Ал аталығы кемінде одан 2-3 жас шамасында үлкен болуы керек. Бір түйеқұстың 70-80 жыл өмір сүретінін ескерсек, 2 жылды күту де көп уақыт емес сыңайлы. Оның үстіне, аналық құсы 50 жасқа дейін жұмыртқа туа береді. Қазақ бұл құсты түйеге бекер ұқсатпаған екен. Ойсылқара тұқымы екі жылда бір боталаса, түйеқұстардың толық жетілуіне де 2 жыл кетеді. Бірақ жылына сексенге жуық жұмыртқа тауады.
Сыр бойының жазы аптап ыстық болғанымен қысы қытымыр келеді. Соған қарамастан өңірге сырттан неше түрлі жеміс-жидек ағаштарын әкеліп егіп, жерсіндіріп жатқандар бар. Біз олардың табиғаты қатал аймақтағы мұндай талабына сүйсінгенмен өзімізде экзотикалық аң-құс өсіру мүмкін еместей көруші едік. Жосалы кентінің тұрғыны Шарһан Оспановтың жаңалығы бұл ойымыздың орынсыз екендігіне көзімізді жеткізді. Түйеқұс түгілі, түйені зорға көріп жүрген өңірдегі замандастарымыз үшін бұл, шынында, қызық қой. Ең бастысы, Қармақшыда түйеқұс бағуға болатынын дәлелдеді. Қалған жұмыстары уақыттың еншісінде.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)