» » Балаға ит тие ме?

Балаға ит тие ме?

«Ұмытпасам бұл оқиға 2009 жылдың қысының аяғында не көктем мезгілінің бас жағында болды» деп бастады ағам әңгімесін. Отбасылық өмірге ептеп болса да төселіп қалған кезі. Ұлы Ринаттың алты-жеті айлығы екен. Бірде баланың мазасы қаша бастайды. Дәрігерге көрсетсе «Қызуы көтеріліп тұр, бірер күнде қайтады» деп шығарып салады. Алайда арада бірер күні өткенде Ринаттың көзі кіртиіп, еңбегі түсіп кетеді.
«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген рас екен. Бала ауырғаннан бергі үшінші күні ауылдан жеңгеміз келе қалды. Ринатқа қарайды да «Мынаған ит тиген» деген диагноз қойып берді. Содан жеңгеміз, «Маған иттің бір уыс жүнін әкеліп бер. Мен сонымен ұшықтап жіберейін» дейді. Ағамның есіне бірден түскен адам көрші подъездегі сабалақ жүнді иті бар жалбыр шаш орыс болады. Салып ұрып жетіп барып, соның есігін қағыа, жаман орысшасымен итінің бір уыс жүнін қиып беруін өтінеді. «Не, дружище, не могу. Я с этим другом уже 15 лет живу, не могу» дейді әлгің. Қалада өзі солай ғой. Иттің жүнін іздеген бірінші күні осылайша сәтсіздікпен аяқталады.
Жұмыстан соң қоқыс төгетін жәшік жақты аңди бастайды. Өзінше келген иттерді жүнінен бір қармап қалу. Ауылда «кәһ-кәһ» десең кез келген көршіңнің иті құйрығын қылмыңдатып жетіп келеді ғой. Бұл жақта ондай жоқ. Келесі күн есіне, әжемнің жер үйде тұратын туыстары түсе кетеді. «Жазған құлда шаршау жоқ». Аман нағашымыздікіне келеді. Есіктің арғы жағындағы шынжырда тұрған қартаң ит қарлығыңқы дауысымен үре қарсы алады. «Аман нағашымның өзін көргендей қуандым әлгі итті көрген кезде» дейді ағам әзілдеп. Иттің бір уыс жүні керек екенін айтады. Солай кәрі иттерінің жүні бір кәдеге жарап, ағама уыстап алып береді. Ауылдан келген жеңгеміз, бір уыс жүнді тұтатып, жүннен қалған күйелерді бірдеңелерді күбірлеп балаға жаға бастайды. Сол күні бала ептеп болса да жақсы ұйықтайды. Бірер күннен соң күліп, ойнай бастайды.
Бұл оқиғаны жазуға түрткі болған әлеуметтік желідегі хабарлама еді. Әлдекім иттің сүйек басын іздеп жүр екен. Түсінбеген көпшілікке «баланы сол сүйектің суына жуындыруға керек» депті. Өзі балаға ит тию деген не?
«Ит тию» деген аурудың барын бала кезімізден естігеніміз болмаса, тиген баланы көрмеппіз. Баланың тілі итке өз еркімен «Кет» дейтін жасқа жеткенше ауыратын ауру екен. Барлық бала ауыра бермейді, әрине. Оған түрлі себеп бар. Иттен қаймығу, баланың кәкәсін ит жеп қойса да ауырып қалады деген сенім бар. Ауылдық жерде шешелеріміз «Ит тиген» баланы өлген иттің бас сүйегімен жуындырып, иттің өлексесінің орнына аунатып, ем-дом жасап жататын. Қасқырдың өтін іздестіріп жатқан үлкендерді де көргенбіз.
Ал кіндігі кесілген баланы ит тиіп ауырмасын, көз тимесін, иттей төзімді болсын деп ертеде итаяққа шомылдырған. Баланы ұшқыр тазының күмістелген итаяғына, қалжаға сойылған қойдың етінің көбікті сорпасына шомылдырып, жеті еркектің тақымынан өткізеді. «Иесін сыйласаң итіне сүйек сал» дегендей ертеде тазыны қадірлеп, киіз үйдің ішінде үй иесінің жанында бөстекте жатқан. Олардың ас ішетін ит аяғын ағаштан жасап, күміспен оюлап өрнектеген.
«Қарғы бауын» былғарыдан жасап, күміспен көмкерген. Осындай итаяққа шомылдыру өте ертеден келе жатқан дәстүр болатын. Алайда қазір баланы итаяққа шомылдыру өте сирек. Оның себебі де сол иттің ыдысы тазалыққа сай емес дегеннен шыққан.
– Менің інімнің де осы сияқты ауырғаны есімде. Мамам «ит тиген» деп бірден айтқан, ит тисе бала ит сияқты іитиіп қалады екен. Ит баланы иіскеп кетсе де солай ауырады екен. Содан анам баланы иттің жүнімен аластап, сүйегінің суына шомылдырған, – дейді Алтын есімді келіншек.
Ал иттің жүнімен аластау деген секілді дүние Аллаға серік қосу дейді желі қолданушысы.
– Бала ауырмасын. Бірде қалаға барғанымда біздің балаға көз тиді. Енді оның ит тигенмен айырмасын білмедім. Бірден ойнап жүрген бала жылады да қалды. Жылай береді жылай береді. Досымыздың үйінде отыр едік, мен дереу кетеміз дедім. Балаға сол үйдің егесінің көзі тигенін біліп отырмын. Қарауы жаман еді. Содан медреседегі ұстаздар мен шәкірттерді шақыртып алып, 6 жігіт алты жағынан отырып «Ясин» сүресін оқи бастады. Тоқтамай оқып жатыр. Бір жиырма минуттай оқыды. Сәлден кейін бала өз-өзіне келіп ойнап кетті. Міне, Құранның құдіреті, – деп Асқар есімді азамат өткенін еске алады.
Айнұр ӘЛИ
25 маусым 2022 ж. 9 287 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031