» » Ата заңымыз айбынды болсын

Ата заңымыз айбынды болсын


Конституция – Тәуелсіз мемлекетіміздің Ата заңы. Тәуелсіздігіміздің ­баян­ды болуы үшін Заңымыз айбынды, ертеңге деген сеніміміз мықты болу керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өз Үндеуінде елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін барлық отандасымыз осы жылдың 5 маусымында өтетін референдумға түгел қатысуы маңызды екенін баса айтты.
Біз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда Тұңғыш Конституция қабылдадық. Бұл Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 1995 жылы 30 тамызда референдум арқылы бүгінгі қолданыстағы Заңымызды қабылдаған едік. Одан бері барлық Заң Парламент пәрменімен қабылданып келді. Халық­тың талқылауына ұсынылмағандықтан елде болатын саяси бастамалардан халық шет қалып жатқандықтан кейбір наразылықтардың бір дәлелі кешегі Қаңтар оқиғасының етек алуы еді. Мемлекеттің басты байлығы халық десек, халық пен билік арасындағы байланыс берік, ынтымақта, бірлікте болу керек. Осы мақсатта Ел Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қойылған міндеттер мұқият, жедел, кәсіби әрі сауатты көзқарасты талап ететінін атап өтті. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мынадай үдерістерге бағытталады:
Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі кө­шу;
Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
Парламенттің рөлін күшейтіп, мәрте­бесін арттыру;
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.
Бірінші кезекте «Жер ата-бабадан келе жатқан мұра. Біз де өз кезегімізде жерді, жер қойнаулары мен табиғи ресурстарды ұқыптап пайдаланып, келер ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Сол себепті «Жердің және табиғи ресурстардың иесі – халық» деген норманы Конституцияда біржола бекіту ұсынылды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз бар халық даналығында. Президент Жолдауында суперпрезиденттік моделден, Президенттік-парламенттік моделге ауы­самыз деген болатын. Билік пен күштің бәрі бір адамның қолына шоғырланса, мемлекеттік механизмнің жұмысына кері әсер ететінін ескертіп, Жаңа Қазақстанда әділеттілік қағидасы салтанат құратынын баса айтты.
Екіншіден Президенттің ешқандай партияда болмауы, оның жақын туыстарының жоғарғы лауазымды саяси қызметтерге алынбауы сынды нормалар енгізілді.
Сондай-ақ Конституциялық кеңес – ол саяси жүйе. Бұған жалпы қарапайым азаматтар құқығын қорғау үшін жүгіне алмайды. Конституциялық кеңеске Сенат пен Мәжілістің төрағалары, депутаттар, Үкімет басшылары жүгінсе, Конституциялық Сотқа құқығы бұзылған адамдардың барлығы жүгіне алады. Сондықтан Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық Сот пайда болды. Енді билік мінберіндегі басшыдан бастап қарапайым шаруаға дейін Конституциялық Сотқа жүгінуге құқылы. Азаматтық құқығы бұзылып, күрмеуі көп мәселені шешуде Конституциялық Сотқа шағымданып, талап-тілектерін білдіре алады. Сондай-ақ сайлаушылар талаптарын күшейту мәселесі айтылды. Сайлаушылар өткелден өткенше ғана емес, кейінгі уақытта да өзіне артылған жауапкершілікті, сенім артқан жұртшылықтың талап тілегін ескеру баса айтылып, талап қойылды. Халықтың құқықтық сауат деңгейін арттыру қажеттілігі басты мәселе. Сол үшін Заң ертеңгі елдің сенімін ақтайтындай болуы қажет.
Сонымен бірге Конституциялық реформаның нәтижесінде биліктің Заң шығарушы тармағы айтарлықтай өзгерді. Ұсынылған жаңашылдықтарға сәйкес Парламенттің рөлі күшейеді. Бұрын Президент Конституциялық Кеңестің төрағасын, Жоғарғы Сот кеңесінің төрағасын тағайындайтын. Енді Конституцияға өзгеріс енгізілгеннен кейін Президент өздігінен тағайындай алмайды. Міндетті түрде Сенаттың келісімін алуы керек. Бұған дейін Қазақстан Халық Ассамблеясынан 9 депутат тағайындалатын. Енді ол 5 депутатқа қысқарып, оның Мәжілістегі квотасы Сенатқа берілді. Мәжіліс депутаттарының саны 107-ден 98-ге азаяды.
Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен сайланады. Депутаттар мен сайлаушылардың арасында өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген саяси мәдениет қалыптасады. Мәжілістің құзіреті кеңейіп, республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламент бақылауды күшейтеді.
Сенаттағы Президент квотасының саны 15-тен 10 депутатқа азаяды. Оның бесеуін Қазақстан халық Ассамблеясы ұсынады.
Конституциялық Сот – 11 судьядан тұрады. 6 судьяны парламент, 4 судьяны Президент тағайындайды. Конституциялық Соттың төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды. Тағы басты мәселе Мемлекеттік хатшы институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып өзгереді. Ол мемлекет басшысына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеумен айналысады.
Ақиқат пен әділдік орнаған жағдайда ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз. Ол үшін қоғамды жегі құрттай жеген сыбайлас жемқорлық түп тамырымен жойылуы тиіс. Заң үстем әрі күшті болса, бұны ауыздықтауға болады.
«Өлім жазасын жою» туралы шешім конституциялық деңгейде түпкілікті бекітіледі.
Конституциялық реформа қоғам мүддесі үшін жүргізіледі. Президент осы реформаларды тек парламент арқылы емес Жалпыұлттық референдум арқылы енгізуді ұсынып отыр. Бұл ұсыныс – Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірге қадам басуының айғағы. Әр адам өз болашағын айқындайды. Заман талабына сай саяси жүйе түлеп, әділетті қоғам салтанат құруын тілейміз. Ең бастысы ел мүддесі ескерілу керек. Сондықтан барлығымыз референдумға түгел қатысуымыз керек. Болашағымызға бірге қадам жасайық. Бұл біздің елдің ертеңі үшін алаңдайтын азаматтық борышымыз болмақ. Ата заңымыз айбынды, қуатты болғай.

Зарипа ТАСЫМОВА,
№29 мектеп директоры,
аудандық мәслихат депутаты,
«AMANAT» партиясының
фракция мүшесі
24 мамыр 2022 ж. 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031