Шарты жеңіл, бағасы арзан
АУЫЛДАҒЫ БІР АҒАМЫЗ «БІЗ МАШИНА МІНЕМІЗ ДЕГЕНШЕ ЖҰРТ ҰШАҚ САТЫП АЛАДЫ» ДЕЙТІНІ БАР ЕДІ. ӘЗІЛДЕЙМІЗ-АУ, БҰЛ ЕЛДЕГІ КӨП АДАМНЫҢ ІШТЕЙ АЙТАР СӨЗІ ҒОЙ. БІРІ ҚЫМБАТ КӨЛІК МІНСЕ, ЕНДІ БІРІНІҢ ОҒАН ШАМАСЫ ЖОҚ. КӨНЕ КӨЛІКТІ ТІЗГІНДЕП, ОНЫ САТЫП, АҚШАСЫНА БАСҚА КӨЛІК АЛЫП, ТАҒЫ АУЫСТЫРЫП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ БАРШЫЛЫҚ. АЛ БІР АЙЛЫҚҚА ҚАРАП ОТЫРҒАН НЕ ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН ЖАН НЕСИЕГЕ КӨЛІК АЛУДЫ АРМАНДАҒАНЫМЕН ҚАЛТАСЫНЫҢ ЖҰҚАЛЫҒЫН ТАҒЫ БІР МӘРТЕ ЕСІНЕ САЛАТЫН.
Жақында жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жайында жаңалық көбейді. Бір апта бұрын басталған 4 пайыздық бағдарлама бойынша отандастарымыз көлік ала бастады. Кешегі күнгі дерек бойынша, бағдарлама арқылы 34 қазақстандық көлік сатып алды. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева айтты.
– Бұл бағдарламаның негізгі операторы – «Өнеркәсіпті дамыту қоры». Бұған дейін оператор Қазақстан даму банкі болған еді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында револьверлік тетік арқылы 100 млрд теңге бөлінді. Яғни, егер азаматтарымыз бірінші кезекте сатылымға шығарылған автомобильді алып үлгермесе, онда олар жеке тұлғалардан қаражат түскеннен кейін қайтадан бірден жүгіне алады. 2-3 ай өткен соң жеңілдікпен автонесие алуға мүмкіндік болады, – деді ол.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында 10 мыңнан астам азамат көлік алады. «Бағдарлама басталған сәттен бері 14 507 өтінім қабылданды. Оның ішінде 4 834 жеке тұлғаға 35,7 млрд теңге мақұлданды. 34 көлік сатып алынды: Нұр-Сұлтан – 11, Алматы – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 1, Батыс Қазақстан облысы – 1, Жамбыл облысы – 4, Павлодар облысы – 4, Шымкент – 6 автомобиль» деді Жанар Ибрашева.
Нұр-Сұлтандық Бекзат Тілегеннің таңдауы құны 6,5 млн теңге тұратын Chevrolet Cobalt-ке түскен. Ол автокөлікті алу, ресімдеу жұмыстарының өзі ойлағаннан да жылдам жүргеніне қуанғанын, таңғалғанын жеткізді.
– Бағдарлама іске қосылған күні, яғни 16 мамырда түскі үзіліс кезінде автосалонға келіп өтінім бердім. Жұмыс күні аяқталар шақта менеджер хабарласты. VIN-код пен төлемге арналған шотты алып кетуімді сұрады. Одан кейін банкке барып несиеге өтінім бердім. Өнеркәсіпті дамыту қорынан үш күннің ішінде несиенің мақұлданғаны туралы жауап келді. Осылайша, банк менеджері өтінімнің мақұлданғанын айтып сүйінші сұрады. Сөйтіп, көлікті ресімдеу жұмыстары басталды, – дейді көлік иесі тілшілерге берген сұқбатында.
Сонымен қатар ол құжаттарды ресімдеу жұмыстарына шамамен 15 мың теңге төлегенін, КАСКО сақтандыруының алғашқы айына төлем жасағанын айтты. Сақтандырудың жалпы сомасы көлік құнының 1,2 пайызына тең.
«Банк Центр Кредиттің» елордадағы филиалы директорының міндетін атқарушы Гүлжихан Хамитованың айтуынша, банк республика бойынша 4 мыңға жуық өтінім қабылдаған.
– Елордада, Алматы мен Шымкентте сұраныстың көптігі байқалды. Скоринг жүйесі бойынша теріс жауап алып жатқандар да бар. Несие беру кезінде өтінім иесінің тұрақты жұмысы, тиісінше алты айлық мерзімде міндетті зейнетақы аударымының болуына, несие тарихының дұрыстығына, төлем қабілеттілігіне назар аударылады. Бұл ретте ипотекасы бар адамдар да автонесие ресімдей алады. Ең бастысы, үміткердің жалақысы жақсы және зейнетақы аударымдары дұрыс болуы шарт, – дейді ол.
Сонымен қатар ол КАСКО сақтандыру бір жылға ресімделетінін, содан кейін оны қарыздың қалдығына ресімдеу керегін, тиісінше төлемнің азаятынын түсіндірді. Яки көпшілік айтып жүргендей, сақтандыру төлемін жеті жыл үшін бірден төлеудің қажеті жоқ.
Айта кетейік, 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 100 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарлама 30 жылға шақталған. Бағдарлама аясында берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз. Банктерден 10 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несиенің бастапқы жарнасы 0 пайыздан басталады. Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы керек.
Бағдарлама бойынша Kia, Hyundai, Chevrolet, JАС, LADA брендтердің өнімін сатып алуға мүмкіндік бар. Автонесие алу үшін «Еуразиялық Банк», «Банк Центр Кредит», «Қазақстан Халық банкі», Forte Bank секілді екінші деңгейлі банктерге жүгінуге болады.
Бағдарламаға қалай қатысамыз? Алдымен дилерлік автоорталыққа барып, отандық өндірістен шыққан автомобильді таңдау керек. Автоорталық өкілдері үміткерге VIN-код пен төлемге арналған шот береді. Үміткер оны банкке апарып тапсыруы шарт. Банк өтінімді қабылдайды. Несие мақұлданған соң банк кепілхат береді. Оны дилерлік автоорталыққа тапсырады.
Ескерерлігі, өтінім бергеннен кейін тұтынушы таңдалған автомобильдің маркасы мен моделін өзгерте алмайды. Әрі кезекте тұрған орынды басқа адамдарға қайта тіркеуге болмайды. Бағдарламаға бір үміткер екі жылда бір рет қана қатыса алады екен.
Айнұр ӘЛИ