Ерді сыйлау – елдікке ұмтылу
ЕР АЗАМАТ – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ. ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУҒАН ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ БОЛМАСЫН, НЕГІЗГІ САЛМАҚ ӘРДАЙЫМ ЕРЛЕРДІҢ МОЙНЫНА АРТЫЛҒАН. АДАМ БАЛАСЫ ЖАРАТЫЛҒАЛЫ ЕР АДАМ – ОРАСАН КҮШТІҢ, БАТЫЛ ЕРЛІКТІҢ, ӨР НАМЫСТЫҢ, БИІК РУХТЫҢ, ЖІГЕР-ҚАЙРАТТЫҢ ИЕСІ. АЛҒАШ АҢ АУЛАП, ТЕРІМШІЛІКПЕН ӨМІР СҮРЕ БАСТАҒАН ДӘУІРДЕН БАСТАП ҚОЛЫНА ҚАРУ АЛЫП, ҚАУІП-ҚАТЕРГЕ ҚАРСЫ ТҰРҒАН ЕРЛЕРІМІЗДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ МАҢЫЗДЫ РӨЛІ ЕШ БӘСЕҢСІГЕН ЕМЕС. ҚАЙТА ЕЛ БОЛЫП ҰЙЫСЫП, МЕМЛЕКЕТ БОЛЫП ТҰТАСҚАН СӘТТЕРДЕ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖҮКТІ ДЕ ҚАЙЫСПАЙ КӨТЕРУГЕ БЕЛ ШЕШЕ КІРІСІП, МАҢЫЗДЫ ІСТЕРДІҢ ЕРЛЕРСІЗ БІТПЕЙТІНІН ДӘЛЕЛДЕП КЕЛЕДІ.
Тарих қойнауына көз жіберіп қарасақ, маңызды шаруалардың басы-қасында үнемі ер азаматтар жүреді. Билік айтып, кесімді шешім шығаруда, ел қорғауда, мал басын көбейтіп, отбасының ырыздық-несібесін арттыруда алпауыт күш иелерінің рөлі айрықша. Асыл дінімізде де баласына әріп үйретіп, ілім-білімді игертудің де ер азаматқа міндеттелгендігі айтылады. Әттеген-айы осы бір тәрбие саласына келгенде қазіргі ерлеріміз отбасының алдындағы міндетін табыс табумен ғана шектеп қоятын жағдайлар жиі кездеседі.
Қазіргі таңда балабақшаға бармайтын бала кемде-кем. Ол жақтағы тәрбиешілер – нәзік жандылар. Балабақшадан кейін мектеп табалдырығын аттайды. Онда да сабақ беретін ұстаздардың көбі – әйел кісілер. Үйінде анасының жанынан шықпай, мектепке барса тағы да әйел адамның тәрбиесінде өскен жас буын майысқақ, нәзік, бос-болбыр болмағанда қайтсін? Бар көргені, үлгі тұтқаны әйел адам болғандықтан, өсіп келе жатқан шыбық та соған ұқсайды. Сондықтан отбасындағы, қоғамдағы ер адамның рөлін нығайту үшін мәселені тәрбиеден бастау керек. Ер балаға лайық, ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, тәрбие беру – келешектің қамы.
Кезінде ақын-жырауларымыздың отты, рухты жырлары да ең алдымен, ер азаматтарға арналатын. Мәселен, лириканың бастауында тұрған өршіл ақын Махамбеттің:
Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жаурын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? – деген жолдары көз алдымызға бес қаруын асынған, өр тұлғалы нағыз жауынгерді елестетпей ме? Ақын сезімі ерлікті жырлайды.
Ал қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, бас ақын Абай «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» деуі арқылы қай істің болмасын, басы-қасында ер жігіттің болуы керек екенін, ер азаматқа тән қасиеттер мен мінез-құлықтарды саралай жырға қосқан еді.
Тұрмағамбет жыраудың толғауларына зер салсақ, онда да жігіттерге арналған жыр жолдары ұшырасады. «Толымды жігіт», «Жігіттің жарастығы» толғауларында жырау ер жігіттің бойынан табылуы қажет ерекше қасиеттерді атап көрсетеді:
«Жігіттің жарастығы жан барында,
Дос сыйлау, дастарқанда нан барында.
Тұтынып үлкенді – аға, кішіні – іні,
Отыру қатарының қамдарында.
Есітіп үгіт-уағыз ұлықтардан,
Мекендеу медресенің маңдарында.
Өмірін бұл тәртіппен бітіргендер
Қайғының қала қоймас шаңдарында.
Ойына осыларды түсірер ер
Бақ, дәулет, ықпал, ырыс аңдарында».
Жырау ер жігіттің үлкенді сыйлап, досқа адал бола отырып, үлкендердің тағылымды сөздерін сіңіріп, білім нәрін бойға құйып өсуі қажеттігін басты назарға қояды. Менің мақаламның өзегі де осы ойға келіп саяды.
Қарап отырсақ, әдебиетіміздің алыптары өздерінің салмақты жырларын ер азаматтарға арнады. Ал қазір ше? Қазіргі таңда ер жігіттерге арналған жалынды жырларды табу қиын. Өлеңнің бәрі қыз баласына ғана арналып кеткендей. Мен бұл арқылы не айтқым келеді. Ер азаматтың орны әрдайым биік, алдыңғы қатарда. Сондықтан олардың бойындағы қасиеттерді, оларға тән болмыс-бітімді жырлауда еш толастамау керек. Қоғамның басты назарында ер адам тұруы тиіс. Гендерлік саясат деп мақтау-мадақтауды да әйел баласына ғана арнап, ерлерімізді елеп-ескеру, оларды нағыз азаматқа лайық тұғырға көтеру кейін қалып бара жатқандай көрінеді кейде.
Біз белгілі адамдар жайлы мәліметтерді көбіне көркем әдебиет арқылы білеміз, оларды жан-жақты тани түсеміз. Абайды танытуда «Абай жолы» роман-эпопеясының, Қабанбайды жете білуде «Дарабоз» дилогиясының, тағы басқа ерекше рөл атқарғандығы белгілі. Ақындығына сөз жетпес Мағжан Жұмабаев та бір естелігінде өзін әкесі Бекеннің молдаға жетектеп апарғанын жазғанын оқыған едім. Сол секілді белгілі адамдардың естеліктерінде алғаш хат таныған кезде әке ықпалының мол болғандығы жазылады. Яғни, отбасының тірегі сезінген әке баланың білім алып жетілуіне өзін жауапты санап, өмірлік маңызы бар мәселені шешуді өздері шешіп отырған. Соның нәтижесінде әке тәрбиесін көрген, тәлімін алған ұрпақ елге белгілі, айтулы жандар қатарынан көрініп, халқы үшін еңбек етіп, есімдері ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қала білді.
Халқымыздың даналық ойын жинақтап, ықшам етіп білдіретін мақал-мәтелдерімізде де алғашқы жолдар әке, ер азаматқа арналады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген мақал-мәтелдер сөзімізді айғақтай түседі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады, әрине.
Сөзімді қорыта келе айтарым, халқымыздың даналық дәстүріне, дінімізге сай ер азаматты қадірлеу, оларға жүктелген жауапкершілікті сезіндіре білу, сол арқылы қоғамдағы беделін арттыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ерлерімізді сыйлау ерлікті дәріптеу, елдікке ұмтылу болып табылады. Елдің үмітін ақтайтын да сол ерлер. Сол үшін әрбір ана отбасындағы әке рөлін айқындап, балаларының сол әкеге қарап бой түзеуіне жағдай жасай білуі қажет.
Лаура БАҚТЫБАЙ