» » Сәуірдің соңғы сарбауыр бұлты

Сәуірдің соңғы сарбауыр бұлты


СЕНБІ КҮНІ КӨККЕ БҰЛТ ҮЙІРІЛІП, ЖАҢБЫР ТҮС АУА ТАМШЫЛАЙ БАСТАДЫ. ЖАРҚЫЛ-ЖҰРҚЫЛМЕН ҚАТАР ТАРСЫЛДАЙ ЖАУҒАН ЖАУЫН КӨПШІЛІКТІ БІР ҚУАНТТЫ. ТҮНІМЕН НАЙЗАҒАЙ ЖАРҚЫЛДАП, КҮН КҮРКІРЕП ШЫҚТЫ. ЖЕКСЕНБІДЕ ТҮСТЕН КЕЙІН АСПАНДЫ ҚАРА БҰЛТ ТОРЛАП, ЖАҢБЫР ҚҰЙДЫ. КЕШКЕ ДЕЙІН САЛҚЫН ЖЕЛ ЕСІП, ТАБИҒАТ ТАЗАРҒАНДАЙ КҮЙ КЕШТІК. «СӘУІР БОЛМАЙ, ТӘУІР БОЛМАС» ДЕДІК. СӘУІР БОЛДЫ. АЙ БАСЫНДА КҮН ЫСЫҒАНЫ БОЛМАСА, ОСЫ ЖАҚЫН КҮНДЕРІ ҒАНА ҒОЙ ЖАҢБЫРЛАТЫП, САРБАУЫР БҰЛТТАР КӨКТІ ЖАПҚАНЫ.
Жылдың жазғытұрым кезіне сай келетін төртінші айының арабша аты – сәуір, қазақша атауы – көкек. Көкек атауы көктемнің бір белгісі – көкек құсының алғаш шақыра бастайтын мезгілімен байланысты пайда болса керек.
Күн мен айдың қозғалысына тікелей қатысы жоқ, негізінен, ауа райы мен шаруашылық маусымдарына байланысты қалыптасқан күнтізбе жүйесі «азаматтық айлар» жүйесімен құрылады. Қардың еруі мен жердің көктеуі, өсімдіктердің толуы мен солуы, күн салқындап, күздің басталуы, қар жауып, аяз бен боран кезектесіп, қыстың түсуі аталмыш күнтізбе жүйесін түзуге себеп болады. Сондықтан, азаматтық айлар халықтың өмір тәжірибесіне жақын келеді. Бұрынғы қазақ күнтізбесінде айлардың былай аталғаны белгілі: наурыз, көкек, мамыр, отамалы (маусым), шілде, сірше (тамыз), қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан. Жыл 12 азаматтық айларға бөлініп, әр айда 30 күн болған. Жыл аяғында олардан тыс 5 күн қосылып отырған. Ол күндер «бес қонақ» деп аталған. Үш айда 90 күн болғандықтан, «тоқсан» деп аталған. Қазақ күнтізбесіндегі төртінші ай – Ота­малы. Ертедегі қазақ шаруашылығына өте жақын, соған байланысты осылай аталса керек. Бұл айда шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. Профессор Е.Жанпейісовтің еңбегінде «Ота­малы» сөзіне арнайы талдау жасалған. «Абай жолында» берілген түсініктемені сол қалпында көрсете отырып, ғалым М.Әуезовтің түсіндіруі мен В.Радловтың пайымдауын салыстырады. Халықтың сол кездегі шаруашылық науқаны мен күн райының өзара үйлесуінен барып туындаған «Отамалы» атауын терең танытуда М.Әуезовтің түсіндіруі жақын келеді. Мәселен, «Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың соңғы зәрі сонда. «Отамалы» деп аталу себебі: бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау. Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі «қойды жайылысқа шығармайық, боран болады» десе, бай Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні бір қатты боран басталып, үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп, қырылыпты да, «қойдан қалмаймын» деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығын «отамалы» атағаны содан» дейді.
Жергілікті аймақ тілінде сәуір таң қараңғысы дегенді білдіреді. Соған сәйкес сәуір салу – «түнделетіп жүру» дегенді аңғартады. Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде мынадай қолданыстар кездеседі: Мен бүгін сәуірден тұрдым. Ол кезде жолаушылар сәуірмен жүреді.
Жалпы, көктем – жаңбырлы, ылғалды кезең. Жаңбыр жаумас бұрын бұлт үйіріліп, қоюланады да, артынша сай-саланы ша­йып өтер жаңбыр жауады. Сәуірдің сарбауыр бұлты күн жылынған шақта аспанда көп тұрып қалмайды, өткінші жаңбыр болады. Ел-жұрт оны «рақман жаңбыры, Алланың нұры» деп қабылдайды. Табиғаттың төл перзенті болып саналатын халық тілінде бұлттың түр-түрі туралы ұғымдарды білдіретін атаулар мол кездеседі: Будақ бұлт – шумақ-шумақ бұлт; Желең бұлт – түтілген шудадай жеңіл бұлт; Зілмәуір бұлт – аспан күмбезін түгел жапқан ауыр бұлт; Қазбауыр бұлт – ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болған бұлт; Кілегей бұлт – жұқа, сирек бұлт; Маса бұлты – желсіз, тымырсық түнгі бұлт; Өркеш бұлт – түйе өркештенген ала бұлттар тізбегі; Сетінеуік бұлт – іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлт деген секілді тізбекке сыймайды. Халық танымында табиғат амалдарының түр-түрі кездесіп отырады. Сәуір айын ескіше үш тоғыс деп атайды. «Бес тоғыста қар кетпес, үш тоғысқа қар жетпес» дейді байырғы есепшілер. Сәуір желі – сәуірдегі амалдың бірі, жаңбыр әкелетін жел. Қызыр қамшысы – сәуір айының орта кезінен аса бере алғаш найзағай ойнайды, жаңбыр жауады, жер бусанады, оңтүстікте жазғытұрымғы жайлы күндер басталады. Осы сәттегі найзағайдың жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептейді. Тобылғы жарған – сәуірдің соңғы күндерінде 2-3 күнге созылатын суық жел соғады. Бұл – «тобылғы бүршік жарған», яғни «өсімдіктер тамыр жайды, алғашқы көк шыға бастады» деген сөзге саяды екен.
Айнұр ӘЛИ
26 сәуір 2022 ж. 722 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 341

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 424

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930