Олимпиададан олжалы оралды
ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ. АЛДЫМЕН ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢНІҢ НӘТИЖЕСІНЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК. ОЗАТТАР АРАСЫНАН ОҚ БОЙЫ ОЗА ШАУЫП, ОБЛЫСТЫҚ ДОДАДА ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛҒАНДАР МАРАПАТ ТӨРІНЕН КӨРІНДІ. БҰЛ МАРАПАТ ИЕЛЕРІНІҢ ҚАТАРЫНДА БІЗДІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ДЕ БАР.
Республикалық олимпиадаға 7 қармақшылық оқушы жолдама алып, командалық есеппен өңір оқушылары ІІІ орынды иеленді. Ал ауданға қарасты Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп «Ең үздік қала мектебі – 2022» номинациясын жеңіп алды.
Олимпиадада әр қатысушы жалпы білім беретін пәндер бойынша «Oqylyq» платформасына қосылып, веб-камерасы бар жеке компьютермен қамтылып, әрқайсысына жеке логин, құпия сөз және жауап парақтары берілген. Логин мен құпия сөзді республика бойынша белгіленген бірыңғай уақытта онлайн платформада тапсырмалар алу үшін қолданса, қатысушыға арналған тапсырмалар жеке таңбаланып, әр оқушының орындаған тапсырмалары «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының интернет-ресурсында жарияланып отырған. Сондай-ақ олимпиада онлайн режимде өтті. Тікелей эфир арқылы қатысушылардың ата-аналары мен мектеп ұжымы білім бәйгесінің өту барысын көріп отырды. Ал олимпиаданың әділ өтуі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары, ата-аналар комитетінің өкілдерінің бақылауында болды.
– Пәндік олимпиаданың дарынды жеткіншектерді тәрбиелеуге, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, теориялық білімі мен тәжірибелік шеберлігін тереңдетуге ықпалы зор. Бұл білім бәсекесі – олардың келешегіне жол ашатын үлкен мүмкіндік. Облыстық, республикалық кезеңдегі тапсырмалардың деңгейі күрделі болып келеді. Олимпиада – бұл білімнің биік шыңы. Әр мектептің білімді, дарынды балалары қатысып отырғандықтан бұл сын осал болмауы тиіс. Білім мен білік сынға түскен сәтте аудан оқушылары да намысты қолдан бермеді. Облыстық кезеңнің нәтижесінде командалық есеппен ІІІ орынды иелендік. Негізінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде аудан бойынша 42 оқушы бақ сынады. Оның 20-сы жүлделі орынмен, 5 оқушы алғыс хатпен марапатталды. Ал №277 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Альбина Ерболатова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне өз мамандығы бойынша тегін білім алу грантын жеңіп алды. Бұл жалғыз мектеп оқушыларының ғана емес, ұлағатты ұстаздардың жемісті жеңісі. Жастардың білімге ұмтылуы, оқуға деген ізденісі мен талпынысы жоғары деңгейде екені байқалады, – дейді аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері Мөлдір Нұрмұратқызы.
Еске сала кетсек, жалпы пәндік олимпиада мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық болып төрт кезеңнен тұрады. 3 кезеңнен оза шапқан жеті жеткіншек республикалық олимпиадада облыстың намысын қорғады. 18-23 сәуір арасында өткізілген республикалық кезеңнің нәтижесі де көңіл қуантарлық. Ел көлеміндегі додада бақ сынаған 7 оқушының үшеуі жүлделі орындар иеленді. Атап айтсақ, өзін-өзі тану пәні бойынша №26 мектептің оқушысы Маржан Бауыржанқызы мен орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша №250 мектеп-лицейінің оқушысы Дильназ Темірбекова қола жүлдегер атанса, өзін-өзі тану пәні бойынша №279 мектептің оқушысы Назерке Құлымжан күміс жүлдені қанжығасына байлап, аудан ғана емес, облыс мерейін асқақтатты.
Егемен еліміздің ертеңі – бүгінгі жас жеткіншектер. Ұрпағымыз білімді, келешегіміз кемел болсын десек білімге аса ден қоюымыз керек. Кіл мықтылар бақ сынаған бәйгеде жеңіс тұғырынан көрінген қармақшылықтар мұны кезекті рет дәлелдеп отыр. Көп ішінен суырылып шыққан жас өрендерді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдіреміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА