» » Рухани тәрбие берекеге бастайды

Рухани тәрбие берекеге бастайды

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылудан бөлек, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ақын Абай Құнанбайұлы «Балаға мінез үш түрлі адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген. Баланың бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ұстаз, ауыл-аймағының ықпалы зор.
«Отан – отбасынан басталады» демекші, Отанды сүю, өз туған жерін аялау отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінде шешуші фактор – отбасы.
Бүгін біз бала тәрбиесіне ерекше мән беретін, тәртіп пен ізеттілікті, имандылық пен адалдықты ұстанатын қармақшылық Алпысбаев Жасұланның жанұясы туралы әңгімелейтін боламыз.
Қармақшы ауылына барған іс-сапарымызда Жасұланның шаңырағына ат басын тіредік. Отағасы жұмыста болғандықтан, әңгіме тиегін жары Дамирамен тарқаттық. Айтуынша, Жасұлан осы өңірдің тумасы. Әкесі Жаңажол ауылының азаматы. Ата-анасы шопан болғандықтан Жасұлан Қармақшы ауылында нағашы ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Мектепті бітірген соң, машинист-элетровоз мамандығын меңгереді. Ал жары Дамира Ахилбаева Тараз қаласының тумасы. Негізгі мамандығы – бухгалтер. Сондай-ақ Нұр-Мүбәракта екі жылдай діни білімін арттырған. Тәуелсіздік құрдастары Алматы қаласында танысқан. Тараздық арудың киелі елге келін болғанына да жеті жыл толыпты. Қазіргі уақытта Жасұлан мектепте от жағушы болса, жары Дамира бала күтімімен үйде.
Отбасын құрған алғашқы жылда­ры­ Алматы қаласында тұрған.
– Жалға алынған пәтердің ақысы, оқудың ақысы бізге оңайға тимеді. Осы уақытта тұңғышымыз өмірге келді. Бір бөлмелі пәтер жас отбасы үшін тар болды. Қазақ болған соң келімді-кетімді қонағымыз да бар. Сондықтан жолдасым екеуміз ауылға көшеміз деп шештік. Алдымызда ауылға барғанда не істейміз деген сауал тұрды. Өзгелер ауылдан қалаға қарай көшсе, біз қаладан ауылға үлкен мақсатпен, үлкен арманмен келдік, – дейді Дамира Ерғалиқызы.

ҚАЛАДАН – АУЫЛҒА
Қазіргі қоғамда қаладан ауылға көшу көп кездесе бермейді. Керісінше жастар қалада мүмкіндік көп деп, сонда тұрақтануға ұмтылады. Ал ауылға арнайы келген Алпысбаевтардың арманы алдамапты. Мақсаты айқын жанұя жыл сайын тірлігі жүйелі, ісі өнегелі жұпқа айналып келеді.
– Осылайша арман қуып ауылға келдік. Біріншіден тұрақты жұмысқа орналассақ, қолжетімді баспанаға ие болсақ, кәсібімізді өркендетсек деген бірнеше ой болды. Мақсатымыздың алғышарты ретінде ауылға құр қол келмей, аппараттар алып келдік. Балалар сүйіп жейтін тәтті мақта, попкорн жасайтын, ауылда әрбір үйге керекті мұржа тазалайтын аппараттар әкеліп, өз-өзімізге қызмет жасауды бастап кеттік, – дейді ол.
Жаңа жерге келген жас отбасының ауылдағы алғашқы жылдары оңайға соқпапты. Бар нәрсені қанағат ете білген олар бұл қиындықты да еңсерген. Кәсіп ете жүріп, мал жинауды қолға ал­ған. Кейіннен аппараттарды сатып, попкорн жасайтын аппаратты – қойға, тәтті мақта жасайтын аппаратты – ешкіге айырбастап, қорасын толтырған. Ауылдық жердің берекесі – төрт түлік мал ғой.
– Ата-енеміз осы үйді алуға жәрдемдесті. Біз өсірген қойларымызды сатып, үйді күрделі жөндеуден өткіздік. Барлығын жолдасым екеуміз біріге отырып, өзіміз жасап шықтық. Бұл жерде отағасының сабырлығын, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіне алатынын ерекше айтқым келеді. Ол байсалды, алдына қойған мақсатына жете білетін, ата-әжесінің тәрбиесін көрген жан. Мұнан кейін де қой басын көбейту үшін жан-жақты іздене бастадық. Сонда Тараз қаласынан бір кәсіпкердің қарапайым жанұяларға бағуға қой беріп жатқанын естідік. Біздің мақсат – төлін алып қалып, өсіру болатын. Алайда біз тым алыс­та болғандықтан олар қойды бермейтін болды. Осы кезде тәтеміз 10 қойға жетерлік қаржы берді. Сол кезде алған он қойымыз қазір 36 басқа айналды. Аллаға шүкір етеміз. Әпкеміздің қаржысын да қайтардық, – дейді жары Дамира.
Жас отбасы алдағы уақытта өндірістік бағыт бойынша грантқа қатысуға ниетті. «Алға қойған мақсатымыз көп. Біз күрішке баймыз. Өзіміз өндіреміз. Алайда оны тек шикізат ретінде ғана өткіземіз. Ал біз бұйырса күріштен дайын өнім өндіруді қолға алмақпыз. Бизнес-жоспарымыз да дайын» дейді нық сеніммен. Бірлігі жарасқан жанұяның бастаған ісінің алға басуы – ерлі-зайыптылардың бір-бірін сөзсіз ұғынып, екеуінің де бір бағытқа қарауынан болса керек.Себебі аузынан шыққан әрбір сөздері мағыналы, тірлігі мәнді.

БІЛІМ КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

– Ал кітап оқу, балаларымызды кітапханаға апаруға келсек, жолдасым екеуміз де рухани білімді жетілдіргенді құп көреміз. Тек отбасы құрған алғашқы жылдарымызда тұрмысымызға байланысты кітап оқуымыз кенжелеп қалды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін соңғы екі жылда кітапханаға баруды жиілеттік. Жолдасым «Абай жолын», ел билеген даналар мен ел қорғаған батырлар жайлы, кәсіпкерлік жайлы кітаптарды оқыса, мен көбінесе әйел адамдардың өмірге деген құштарлығы, психологиялық бағыттағы кітаптарды оқимын. Жақында ғана Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты кітабын оқып бітірдім. Ал бұл кітап туралы теледидардағы бағдарламадан көріп қалдым. Кітапханаға арнайы іздеп барғанымда бұл кітап жоқ екен. Бір аптадан соң кітапханашы Гүлнар апай хабарласып, «Жаңадан кітаптар келді. Қарап көріңдер. Айтпақшы сен іздеген «Тауқымет» кітабы жаңа басылыммен шығыпты. Ол да бар» деп қуантты. Бұл кітапты бар ынта-жігеріммен, ерекше қызығушылықпен 2 рет оқып шықтым. Автордың басынан өткен тауқыметтің біршамасы менің де басымнан өткен. 7 жасымда белімнен зақым алып, біршама уақыт төсекке таңылдым. Кейіннен жүріп кеттім. Осыған ұқсас сынақтардан өткен автор мені өзінің батырлығымен, батылдығымен баурап алды. Өмірде қандай жағдай болмасын әйелдік, аналық, перзенттік парызды сақтап қалу керегін ұғындырған, өмірлік мақсатымды айқындай түсуге сеп болған кітап болды, – дейді кейіпкеріміз.
Ауылдың кітапханашысы Гүлнар Бадырақ та бұл отбасының кітапханаға жиі келетінін, тіпті кішкене қыздарын да ерте келіп, оларға арнайы ертегі кітаптарды алып беретінін айтқан болатын. Тәуелсіздік құрдастарының кітап оқуға деген құмарлығы мен бала бойына руханилықты сіңірудегі еңбектері өзгеге үлгі етуге тұрарлық.
– Алла аманат еткен 2 перзентіміз бар. Зере, Әйгерім деген қыздарымыз өсіп келеді. Үлкені балабақшаға барады. Кішісі үйде. Күнделікті ұйықтар алдында екеуіне ертегі оқып береміз. Кейде балабақшадан арнайы алып қалып «адамдармен аралассын, танымы кеңейсін, рухани ортаны көрсін» деп кітапханаға алып барамыз. Зереміз зерек болып өсіп келеді. Тыңдаған ертегісін бізге мазмұндап айтып береді. Өз ойын еркін жеткізе алады. Осы орайда мынаны да айта кетсем, біз балаларға ертегі кітаптарын алып оқып береміз. Алайда осы ертегілерге қарап кейде қарның ашатын кездер болады. Себебі онда біздің салт-санамызға, әдет-ғұрпымызға, таным-түсінігімізге сай келмейтін көріністер баяндалады. Ертегіні оқып отырып, осындай жайттарға кезіккенде қызымызға не айтарымызды білмей тосырқап қаламыз. Мәселен, бір ертегіде ханның қызы болады. Ол жүзігін жоғалтып алады. Сонда хан қызының жүзігін кім тапса, сол кісіге қызын бермекші болады. Ақырында бұл жүзікті өзінің бауыры тауып алады. Хан сөзінде тұрып ағалы-қарындасты некелестірмек болады. Жеті атаға дейін қыз алыспай, қан тазалығын сақтайтын қазақ халқы үшін бұл жат дүние емес пе? Сондай-ақ аталған ертегіде әкені арсыз, озбыр етіп, жаман кейіпкер ретінде көрсетеді. Ал біз отбасындағы әкенің орнын барынша ұлықтап, құрметтеуді жөн тұтамыз. Осындай мысалдар жетерлік. Балаға ертегіні оқып берерде, ең бірінші өзіміз оқып, талдап барып, таңдап алғанымыз жөн. Себебі қазір шығып жатқан қызылды-жасылды ертегі кітаптар көп-ақ. Бірақ оны саралап жатқан ешкім жоқ. Бала алдында жауапты біз болғандықтан, өзіміз болашағымыз алдындағы жауапкершілікті толық сезінуіміз қажет, – дейді ол.
Расында да ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз, жалпы қарызымыз деп түсіну ләзім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Бала тәрбиесі отбасынан, дәлірек айтсақ, тал бесіктен басталады. Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік секілді ең асыл қасиеттерді қаны мен жанына сіңіруде ұлттық тәрбиенің үлесі зор. Бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын уақытылы ұстап, берекелі отбасы, өнегелі ата-ана, асыл перзент, кемел адам болуды көздеген жанұямен танысып, бір марқайып қалдық. Себебі бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы. Бұл шағын әлеуметтік топ – бала үшін өмір мектебі. Ал ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Осы орайда Алпысбаевтар жанұясынан алар тәлім мен үйренеріміз мол. Жас болса да бала бойына рухани тәрбиені сіңіре білген отбасыдан саналы перзент, ел қамын ойлар азамат шығарына сенім мол.
Балалардың болашағы, олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Ел боламыз десек, бала тәрбиесіне бүгіннен бастап мән бергеніміз абзал.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

16 сәуір 2022 ж. 700 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031