Той туралы ой
Қардың көбесі сөгіліп, қара жердің беті көрінгеннен қазақтың қара шаңырағында шаттықтың үні естіліп, той маусымы жанданады. Бұл қыстыгүні бет ашылмайды, шашу шашылмайды деген сөз емес. Тек қонақ шақыруға қолайсыздау уақыт болған соң, көпшілігі көктем, жаз, күз уақытын күтеді. Бұл алыс-жақын ағайын қуанышқа төрт көзі түгел қатыссын деген кеңпейіл ниеттен туса керек. Қазақтың тойы әуелден ұлттық тәрбие бесігі болған. Ертеректе әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын, бақ сынайтын кез той үстінде өткен. Ал бүгінгі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн-маңызы да өзгеше бағытта. Той болған жерде той мәдениеті, асаба әдебі, асыра сілтеу, бәсеке туралы ойтолғамдар таусылмақ емес. Десе де, тойлардың бүгінгі сипатын саралап көрсек.
ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ ТОЙЫ
Той – бүгінгі тұрмыс-салтымыздың, пейіліміздің көрінісі. Осыдан 20-25 жыл бұрынғы тойлар қара шаңырақта, аулаға құрылған шатырда өтетін. Тоқырау кезінде той жасаса да пейілі кең, бәсекесі кем осы тойларды сағынасың. Ол уақытта қолындағы барымен қонақ күткен қолы ашық қазақтың шүкіршілігі мол еді. Сол кездегі меймандар да шынайы тойдың шырайын кіргізу үшін жиналатын. Қазіргідей уақыты шектеулі, бір-бірімен орынсыз бақталас емес.
Тоқсаныншы жылдары ауыл-аймақтардағы ешбір той төбелессіз тарқамайтын «дәстүр» қалыптасты. Үлкендер тіпті әр ауылда той соңынан төбелес ұйымдастыратын топтың болғанын да айтады. Той иесі оны білгенімен, сол болмаса той қызықсыз өтердей дымын шығармайтын. Мүмкін бұл ауыл халқына деген сыйластық та болар.
Ал жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарында арақ-шарапсыз той өткізу де дәстүрге айналды. Сонда көпшілігі «ащы сусыз да той қызықты өтеді екен ғой» деп таңданысты. Ал бертін келе, әсіресе еліміздің оңтүстік аймақтарында бес жүз, жеті жүз, тіпті мың адамды шақырып той жасау сәнге айналды. Тіпті тойға келетін адам санының көп болуы қуаныш иесінің дәрежесін білдіретін берекесіз бәсекеге ұласты. Әртүрлі топтан, әркелкi ортадан жиналған, әңгiмелерi жараспайтын адамдар тобын екi немесе үш асаба бiрiгiп жүрiп, игермек болады. Алғашқы сағаттардың өзінде-ақ бір-бірімен жөнді танысып үлгермеген адамдар өз таным-түсінігіне қарай той қызығына батады. Бірі жөн-жосықсыз күлсе, енді бірі мас болғанша ішеді, біреуі билеп, бірі бірін сүйреп, біреуі өз өнерін көрсетіп, ал кейбірі өзінің кезегі келіп тілегін айтып, тойанасын тапсырып, тойдан кетіп те қалады. Тойға тек ішіп-жеп, тиынын беруге келгендей. Мұндай тойды кейде бір асаба бастап, мүлде бөтен асабаның аяқтап жатуы да қазір таңқаларлық дүние емес. Осындай мәні мен мағынасы жоқ құр дақпыртқа толы тойлардың қатары пандемия кезінде сирегенімен, қазір қайта жалғасуда.
Ал тойдың ішкі аурасына үңілер болсақ, бүгінгі думанды бұрынғымен салыстыруға әсте келмейді. Қазір аумағы атшаптырым тойханалар салынды, сыйымдылығы 1500-ге дейінгі мейрамханалар бар, дастарқанға құстың сүтінен басқаның бәрі қойылады. Тойдың ерекше сценарийлері де көбейген. Тіпті күллі қауым алдында көлікпен кіретін сарайлар да бар. Мұнан бөлек, алдына тікұшақ қонатын алаңқайы бар мейрамханалар да салынуда. «Той десе, қу бас домалайды» демекші, қазақтың шаттықтан шаршамайтыны анық. Қалай десек те, әрдайым алыс-берісі, барыс-келісі үзілмеген, жыл он екі ай думандататын халықпыз. Бір жағынан осындай кең пейіл, керемет дархан болмыстың арқасында бүгінгі мейрамханалардың да мерейі асып, табысы артып, кәсібі ілгерілеп жатыр.
МАҒЫНАЛЫ ТОЙДАН – МАҚТАН ТОЙҒА
Қазақ халқының мәдениетін, тарихи жолын бағамдар болсақ, жиын-той – ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан өмір салты екені анық. Үлкендер бата бергенде «Жиған-тергенің тойға бұйырсын» дейді. Тойдың мақсаты ішіп-жеп, қарын тойғызу емес. Жан-жақты ойластырылған жақсы тойдан ғибрат алып, рухани байып қайтсаң, соның өзі көп олжа. Бүгінгі тойлар өз мағынасында өтіп жүр ме, әлде салт-дәстүрімізді дәріптейтін тойлар ата-баба аманатынан алшақтап бара ма? Осы жөнінде ой өрбітсек.
Жалпы алғанда, бiздiң ұғымымызда той – елдiң жылдар бойы жинаған рухани байлығының көрiнер ортасы. Сол себептi де, қазақ тойды «халық қазынасы» атаған. Ендеше, қазiргi қазақы тойлардың мақтан үшін өткізілуіне не себеп? Тойдың әуелгі мақсаты – әулеттің бас қосатын жиыны, рухани азық алып, сыйластықты арттыру еді. Бұл орайда философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабековтың мына бір пікірі ойға оралады. «Тойдағы бас қосу, сұқбаттасу – адам тану мектебі, тұлғаның қабілет-қасиетін танытатын және оны қастерлей білуге үйрететін қауымдастық үлгісі. Тойдың думанды, сәнді де мәнді өтуі той иесінің ғана емес, тойға келген үлкен-кішінің әрқайсысына тікелей қатысты екенін ұмытып кететін, ескере бермейтін жайымыз да бар». Расында да, жас ұрпақты тәрбиелеуде де тойдың әсері мол. Сондықтан да салтын сақтайтын саналы ел ретіне тойдан мән іздеуіміз бекер емес.
– Бүгінде тойдан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз – тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, жас даяшы қыздардың қонақтарға ішімдік құйып жүруі, биші қыздардың жартылай жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтар біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той – ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет, – дейді ақ жаулықты әже Т.Қатарбаева.
Бүгінгі қазақ тойының басым көпшілігінің мақтан қуып кеткені жасырын емес. Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен жиналатын жақын-жуық туыстардың алдында, кейде тiптi шетелдерден ат арылтып жететiн ағайынның алдында, бала кезден құрдас, сыралғы сыныптас, курстас достардың алдында, әріптес-ұжымдас, қала бердi құдайы көршiлердiң алдында «ұятқа қалмаудың» бар амалы қарастырылады. «Бәленшенiң» тойында өлең айтқан атақты әншi осы тойға да шақырылуы керек. Оған қоса тағы сегiз әншi келiп, тойшы қауымның көңiлiн көтеруi керек. Гонорары мықты асаба таңдау, тойбастарды түрлендіру, отбасы мүшелеріне бірдей етіп киім тіккізу, айта берсек көп-ақ. Осындай материалдық деңгейді жалпақ жұртқа көрсетуге ғана жасалатын тойдан қандай тәлімді әңгіме, өріс кеңейтер өнеге аламыз?
Осындайда той өткізу мәдениетіміздің тоқырап бара жатқанын мойындамасқа амал жоқ. Ертеден еншілес дәстүрімізден тамыр үзбейтініміз қандай ақиқат болса, жақын-жуықтың басы қосылатын қуаныштан тыс қалмауға тырысатынымыз да сондай анық. Сондықтан да, бізге бүгінгі керегі – той иелерінің тым мақтангөйлікке мойын бұрмай, адал ниет, ақ көңілмен дастарқан жаюы дер едік.
МӘДЕНИЕТТІ АСАБА МӘРТЕБЕЛІ
Тойдың көңілді, мазмұнды өтуі асабаға тікелей байланысты. Ұшқыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме, қонақтарды жалықтырмайтыны белгілі. Сөздің құдіретіне бас иіп, бүкіл ғұмырын, тарихын сөзбен жасаған, жауын да, дауын да сөзбен тоқтатқан, сөзбен шешкен халықтың ұрпағына сөз киесіне ерекше ден қоюы заңдылық. Тойдағы дастарқанның сәні де, мәні де асабаның шеберлігіне байланысты екені рас.
Атақты Досбол шешеннен «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?» деп сұрағанда «Қол бастау қиын емес – көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес, соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады» деген екен. Тойдың көңілді, ән-күймен мазмұнды өтуі асабаға байланысты дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл.
Соңғы кезде той басқаратын асабалардың көбі әзіл-қалжың айтуға назар аударуда. Бірақ күлкінің де реті бар. Күлдіре отырып білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз, арзан күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын астарында атан түйеге жүк боларлық мағынаны аңғартатын күлкі де бар.
Ұзын-сонар өңкей әзіл айта беру де отырыстың дәмін кетіріп, қонақтарды мезі ететінін көріп жүрміз. Ұтқыр оймен, керек жерінде қысқа да нұсқа айтылған әңгіменің қандай орында да бағасы басым. Қандай да болсын әзілдің де, әңгіменің де астарында сол күнгі той иелеріне лайық тәрбиелік мәні бар ой жатқаны жөн емес пе?
Сөзге шеберлік, суырыпсалмалық, ұтқырлық асабаға жарасымды қасиеттер. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып жарасымды үйлестіріп отыру асабаның шеберлігіне тән.
Сонымен асабалардың қалтасындағы қалжыңдары, қоржынындағы ойындары бірсарынды өрбіп, тойға жиналғандарды жалықтырып жіберетін тұстары аз емес. Думанға арналған уақытты қызықты өткізу үшін қазақтың ұлттық ойындарын жаңғыртып, әртүрлі танымдық сөз сайыстарын өткізіп, жақсы демалысқа айналдыру қажет сияқты. Бүгінде сөзі мәнді, тәжірибелі асабалар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүріне қанық, оны бүгінгі заманның талабымен ұштастыра білетін той жүргізушілер аз. Асаба әрбір тойда қазақы тәлім-тәрбиеге бастайтын даналық сөздер, мақал-мәтелдер, қазыналық нақылдарды сөз арасына қосып отырса қандай ғанибет. Келген мейман да рухани жетіліп қалар еді.
Осы орайда қазіргі қазақ тойына мәдениет, тәртіп, қанағат сияқты ұғымдарды орнықтыру ауадай қажет. Себебі асабасы мәдениетті болса тойда арзан әзілдер айтылмайды, анайы ойындар ойнатылмайды. Ақ кимешекті әжелерді кекетіп, ақ сақалды аталарды мұқатып, бала-шағасының алдында беталды қылжақтамайды. Тойшыл қауымға сөзін өткізіп, ықыласқа кенелу үшін сайқымазақтың кейпіне енудің де қажеті жоқ. Ал мәдениетті асабаның мәртебесі қашанда жоғары.
ҚАРЫЗҒА ТОЙ ЖАСАУ ПАРЫЗ БА?
«Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той» деп сәби өмір есігін ашқаннан бастап думандату – қанымызға сіңген қалпымыз. Бір қызығы, отбасындағы әр оқиғаны осылай атап өтуге, той жасауға деген осындай ерекше ұмтылыс Азияның басқа да елдерінде жиі кездеседі екен. Ол елдерде салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа деген құрмет – қоғамдағы адамгершілік пен өнегенің негізі саналады. Тойдың болғаны жақсы ғой әрине. Дегенмен «Біреу тойып, біреу тоңып секіретінін» естен шығармау керек. Қалталы қауымнан қалыс қалмауым қажет деген қаншама қазақ қарызға батып той жасап жүр. Осындайда өз қолың өз аузыңа жетпей жатып, жұртқа жақсы көріну үшін қарызға батқанша, бір күндік мерекені тойлаймын деп, мың күндік берекеден айырылғанша әркім көрпесіне қарай көсілсе дейсің. Барымен базар қылып, шынайы көңіліңмен бір кесе шай ұсынсаң, мейманыңның мерейі тасиды ғой.
Көпшіліктің артық кететін тұсы – әдеттегідей ысырапшылдық. Дағдарыста да той. Тіпті, қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы тарқамайды. Бүгінде отбасылық мерейтойларды атап өту үшін қомақты қаржыны қарызға алу қалыпты нәрсеге айналды. Тіпті «тойға арналған кредит» деген термин де бар. Дегенмен, көп жағдайда бұл қадамды жасауға жүрдім-бардым, жауапсыз қараған адам белгілі бір қиындықтарға тап болатыны анық. Арамызда бір күндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендер де аз емес. Бәрі де «жұрттан қалмау керек» деген қағиданы санасына сіңіріп алған. Қалай десек те, «Тапқанымыз тойға шашылсын» деп астамшылықты ақтап алатын да, «Шаршасақ той тойлап шаршайық» деп тілек айтатын да өзіміз. Тойдың көп болғаны, ағайынмен бөлiсер қуанышымыздың тағы да қуанышқа ұласып жатқаны жақсы-ау, дегенмен тек сол тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса дейсің мұндайда.
Түйін
Біз ежелден тойқұмар елміз. Той – халықтың қазынасы, қуаныш пен шаттықтың ордасы. Ел болып, әулет болып жиі бас қосып тұру бауырмалдықты арттырады. Тек осы бас қосуда ысырапшылдыққа жол берілмесе дейміз. Қазақтың тойы – мақтан үшін жайылар дастарқан, тек мал шашу емес, шын жанашыр, тілектес ағайынның басын қосып, ізгі сезімдерді түртуге себеп, жақсы ой түзуге көмек болса екен.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ