Алаш арыстарының мұралары
Алаш әдебиеті – тәуелсіз ұлт, яғни ұлт руханиятының өзегі. Алаш әдебиеті дегенде ұлт зиялылары еске түсері хақ. Жалпы Алаш сөзінің өзі адамға рух беретін, күш-қуат сыйлайтын сөз құдіреті. Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталып келе жатқан рух пен асыл мұраттың ұлы күші, бұлқынысы бола білген Алаш қозғалысы ел тағдырына, болашағына қатысты барлық идеологияны көздейтіні баршамызға аян.
Аллаға тәубе, Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін күресінің жемісі де, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан-жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аса құрметті ұғым ретінде, қасиетті түсінік ретінде де қоғамымызда біршама қалыптасып, айтылып келеді. Ал, енді Алаш әдебиетіне келер болсақ, Алланың қалауымен әрбір иісі қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш әдебиеті» ұғымы уақыт өткен сайын өз құндылығын көтеріп келеді деп ауыз толтыра айта аламын. Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы ретінде ең алғашқы болып тілтану ғылымының негізін қалады. Оның тереңіне үңіле білсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық болмысы, ерекшеліктерінің өткені мен бүгінін танытатындай тiл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы да қисынды дүние еді.
М.Әуезов – 1920-жылдардағы қазақ зиялыларының бірегейі. Болашаққа деген сенімділік – оның өмірінің мәні болды. Қазақ халқының мұңы мен үміті – оның талантын ашатын кілті іспеттес. Күнделікті күйбең тіршіліктің тереңінен шыққан мазмұнды да философияға толы Әуезовтің көркем ойы нағыз халықтың образдарын сомдай білді, мысалы Абай образы, әлемдік әдебиеттегі өз орнын алып, жалпы адами құндылыққа ие болды. Алаш жұрты туралы сөз болғанда, Мұхтар Әуезовтен кейін, ол қандай халық, оны дәлелдеудің өзі артық.
Қандай ғылым болса да, әлбетте белгілі бір деңгейде қолданылып жүрген, жүзеге асыруға бейім нұсқаулығы болады. Атап айтар болсам, Ақаңның «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омартегінің оқу-әдістемелiк еңбектерінен айқындауға болады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісінің емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны ерекше. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ оқымыстыларының тұңғыш съезінде байқалған болатын. Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлының, Е.Омартегінің, Н.Төреқұлұлының жасаған баяндамалары, Т.Шонанұлының, М.Дулатұлының, Х.Досмұхаммедұлының, М.Тұрғанбайұлының, М.Саматұлының сөйлеген сөздері, айтқан ой-пікірлері тілтану ғылымының аса қиын мәселелерін шешуге келгенде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек жасап, эрудициясы мен институциясы өте бай тұлға екендігінің бірден-бір айғағы. Аталмыш съезде, негізінен қазақ әліпбиінің жазылу ережелері басты мәселе болғанымен, олар тілдің сан алуан қиындықтары айналасында өрісті, келелі ой тудырды. Осындай білімпаздар съезі, осы қазіргі кезеңде өте қажет дүние. Себебі, терминология болсын, емле болсын, тілшілер мен ғалымдардың бірлесіп, уәждесіп, шешер мәселелері өте көп. Әрине, тіл жанашыры ретінде, ұлт жанашыры ретіндегі бұл менің жеке пікірім. Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде дамып, қалыптасқанына да біршама уақыт болды. Осы орайда ұлттық тіл білімінің бастау аларына бет бұрған ғалымдардың еңбектерінің маңыздылығы зор. Бұл жөнінде ғалым Ө.Әбдиманұлының «А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің ана тілімізде зерттелуіне даңғыл жол ашып, туған тіліміздің теориялық тұрғыдан зерттелуі, тұжырым жасалуына, өзінен кейінгі ұрпақтарға жөн-жоба көрсетуші ғұлама ғалым» деп жоғары баға бергендігінің өзі көңіл қуантарлық. Ақаңа дейін де тіл білімі зерттелген, бірақ туған тілімізде емес, басқа тілдерде болған. Сондықтан туған тілде зерттелген дүние, бізге өте қымбат. Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі М.Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен тығыз байланысты. Қазақтың зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отарлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің қоғамдық-саяси қызметтерімен қоса, қалың қазақ халқын соңдарына ілестіре білді. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында да аянбай еңбек етті. Ал, енді Алаш әдебиетінің мектеп қабырғасындағы әдебиет сабақтарында берілуі, ұлтымыздың құндылығының жоғалып кетпеуіне, қайта құндылығымыздың жоғарылауына бірден-бір себеп болар еді. Осы бағытта жұмыстар атқарылса, білім алушылар сабақтың өн бойында ұлттың зиялылары мен қоса олардың құнды еңбектерін, тың деректермен танысып, тарихымызға тереңінен үңілген болар еді.
Қорыта келе, ұлт мұраты мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін танымаған ұрпақты ертең өз елі үшін, Отаны үшін күресіп, қолына қару алып қорғайды деп айту қиын. Бүгінгі ұрпақтың кешегіні білуі, бағалауы ұлтымыздың болашағы үшін қажет. Соның ішінде, халқымыздың рухани өміріндегі ең қасиеті мол қазына Алаш арыстарының мұралары деп білемін.
Назира ЖАКИПОВА,
№85 мектептің мұғалімі
№85 мектептің мұғалімі