Отың өшпесін, бақытың көшпесін
Құрметті оқырман, газетімізде "Кел, кеңесейік" атты жаңа айдарға орын беріп отырмыз. Ондағы мақсатымыз, кешегі жас, бүгінгі аға буынның осы кезге дейін өмір және еңбек жолында көңілге түйген, көргені мен білгені жайында сүбелі сөз қозғап, жастарға, кейінгі толқынға ой салу. Отбасыңдағы балаға, қасыңдағы қоңсыға уақыт табыла бермейтін қазіргідей техника заманында адал еңбегінің арқасында жетістікке жетіп, көмейінде айтары көп аға, апалардың ой-пікірін тыңдап жатсақ, одан ұтылмасымыз хақ. Жаңа айдарымыздың беташарында Тұрмағамбет ауылының тумасы, ақын-ұстаз Зарипа Жаппарқызының тәрбие хақындағы мақаласын оқи аласыздар.
Бала тәрбиесі қай қоғамда болсын маңызын жоймаған қиын да күрделі үрдіс. Өйткені, қоғамымыздың ертеңі, болашағы, бүгіні – жас ұрпақ. Ұлы жазушы М.Әуезов "Ел боламын десең бесігіңді түзе" дегендей, ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталатыны баршаға аян. Ана ретінде, ұстаз ретінде ұрпақ тәрбиесіне айрықша ден қоюды маңызды деп есептеймін. Өсер ел бірінші кезекте ұрпағын ойлайды. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдындағы қыры мен сыры мол үлкен жауапты міндет тұрады. Білуге, көруге, әр нәрсені өзі жасауға деген жасампаздық қасиеттер адам баласымен бірге туады. Ал тәрбие беру арқылы осы бала бойындағы табиғи таланттарды дамыту тетігі жүзеге асырылады. Тану-білу сәбиді ешқашан жалықтырмайды. Байырғы дәуірлерде ата-бабаларымыз ар-иманымен, ақыл-парасатымен ұлттық болмысымыз, салт-дәстүрімізді бала бойына еге білген. Б.Момышұлы атамыздың мына бір ұлағатты сөзіне құлақ салсақ, "Жаудан да қорықпаған едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ әйелден қорқам, екіншісі немересіне ертегі айтып беретін әженің азайып бара жатқанынан қорқам, үшіншісі дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке жоқ" деп мұңайған екен.
Бала отбасында дүниеге келіп, тәрбие алады. Отбасы – шағын мемлекет. Осы шағын мемлекетте дүниеге келген әрбір бала ананың сүтімен нәрленіп, әкенің рухымен қуат алуы тиіс. Себебі, Әке – шаңырақ қорғаны, отбасын асыраушы, ақылшысы. Қазақ халқы әкені қорған, пір санаған. Сол себепті де, "Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без" деген халық даналығы. Ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, анасы сәбиіне әкенің алып қорған екеніне сендіріп тәрбиелей білген. Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы ата-ана, себебі ата-анаға баладан жақын ешкім жоқ. Сондықтан баланың әдепті, арлы азамат болып қалыптасуы отбасына тікелей байланысты. Осы отбасындағы ыстық сезім, адал құрметпен Отанды сүю басталатынын, патриотизмнің алғашқы қадамы өз отбасынан бастау алатынын әр ата-ана зор жауапкершілікпен сезінсе. Отбасының алып тірегі – Ата мен Әже. Ата-әже мектебінің тәлімін алған, осы алып қазыналарын ардақтай білген әр перзентінің бойында мейірімділік, адалдық деген қасиеттер қалыптасады. Менің әжем 93 жасында дүние салды. Бала тәрбиесіне, әсіресе, қыз бала тәрбиесіне зор мән беретін. "Ұят болады, жаман болады, сауап болады" деген сөздердің мән-мағынасын ашып, іспен тәрбиелеп отыратын. Бір үзім нан қиқымын жерде қалдырмай, обал мен сауапты көп ұғындыратын. Ата-анаға қарсы сөйлегеннің жүзі күйеді, дарақы күлкі, дөрекі сөз ұятқа қалдырады деп шашымыздан сипап отырып тәрбиелейтін. Сондықтан әже мектебінің маңызы зор. Біздің бала күнімізде "Мәдениет және тұрмыс" журналы, кейін "Парасат" деп аталды. Осы журналда "Жамал апайды тыңдасақ" деген айдар болатын. Осы айдарда ұрпақ тәрбиесі үшін кеңестер жазылатын. Мен үзбей оқушы едім. Оқыған кітап журналдарымыздағы қызықты жайттарды әжемізге, әке-анамызға айтып беретінбіз. Бұл айдардың маңызын есейгенде түсіндім. Бұл ұрпақ тәрбиелеуде ата-ана, ұстаз, қоғам болып жауапкершілікпен атсалысу екен.
"Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" деп Абай атамыз айтқандай, әрбір өсер ұрпақ нұрлы ақылымен, жылы жүрегімен, қажыр-қайратымен өсе келе, "мен ата-анамды қалай риза етемін, Отаныма қалай қызмет етемін, не беремін" деген әдемі, әдепті пайым-парасат қалыптасады. Ол адамның өмірде сүрінуі мүмкін емес. Қоғам қайраткері И.Әбдікәрімовтің "Қатты жүрме, буының бос сүрініп кетесің, аңдаусыз әңгіме айтпа бала-шағаға күлкі боласың. Аз сөйлеп, көп тыңда. Сөйлесең де аузыңнан аталы сөз шықсын" деген көркем қағидасын зердеме түйіп, әрқашан тәрбиелік шара төңірегінде айтып келемін. Ата-ана отбасы тәрбиесінде балаға тәлімді сөзді айта бергеннен бала жақсы болмайды. Сол өнегелі іс әке мен ананың сөзі мен қатар ісінен де көрінуі керек. Балаға отбасында егілетін адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, мейірімділік, сыйластық, әке мен ананың балаға уақыт бөлуінен, мейірімін бере отырып, адалдыққа, еңбекке, бір сөзділікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу процесі жүреді. Қазіргі таңда жаһандану дәуірінде әлеуметтік желі, смартфон қызықтары ата-аналардың, ересектердің өзін жаулап алғанын мойындауымыз керек. Біз бала күнімізде әкеміз дастарқанға келмей асты бастамайтынбыз, ас соңында ас қайтармай орнымыздан тұрмайтынбыз. Ас ішкенде кітап, газет оқуға болмайтын. Әкем де, анам да қарапайым еңбек адамдары еді. Әкем ағаш ұстасы, анам ұзақ жылдар сылақшы болды. Ауыр жұмыстан шаршап келсе де, еш қабақ шытпай, бізге жылы мейірім бөліп, сабағымызды қадағалап отыратын. Қазіргі таңда дастарқан басында бір-бір ұялы телефон ұстап, оның таусылмайтын қызығымен балаға уақыт бөлуді де ұмыт қалдырып жататын ата-аналарға қынжыламын. Балаға да ешкімнің мазаламағаны жақсы. Олар да телефон қызығымен, бір-бірімен асыр салып ойнаған бала көрмейсің, кітап оқып, кітапханадан кітап іздеп жатқан бала қатары тағы да сиреп барады. Бұл біздің ұлттық болмысымыз, әдет-ғұрпымыздың бізден алшақтап бара жатқандығын байқатады. Ал материалдық жағынан толыққанды жеткілікті отбасы – баланың кез-келген сұранысын, аламын деген затын алып беру, бар қажеттілігін толық беру арқылы бала тәрбиесіндегі ата-ана міндетін орындаушылық деп түсінеді. Осы тұста балаларды еңбек құнын сыйлауға, жалқау болмауға, бар мен жоқтың құнын түсінуге үйрету маңызды екенін жадыдан шығармаған дұрыс. "Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы сөз" деп, Абай атамыз айтқандай, тәрбие ұтымды болу үшін – күн ырғақ, өмір тәртібі дұрыс болу керек. Баланың күн тәртібінде толыққанды жетілуіне қажетті: таным, ойын, оқу, еңбек ету дағдылары бақылауда болуға тиісті. Ең басты тәрбие құралы – халықтық педагогика. Ғұлама ойшылдарды, ақиық ақындарды, әділ билерді, шешендерді, ел қорғаған батырларды, халқын біріктірген хандарды, халқының тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ақын-жыршыларды халық тәрбиелеген. "Еменді и иілетін кезінде, баланы тый тыйылатын кезінде" деген бабаларымыздың өнегелі сөзі, әр отбасы ұстанымына айналуға тиісті. Жуырда әлеуметтік желіде оқушының ұстазына жекіп сөйлеуі бүкіл қазақ халқын жабырқатты. Ұлағатты тәрбиесін беріп, көзін ашып, көкірегін оятқан ұстазының сағы сынды, анасы кешірім сұрап, еңсесі түсіп жерге қарады. Міне тәрбиенің ақсаған тұсын осы жерден көруге болады.
"Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа
Бәріміз бір аспанның астындамыз..." деп Мұқағали ақын жырлағандай, өсер ұрпақтың менмендіктен гөрі мейірімді, тәкаппарлықтан гөрі қайырымды, асқақтықтан гөрі қарапайым болғаны қандай жақсы. Ұрпақ тәрбиесі үшін әрбір халық өзінің төл мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтауы тиіс. Өйткені дәстүр – жастарды тәрбиелеуде, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінгідей жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтау қажет. Ана тілімізді асқақтатып, тілдің рухын көтеру әрбір жас ұланның бойтұмарындай ардақты болуға тиісті. Сондықтан отбасылық құндылықтардың маңызы өте жоғары. Оқыта тәрбиелей отырып, "Еңбек – елдің мұраты" екенін сезініп өскені, бұл тұста балаларымызға кәсіби бағдарлау арқылы еңбектің құндылығын жоғары көтере аламыз.
"Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей" деген, өнегелі ұғым жастарды еңбекке, кез келген кәсіптен бас тартпай, өз алдына мақсат қоя білуге ұмтылуы керек дегенді ұғындырады. Міне ата-ана, ұстаз, қоғам болып ар-ұят, ақыл-ой, қарымды қайрат, шыншылдық, еңбекшілдік, батылдық атты құндылықтарын ұрпақ бойында қалыптастырсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Үнді елінде "Егер әйел адам ақжарқын болса, үй-іші жарқырап тұрады, егер әйелдің қабағы қатулы болып түнеріп тұрса, үй ішін қараңғылық басады" деген тәмсіл бар екен. Өз басым 22 жыл мектепте тәрбие ісін басқарғанымда нағыз тәрбие құралы халықтық педагогика екенін терең ұғып, насихаттап келемін. Ата-бабамыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары нағыз тәрбиенің бағдаршамы. Әр ата-ана өзін жаспын демей осыны ұқса. Әрбір ата-ана ең қасиетті азық – рухани байлық екенін, оның бар қазынасы кітапта тұрғанын балаларына түсіндірсе. Әрбір ата-ана уақыт тауып баласының жан дүниесіне үңілсе. Әрбір ата-ана баласын қорғаштап аярлыққа, өзімшілдікке емес, қоғамшылдыққа, көпшілдікке, отаншылдыққа тәрбиелесе деймін. Әрбір ата-ана ақпаратпен танысып, газет-журнал оқып, өзінің жан дүниесін байытып отыру керек. Өз өміріме сәл шегініс жасап, еске алсам, газет-журналдардағы жағымды тәрбиелік ұғымдарды мұғалімдер бөлмесіндегі әріптестеріме оқып беретінмін, ортақ ой бөлісетінбіз. Қызықты кітаптарды бір-бірімізге насихаттап отыратынбыз. Жұмысымды аяқтап үйге келіп, келіндік міндетімді атқарып үйдегілердің ас-тамағын беріп, ыдыс-аяқ жуып болып, үйдегі ата-енеме газет-журнал оқып беретінмін. Ол менің күнделікті күн тәртібім еді. Ең бастысы, үлкейген кісілерге қызмет ете отырып, өзімді рухани байытатынмын, үлкендердің алғыс батасын алып, ризашылығына бөленетінмін. Қазір әрбір қадамымдағы сәттіліктерім үлкендерден алған батаның киесі болар деп шүкірлік етемін.
Қазақ деген текті халықтың киесі – әйел-Ана ғой. Мұхаммед пайғамбардың хадисінде "Жұмақ ананың аяғының астында" десе, халық даналығында "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді" дейді. Әйел-аналар осындай құдіретті де киелі атынан айырылмаса ғана адал ұрпақ өсіре алады. Әйел аналардың ішімдікке, жанжалға әуес болмай, ақ орамалын ардақтап, ақ дастарқанын ақ пейілімен толтырып отырса, ер азаматтар шаңырағының тірегі болса, бақ-береке сонда тұрақтайтыны анық. Қоғамымыздың бірлігі, отбасының қазығы, өміріміздің сәні, тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде ештеңе жоқ. Сондықтан әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбидің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, гүлдің солмауын тілеуші тілеуқор жан.
Бүгінде тәуелсіз елміз. Қоғам күн санап жаңарып, жаңғыруда. Еліміздегі қол жеткен жетістігімізді, Тәуелсіздік атты байлығымызды қадірлеп-қастерлеуге тиіспіз. Ұрпағы үшін от пен суға түскен ата-бабамыздың ізін жалғайтын елжанды жастар тәрбиесі – қашанда өзекті болып қала бермек. Сөз соңында айтарым, Қазақстан атты ұлы Отанымызда саналы да білімді, ізгі істердің бір уығы болып шаншылатын, кірпіші болып қаланатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті сіз бен бізге жүктелген үлкен жауапкершілік дегім келеді.
Зарипа ТАСЫМОВА