» » Наурыз туралы ностальгия

Наурыз туралы ностальгия

Күн шығып, көктем нұрын шашып, шуақты Наурыз да келіп жетті. Басқасын білмедім, бірақ өзім Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін асыға күтемін. Себебі, әз Наурыз келсе бала күнге деген сағынышым ойға оралады. Аса көп болмаса да, осыдан 15-20 жыл бұрынғы бұл мерекенің парқы бөлек еді мен үшін.
Ес білгелі біздің үйімізде Наурыз мерекесі бәрінен ерте басталатын. Жыл сайынғы әдет бойынша әжем 18-нау­рыз күні қазанын сайлап, мол етіп «Наурыз көжесін» пісіреді. Арнайылап ешкімді шақырмаса да, жыл сайынғы үрдісті білетін жандар әз Наурызбен құттықтап әжемнің наурыз көжесінен дәм татады. Бала кезден санаға сіңген «Әжемнің наурыз көжесінің» тәтті дәмін ешқандай ас алмастыра алмаса керек. Алыста жүрсек, сол Наурыз көжені аңсаймыз. Ал неге дәл 18-іне десеңіз, бұл көктемнің шуақты күні біздің әулет тағы бір жанмен толыққан екен. Осы қуанышқа орай, әжемнің енесі, менің үлкен әжем Наурыз көжені дәл осы күні пісіруді бастапты. 50 жылдан асса да бұл үрдістің ілгегі әліге дейін үзілген жоқ. Жақында дәл осы күні әжемнің Наурыз көжесінен дәм таттым. Сол баяғы тәттілік, баяғыдай ыстық, ерекше дәмді. «Наурыз көжені тауысып ішіңдер, сонда жыл бойы тоқ жүресіңдер» деген әжемнің ақ тілегі. Бәрі, бәрі өзгермеген. Тек біздің есейгеніміз болмаса. Осы бір тәтті сезім өткенге деген сағынышты, балалық бал шақтағы бірнеше естелікті еске түсірді.
Әжемнің наурыз көжесі ішілген соң, көршілер де біртіндеп Наурыз көжеге шақыра бастайтын. Басына тақия, үстіне шапанын киген аталар, желбір етекті көйлегі мен қамзолы үйлесім тапқан ақ жаулықты әжелер кезекпен әр үйге кіріп, дәм татып, жылы лебізін білдіріп, мерекемен құттықтайтын. Бұл күндері барлық адам мейірімді. Біріне бірі тәттісін ұсынса, екіншісіне майлысы мен жұмсағын үлестіреді. Біреу-біреуді сынап немесе қабағы ашылмай бөлектеніп отырған бір адам жоқ. Көктемнің шуақты күніндей бәрі де ашық-жарқын. Бәрі әдемі болып кеткен. Төрде ақсақалды аталар, одан бері қарай әке, ағалар, сосын әжелер немерелерімен, одан кейін келіндер бір дастарқан басына жайғасатын. Бұл отырыстың мәнін сол кезде түсінбесем де, есейе келе ұғып жүрмін. Мұндағы реттілікпен отырудың өзі – үлкенді сыйлау ізеті екені анық. Келген қонақтар әрбір үйдегі дайындалған Нау­рыз көжені тауысып ішпейтіні анық. Сондықтан та немересіне ұстатқан «кәтәлөкке» кесеге құйылған көжені «несібеміз ғой» деп әжелер құйып алатын. Бұл барған үйге, жайылған ақ дастарқанға деген құрмет еді.
Дәл осы кезеңде мектепте де Нау­рыз мерекесі ұйымдастырылатын. Қазіргідей кімнің әжесі «Наурыз көже» дайындап береді деп те сұрамайды. Себебі көп жағдайда әрбір баланың үйінен наурыз дәмі келетін. Сынып жетекшіміз барлығын бір ыдысқа құйып, араластырып, «бірлікте, ауызбіршілікте боласыңдар, бәрің дәм татыңдар» деп құйып беретін. Наурызға арналған дастарқан басында наурыздың мәні мен мағынасын жыл сайын санамызға сіңіріп, ұлттық құндылығымызды насихаттап отыратын. Алдын ала бір-екі оқушыға арнайы бата жаттатып, олар ас соңында Наурыз батасын беретін.
Мұнан кейін, әр жыл сайын 22 нау­рызда орталық алаңға шығамыз. Мейірім мен шапағатқа толы сол күні күн де жылынып, үстіміз де жеңілдейді. Қатар-қатар тігілген киіз үйлерден түрлі дәмнің иісі бұрқырап шығып тұратын. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағындағы мереке жұртшылықтың бәріне қуаныш сыйлайтын. Алаңдағы жұрттың бәрі көңілді. Аңғал бала көңілмен кез келген киіз үйге бас сұғып емін-еркін отырамыз. Бізге арнайылап көже ұсынатын. Оны ішіп алып, келесісіне кіретінбіз. Ешбір жан мұнда кіруге болмайды деп шектемейтін. Есейе келе ол дастарқанның сол киіз үйді құрған мекемеге тиісті екенін түсіндік қой. Десе де бала көңілімізді лайламай, жағымды естелік сыйлай білген, сол кездегі кеңпейіл жандардың көңіліне ризамын.
Бүгінгінің дастарқаны мол болса да, сол кездегі кеңпейілділікті сағына беремін. Жыл сайын Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлағанда көжені ақ тілек пен таза ниетті біріктіргендей араластырып, елге «Тілеулес болыңдар, молшылық бәріңе ортақ болсын» деп үлестіретін ақ пейілді, ақ жаулықты әжелерді әлі де көргім келеді...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
29 наурыз 2022 ж. 566 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031