» » Тоқсандағы тыл ардагері

Тоқсандағы тыл ардагері


Жуырда әріптес ағайымыз зейнеттік демалысқа шықты. Содан ұжымдастар бас қосқан отырыста ақжарма тілегімізді айтып, ақтарылдық. Менің кезегім келгенде шумақтатып, өлеңдетіп, бар жақсы ниетімді білдірмек болдым. «Иә, тілегің жақсы екен, әсіресе жаңағы «Жақсы қартаю» деген сөзің құлаққа жағымды, жүрекке жылы естіледі, басқаға қалай екенін білмеймін, әйтеуір маған сол сөзің ұнап қалды» деді ағайым ерекше тоқталып. Шынында да солай емес пе? Біле-білсек, қазіргі күндері жақсы қартаю да – үлкен қасиет. Орнымен қартая білу де – ерекше өнер. Өкінішке қарай, көп адам қартаюды қасірет, жақсы күндеріңнің «солғаны», өміріңнің өткені деп көңілсіз қабылдайды. Қарттықтың да бақытты, шуақты, айтулы асыл қасиеттері бар. Бұл сөзімізге Жосалы кентінде тұратын тоқсандағы тыл ардагері Жаңыл Ақауова дәлел бола алады.
Ұлыстың ұлы күнімен қарт әжеге сәлем бере барғанымызда төргі бөлмеде бір қабырғаны толық алып тұрған сурет көзге оттай басылды. Бұған қарап әжеміздің жақын арада мерейтойы өткен деп топшыладық. Иә, небәрі 5-6 күн бұрын жан-жақтан балалары мен немере-шөбересі жиналып тоқсанға келген тойын шаңырақта атап өтіпті. Аналарына құрмет көрсетіп, қатарынан кем қылмай осы күнге жеткізгеніне алғыс жаудырған.
Жаңыл Көккөзқызы сонау қиын-қыстау, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің кезеңі 1932 жылы қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Бұғанасы бекімей жатып колхоз жұмысына жегілген сол бір қиын кезеңді күні бүгінге дейін көз алдына елестетеді. Ауыр еңбекпен есейгеніне еш өкінбейді. «Тар жол тайғақ кешуден өткенім өміріме үлкен сабақ болды, ұзақ жасауымның сыры да еңбекқорлығымда шығар» дейді сөз басында.
– Иә, небәрі 9-10 жастағы балалар сабақтан тыс күріштің отағын, бидайдың масағын тердік. Біз істемеген жұмыс жоқ. Үстіміз қамыс пен тікенге көміліп үйге қайтатынбыз. Су да жоқ түсетін. Қып-қызыл құмға аунап тазаланамыз. Үйде 4 ағайынды болдық. Жалғыз ағам Шалғынбай Сәдіров 12 жасынан бастап жауапты қызмет атқарды. 5 колхоз біріккенде ауылды басқарды. Елге еңбегі сіңді. Ағамның артынан ерген екі тұяғы да өмірден өтті. 3 қыз едік, апаларым да мәңгілік мекенге аттанды. Көз көргендер мен қатарластар азайған сайын жастар бұл кісілерді біле қоймайды. Қазір жалғыз ғана арманым бар. Ауылдың өркендеуіне атсалысқан ағам Шалғынбайдың есімі ескерілсе, – дейді ішкі сырын жайып салған қарт ана.
18 жасында Кәдірбек Ақауов деген азаматпен шаңырақ көтерген әжеміз 53 жасында жесір қалыпты. Өмірге 5 бала әкеліп, олардан қазір 17 немере мен 13 шөбере сүйіп отыр. «Бізде қыдыру деген болмады. Сол балаларымды қалай жеткіземін деп ғұмыр кештім. Ел арасындағы әңгіме-сөзге ілеспей, бірқалыпты мінезімді, көпшілдік пен қарапайымдылығымды, қонақжайлығымды жоғалтпай келдім. Осы қасиеттерім келіндерім мен қыздарымның бо­йынан табылғанына қуанамын. Шүкір, қазір балаларымның бәрінің өз қолдары өз ауыздарына жетті» дейді ағынан жарылып.
Жастайынан газет жорнал, кітапты көп оқығаннан бертін келе көзінің көруі нашарлапты. Әйтпесе денсаулығымен дәрігерге шағымданып көрген емес. Ешкімнен ештеңе күтпейді. Алладан балаларының амандығы мен елдің тыныштығын тілейді. Тылдан кейін теміржол саласында 35 жылға жуық еңбек еткен ардагер атақ пен абыройдан кенде емес.
«Мәселе марапатта емес. Адамның адамға деген құрметінде. Қиыншылықтар келеді, кетеді. Ал, халқымыз уақытша қиындықтарды ынтымақ-бірліктің арқасында еңсерері анық. Бұрын да солай болған, бүгін де солай, болашақта да солай бола береді. Біздер, қариялар, осыны көпке, ұрпағымызға ұғындыруымыз қажет» дейді тоқсандағы тыл ардагері бізге батасын беріп.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
26 наурыз 2022 ж. 585 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031