Дарынды жастар марапатталды
АУДАН ӘКІМІ ӘДІЛБЕК БӨРІБАЙҰЛЫ АУДАНДАҒЫ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ. ОҒАН АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖҰЛДЫЗХАН ЕРҚОСАЕВ, АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ ГҮЛЗИЯ ДҮЙСЕМБАЕВА, ӘДІСТЕМЕЛІК КАБИНЕТ МЕҢГЕРУШІСІ ШЫРЫН НАУКЕБАЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ МЕН ЖЕҢІМПАЗ ОҚУШЫЛАР ҚАТЫСТЫ.
Аудан оқушылары ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың дарынды балалар мен жастарды анықтау мен қолдауға бағытталған «Ел үміті» бастамасы аясындағы «Елбасы медалі» жобасына онлайн форматта қатысқан болатын. Ал бұл жоба – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, Ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Осы бағдарламада бақ сынаған өңір шәкірттері 3 күміс, 5 қола медалін иеленді.
Кездесуде сөз алған аудан басшысы өлкеміздің мерейін үстем еткен дарынды жастарға ізгі лебізін жеткізді.
– Бүгінгі кездесуіміздің өзі осыдан екі жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атында медаль белгіленген болатын. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» дейді. Осы сайыстың нәтижесінде өздеріңіздің білікті, білімді екендеріңізді жан-жақты дәлелдеп көрсете білдіңіздер. Сіздерге осындай тәлім-тәрбие берген білім ошағына, тәрбиелеуші ұстаздарыңызға алғысымыз шексіз. Мұның барлығы – ұстаздың жетістігі, баланың мәртебесі, ата-ананың мақтанышы. Ал жастарға айтарым, осы кезге дейін алған білімдеріңізді шыңдап, өздеріңіз қалаған мамандықтың иесі атанып, жоғары жетістіктерге жететіндеріңізге мен кәміл сенемін. Болашақтарыңыз жарқын болсын, – деп алғысын білдірді аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов.
Аудан басшысы өлке мерейін асырған жеңімпаз жастарды алғыс хаттармен марапаттап, «Елбасы медалін» табыстады. Оқушылар атынан А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Ұлданай Қожахметова тәлім берген ұстаздарына алғыс айтып, сенім артқан ел ағаларына қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ