» » Қаңтар оқиғасы: тергеу жалғасуда

Қаңтар оқиғасы: тергеу жалғасуда


КЕШЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА АРНАЛҒАН ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ. ОНЫҢ КҮН ТӘРТІБІНЕ САЙ, АТАЛҒАН ОҚИҒАҒА ҚАТЫСТЫ «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ДЕПУТАТТЫҚ ТОБЫНЫҢ САУАЛЫНА БАС ПРОКУРОР
АУЫЗША ЖАУАП БЕРДІ. – Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тергеп, тексеруді тапсырды. Аталған фактілер бойынша барлығы 3770 қылмыстық іс қозғалса, олардың басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде. Олар: адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау, – деді Бас прокурор Берік Асылов өз мәлімдемесінде.
Жалпы, қаңтар айындағы оқиғада 230 адам қаза тапса, оның 20-сы кездейсоқ оққа ұшқандар да, 19-ы әскери және қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері.
Осы кезге дейін «Қаңтар оқиғасы» бойынша 35 мыңнан астам жедел-тергеу іс-қимылы жүргізілген. Оның ішінде 20 мыңы – тексеру, жауап алу, тінту жұмыстары болып отыр. Сол сияқты 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалған. Бас прокурордың айтуынша, жа­л­пы саны 766 күдікті тұтқындалған. Олардың дені – жұмыссыз, жоғары білімі жоқ 30 жасқа дейінгі жастарды құраған.
– Олардың ішінде деструктивті діни ағымдардың 19 жақтаушысы, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі және кісі өлтіргені, ұрлағаны, тонағаны және қарақшылық жасағаны үшін сотталған 113 адам бар. Мысалы, «Дикий Арман» деп аталатын Жұмагелдиев пен оның тобының 14 мүшесі қамауда. Мұндай адамдардың жоғалтатын ештеңесі болмады және олар әртүрлі қылмыстарға оңай барды, дүкендерді қиратты, тонаумен айналыс­ты, әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасады, – деді Бас прокурор.
Одан бөлек, ол жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы 22 мыңнан астам адам тексерілсе, терроризм актілерімен 46 қылмыстық іс тергелуде екенін жеткізді. Қаңтар оқиғасы кезінде 3,5 мың құқық қорғау органдарының қызметкері түрлі дәрежедегі жарақат түрін алған.
Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бүлікшілердің әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдастырылғанын атап өтті және соған орай Қаңтар оқиғасына қатысқан 72 адамның сотталғанын да атады. "Қазір полицияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. 1 мыңнан астам күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Мемлекет басшысы жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеруді тапсырды. Сондықтан осы 400-ден аса күдіктінің ішінен 219-ы қамаудан босатылды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда, – деді министр.
Министрдің айтуынша, тергеу кезінде 12 мыңнан астам азаматтан жауап алынған. Оған қоса 2 мыңдай сараптама тағайындалған.
Жалпы Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт жиындар заңсыздыққа ұласып, мемлекеттік органдардың ғимаратына шабуыл жасалған. Соған байланыс­ты жаппай тәртіпсіздікті тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болған. Ал оқиға кезінде құрбан болғандарға қатысты Бас прокурор «Құрбан болғандардың тізімін біз ресми түрде жариялаған жоқпыз. Оны жариялаудың алдында құрбан болғандардың әке-шешелері мен туысқандарына қосымша қайғы әкелеміз деп ойлаймыз. Шектеулер бар. Кімнің кім екені тергеулер кезінде зерделенеді. Соның бәрі анықталғаннан кейін біз оны жариялай аламыз» деді Мәжілістің жалпы отырысында сұрақтарға жауап берген Бас прокурор.
– Бүгінде жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Қылмыскерлерді іздеу, дәлелдемелерді жинақтау мен бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу құпиясы және кінәсіздік презумпциясына қатысты, заңнама талаптарын ескеріп, мен тергеліп жатқан істер бойынша шектеулі деректерді ғана келтірдім. Естеріңізге сала­йын, тергеу мерзімі екі айдан сәл ғана асты. Мұндай ауқымды, трагедияның барлық мән-жайын анықтау үшін, бұл уақыт жеткіліксіз. Көп жағдайда куәлар жоқ. Кешенді сот сараптамалары және баллистикалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижелерін күтудеміз. Дей тұрғанмен, барлық қылмыстық іс бойынша, түпкілікті шешімдер, міндетті түрде халықтың назарына жеткізілетін болады, – деді Берік Асылов.

"ҚТ" ақпарат
15 наурыз 2022 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 908

Сұхбат

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031