Кітапқұмарлар алаңы
Қармақшы ауданының оқушылар үйіндегі «Ақ қауырсын» үйірмесінің ұйымдастыруымен Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларын насихаттау, визуалды құралдар арқылы кітаптарға көңіл аудартып, жарнама жасау және кітап оқуға қызығушылығын арттыру, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оқушылар мен кітапхананың байланысын нығайту, еркін пікірлесу алаңын қалыптастыру мақсатында «100 жаңа оқулық» тақырыбында BOOKDATING кітапқұмарлар алаңы өтті. Аталмыш шараға Қармақшы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қаниева Гүлшара Бөгенбайқызы және «Ақ қауырсын» үйірмесінің мүшелері қатысты. Озық ойлы оқушылар алаштың көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы- ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» тақырыбында ұйымдастырылған көрмемен танысты. Шара барысында «100 жаңа оқулық» атты шағын бейнеролик көрсетіліп, гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі таңдамалы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, жастарға жаңашыл бағытта білім берудің қыр-сыры туралы кеңінен түсіндірілді. Келесі кезеңде «Ақ қауырсын » үйірмесінің мүшелері кітапқұмарлар алаңына шығып, өздері оқыған сүйікті шығармаларын ортаға салып,көпшілікке таныстырды. Алғашқы болып алаңға шыққан Карабдинов Қайсар Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаятына шолу жасаса, Ертаева Балнұр Бердібек Соқпақбаевтың «Ана жүрегі» әңгімесінің тәрбиелік мәнін аша түсті, ал Мұхамбетқали Еркеназ оқырмандар назарына Тынымбай Нұрмағабетовтың «Қош бол, ата!» повесін ұсынып, шығармадан алған әсері жайында бөлісіп, оқуға кеңес берді. «Ән- көңілдің ажары» демекші, жас оқырмандарға талантты оқушымыз «Ауылым» әнін домбырада шырқап, көңілді серпілтіп тастады. Шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдірді.