» » Гүлшара Әбдіқалықова: Биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады

Гүлшара Әбдіқалықова: Биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады



Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаровпен кездесті.
Басқосуда өңірдегі су тапшылығы жағдайын болдырмау үшін бірлескен Жол картасын қабылдауға қажетті ұсыныстар ескеріліп, ортақ мәселелер талқыланды.
Жиынға ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары мен су шаруашылығы саласындағы инспекция басшылары және сала мамандары қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова өткен жылы вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өткенін атап өтіп, Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі егіншілерді алаңдатып отырғанын жеткізді.
«Егер, Шардараға келетін судың көлемі көбеймесе, вегетацияға дейін Шардара су қоймасын ғана толтыру мүмкіндігі болады. Ал, Көксарай су реттегішіне су мүлдем жиналмайтын қаупі бар. Бұл жағдайда күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Қазір шаруашылықтар егістікке дайындалуға кірісті, тұқым, тыңайтқыш дайындау, егіс алқаптарын жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Жаңақорған ауданының 30 мың гектар егістігін кепілді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінде су тоспасын салу мәселесі өзекті болып отыр. Жалпы су тапшылығының алдын алу үшін Жол картада қаралған жобалардың іске асыруға министрлік көмек береді деп сенеміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ахуалды сараптай келе суды үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленіп, Үкіметке ұсыныс жолданды.
Басқосуда аймақ басшысы қашыртқы суды қайталама пайдалану үшін Қазсушар мекемесіне 67 насос қондырғысын алып беруге қаржы бөлінуі шұғыл шешілуі тиіс екенін жеткізіп, облыс бюджетінің мүмкіндігіне қарай қаражы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті. Яғни, биыл қазынадан 20 канал тазалау мен елді мекендерге 23 насос қондығысын алып беруге қаржы бөлінді. Комитет төрағасы ортақ мәселелерді талқылау нәтижесінде биыл вегетациялық кезең қиын жағдайда өтетінін айтып, шаруашылық құрылымдарды суды үнемдеп пайдалануға шақырды.
«Судың тапшы болуының ең бірінші себебі климаттық факторларға байланысты. Болжаммен қарағанда, биыл өткен жылғыдан да судың аздығы байқалады. Бұл үшін арнайы каналдарды тазалау, насостық станцияларды орнату ісіне мән береміз. Күрделі кезеңнен шығу үшін облыста арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Бүгінде арнайы техникалық кеңес өткізіп, вегетациялық кезеңде атқарылатын іс-шаралар талқылаудамыз. Сондықтан, шаруашылықтар қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, егін көлемін бар суға болжамдап, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу керек», – деді Нұрлан Алдамжаров.
Кездесуде Президент тапсырмасымен су қоймаларын салу мәселелері де сөз болды. Өңірде 775 млн.текше метр су жинайтын Қараөзек арнасында су қоймасы салынады.
Жобаның жалпы құны 1,9 млрд. теңге. Республикалық бюджет есебінен жобаның жобалау сметалық құжаттамасы әзірленген. Енді жобаның жобалау сметалық құжаттамасына мемсараптаманың қорытындысы алынған соң, құрылысы басталады.
Облыс әкімі мәселелерді түйіндей келе салалық басқарма басшысына суды шамадан тыс мөлшерде емес, үнемдеу жолына көшу жұмыстарын жеткілікті деңгейде шаруаларға түсіндіру қажеттігін айтып, нақты істерді уақыт ұттырмай жасауды тапсырды.
Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Сыр еліндегі жұмыс сапары барысында «Қызылорда» су торабының, Жаңақорған ауданы, Көктөбе ауылының тұсында орналасқан Үрмелі су тоспасының жағдайымен танысады.


30 қаңтар 2022 ж. 441 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 228

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 333

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930