» » Телефон балаға дос емес

Телефон балаға дос емес


Жақында 4 жасар жиенімнің «көзім ауырды» дегесін дәрігердің қабылдауында болғанын естідім. Ата-анасының айтуынша офтальмолог дәрігердің алдында ұзын-сонар кезек. Қабылдауға келген балалардың жас мөлшері тіпті онға да жетпеген. Балабақшадағы баласын жетектегендер де көп екен. 7-8 сағатын балабақшада өткізсе де, үйге келген соң телефон тамашалағанының  нәтижесінде көзінің нашарлауы алаңдайтын жайт. Дер кезінде қолға алған соң, денсаулығына аса зиян келе қоймапты. Десе де, мұндай жағдай барлығымыздың басымызда бар. Сондықтан заманауи құрылғының әсіресе бала үшін пайдасынан зияны көп екені жайлы қалам тербемекпін.
Бүгінде дүние есігін ашқан бала есін білер-білмес түрлі қызыл-жасыл ойыншықтан бұрын қолын ең алдымен гаджет, телефон, компьютерге созады. Оңы мен солын тани қоймаған жеткіншектің заманауи құрылғыға құмарлығы бүгінде жан біткенді алаңдатып отыр. Себебі бұл құрылғы бала денсаулығына аса қауіпті.
Адам қиялын дамытып, ойындағысын іске асырып, дегеніне жету жолында компьютердің көмегі өте көп. Мәселен, қажетті мәтін тере қалсаңыз немесе кітап оқу керек болса, кітапханаға бармай-ақ, жол жүріп әуре болмай-ақ, электронды нұсқасын ашып, оқи саласыз. Әртүрлі есеп шығару үшін де таптырмас құрал. Сонымен қатар көлемді мәліметтерді сақтап, фото, бейнероликтерді әрлеп, көркемдеу де осы компьютер, телефонның арқасында іске асады. Көңіл көтеру мақсатында қолдансаңыз, тіпті іш пыстырмайды. Дәлірек айтқанда, компьютер мен телефон адам өмірінің бір бөлшегіне айналып отырғаны рас. Қажетті бағдарламалармен жабдықталғандықтан түрлі көңіл көтеру ұяшығына айналғаны сонша, кино көріп, музыка тыңдап, тіпті үйіңізден аттап баспай-ақ, ойын-сауық орталығында отырғандай демалуыңызды қамтамасыз етеді. Дыбыс пен бейнелерді өңдеудің керемет мүмкіндіктерін береді.
Бір орында тапжылмай отырып жұмысыңды бітіруге қолайлы болғанымен, әлі де сүйегі қатпаған, ой-өрісі толыққанды толыспаған балалардың компьютерге құмарлығы тәуелділікке ұласып, заманауи құрылғыға үңілмесе әлдене жетіспей тұрғандай күй кешуі, тапжылмай, қозғалыссыз отыруы түрлі дертке душар етуде. Баланың еркелігін көтеріп, оны «алдансын» деп қолына гаджет беріп қоятын үлкендер, бәлкім, бұл мәселенің зиянын толыққанды сезінбейтін болар. Бұл ретте баланың өзімен-өзі, ешкімнің мазасын алмай тыныш қана ойын ойнағаны, бәлкім, әрдеңені ізденгені, ой-өрісін дамытатын түрлі бағдарлама арқылы қажетімен шұғылданғаны ата-ананың көңілін жайландыратын шығар. Дегенмен ата-аналар осының әсерінен бала түрлі дертке ұшырауы ықтимал екенін біле ме екен? Компьютерге ұзақ үңіліп отырғандықтан, ең алдымен көзге зақым келетіні айдан анық. Осы орайда офтальмолог мамандардан компьютер мен телефонның бала көзіне зияны туралы сұрап білдік.
– Бүгінде балалар бір жасқа толмай жатып телефонға құмар. Тіпті кейбірі тәуелді болып қалған жесек те болады. Бала көзінің дертке шалдығуы – көп уақыт бойы экранға қарап отырғанының салдары. Бұл көздің құрғауына алып келеді. Бүгінде көздің құрғауы ең үлкен мәселеге айналды. Балдырғандар арасында көзілдірік кию, миопия дерті асқынып, жылдан-жылға шамадан тыс көбейіп келеді. Балалар компьютерде отыру, телефон көру режимін сақтамағандықтан, осындай ауруларға душар болуда. Көз құрғауының алдын алатын арнайы тамшылар бар, соларды дер кезінде пайдалану керектігін ескеру керек. Сондай-ақ көзге арналған түрлі жаттығуларды жасауды әдетке айналдырып, дамылсыз жасап тұрған маңызды. Көз ауруынан, жанардың нашар көруінен баланы сақтандырудың бірден-бір жолы – жасөспірімге компьютердің зиян екенін ескертіп отыру. Одан сақтану үшін монитордың алдында ұзақ отыруға болмайтынын бала да өз түйсігімен сезінсе дейсің. Ата-ана балаларды компьютерге ұзақ отырудан тежеп, көз ауруын болдырмаудың алдын алса болар еді, – дейді мамандар.
Иә, дерттің ең қиыны өз қолыңмен жасалғаны болса керек. Оның ішінде баланың ерте жастан телефонға тәуелді болып, компьютерге байланып өсуі болашақ үшін жасалған қастандықпен тең. Себебі монитор арқылы бойға енген дерт көзге көрінбей-ақ денені жаулай береді.
Әр шаңырақтың үкілеген үмітінің еркін жетілуі, ешқандай дерттен ауырмай өсуі, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – үлкендердің міндеті. Енді өсіп келе жатқан талшыбықтай иілгіш бала ағзасына телефонның көзден бөлек басқа ағазаларға да тигізер кері әсері мол. Мұны әрбір ата-ананың біле жүргені абзал.
– Компьютермен ойнау немесе жұмыс істеу барысында түрлі дертке душар болу қаупі бар. Мәселен, адам қолымен тышқанды ары-бері қозғалту мен жылдам әрекеттер атқару кезінде саусақ буындарына күш түседі, шаршайды. Осыдан саусақ буындарының аурулары пайда болады. Екі шынтақты алға қарай созған кезде кеуде қуысының ауаны жұту қызметі қиындайды. Еркін тыныстамаған баланың тыныс алу жолдарында қиындық туындайды. Компьютердің алдында тапжылмай ұзақ отырған баланың арқа бұлшық еттері мен мойын бұлшық еттері шаршағандықтан, басы ауырады. Ұзақ уақыт бойы отырғанда, иық пен еңсені тік ұстамау мен түзу отырмаудың соңы остеохондроз деген омыртқа ауруына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар компьютердегі ойындардың арасында балалардың психикасына кері әсер ететіндері жетерлік. Балаларға өлім, атыс-шабыс, жаман қасиеттерді насихаттайтын немесе агрессияға толы ойындарды ойнатуға болмайды, – дейді терапевт-дәрігер.
Халықаралық зерттеулер бойынша, компьютерлік технология ересек адамдардың миына арналып жасалғанымен, үлкендердің өзі шектен тыс қолданса, зиян болып табылады. Ал балалардың ой-өрісі мен санасы енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, виртуалды және шынайы әлемді бірдей тани алмайды. Үш жасқа дейінгі балалар иіскеу, ұстау, тану сезімдерін енді дамытып келе жатады. Алты жасқа дейін бала іс-қимылымен әртүрлі заттармен жұмыс істеуді үйренеді. Ал алты жастан кейін бала зеріге бастайды екен. Әсіресе, тым кішкентай баланың компьютер ойындарын шектеу керек. Бір күнде 15 минуттан бір рет немесе аптасына 2-3 рет әдеттегіден ұзағырақ 30 минуттан ғана ойнауға болады.
Бұрын балалар далада доп қуып, жасырынбақ, қуаласпақ ойнап өссе, бүгінгілердің күні телефонға телміріп, компьютердің алдында тапжылмай отырумен өтіп жатыр. «Алдансын» деген ниетпен қалтафонды бесіктегі баланың да қолына ұстатып қоятынымыз жасырын емес. Ал есейе келе ол бала бермесіңе қоймай сұрап, жылап алатынды шығарады. Тәуелділік деген осыдан туындайды. Телефонға телмірген баланың ойлау жүйесі де кеш дамып, ортаға қосылуы қиындайды. Адамдармен тіл табыса алмай, соның әсерінен күйзеліске, кейіннен психикалық ауруларға душар болуы да ықтимал. Кең даланың төсінде таза ауаны жұтып, секіріп, алысып, асыр салып өскен баланың жетілуі, бойының өсуі, бұлшық еттерінің қатаюы бір орында қозғалыссыз қадалып отыратын баладан, әрине, көш ілгері. Бала неғұрлым қозғалыста болса, соғұрлым жақсы жетілетінін ескерген абзал.
Ертеңіміз еңселі болсын десек, баламызды онлайн ортаға емес, ойын алаңындағы достарға қосқан жөн. Бүгін мен болашақтың арасын виртуалдық әлеммен жалғап, бала болашағына балта шаппайық. Ойланыңыз, телефон балаға дос емес.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қаңтар 2022 ж. 848 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031