» » Ұрпақ саулығы – басты орында

Ұрпақ саулығы – басты орында


ЕЛДЕГІ КОРОНАВИРУС АХУАЛЫ КҮН САЙЫН ӨЗГЕРІП, ІНДЕТТІҢ ТАРАЛУЫ ӘЛІ ДЕ ТИЫЛА ҚОЙҒАН ЖОҚ. ИНФЕКЦИЯНЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА СЕП БОЛАР ЖАЛҒЫЗ АМАЛ – ЕКПЕ АЛУ. КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА ПАЙДА БОЛҒАННАН БЕРІ БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ БІРНЕШЕ МИЛЛИАРД ЕРЕСЕК АДАМ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ТҮРЛІ ВАКЦИНАЛАРДЫ АЛУДА. СЕБЕБІ COVID-19 ВАКЦИНАЦИЯСЫ – ЖОҒАРЫ ҚАУІПТІ ТОПТАҒЫ КЕЗ КЕЛГЕН АДАМДЫ КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯЛАРДЫҢ АУЫР АСҚЫНУЛАРЫ МЕН ӨЛІМІНЕН ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ.
Халық арасында екпе алу үрдісі соңғы кезде қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Оның ішінде 12 жастан асқан балалар мен жүкті немесе енді босанған әйелдердің денсаулығы да басты назарға алынып, оларға вакцина алуға рұқсат етілді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін аналарды вакцинациялау үшін Пфайзер вакцинасын ұсынды.
Қазіргі уақытта әлемнің 20-дан астам елінде 12 жастан бастап, жекелеген елдерде 3 жастан бастап (Қытай) және 5 жастан бастап (АҚШ) жасөспірімдерге вакцинация жүргізілуде.
Америкада Пфайзер вакцинасын шамамен 8 миллион адам ектірген. Мұнда 5 жас­тан асқан балалар да екпе алуда. Ағымдағы жылдың тамыз айының соңында Канадада 58 процентке дейін 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер КВИ-ге қарсы толық егілді. Ал Қытайда – 2021 жылдың қазан айында 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирустық инфекцияға қарсы белсенділігі жойылған отандық вакцинаны шұғыл қолдану шарасы қабылданды және аталған жастағы 60 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер вакцинациядан өткен.
Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін аналар арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін елімізге АҚШ-тың өнімі болып табылатын «Комирнати» (Pfizer) екпесінің 4 млн 230 мың дозасы әкелінген болатын. Қазіргі уақытта бұл вакциналар еліміздің әр өңіріне тиісті мөлшерде таратылып, егу жұмыстары жүргізілуде.
Осы уақытқа дейін аудандық сани­тар­лық-эпидемиологиялық басқарма мамандары мен медицина қызметкерлері бұл вакцинаның артықшылығы мен пайдасы жөнінде 12 семинар-тренинг өткізген. Сондай-ақ жасөспірімдердің ата-аналарына түсіндірме жүргізу мақсатында қараша айының 22-30 аралығында 29 мектепте және кешкі мектеп пен колледжде кездесу ұйымдастырылған. Кездесуге барлығы 847 ата-ана қатысып, туындаған сұрақтарына жауап алған. Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде білім бөлімінің ұсынысымен кент орталығындағы 5 мектепте екінші рет ата-аналарға арналған түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
– Қараша айының 18 күні ауданымызға облыстан 12-17 жас аралығындағы жасөс­пірімдерді, 16-37 аптадағы жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйел­дерді вакциналауға Қармақшы ауданына Пфай­зер вакцинасының 240 дозасы, Байқоңыр қаласына 270 дозасы жеткізілді. Аудан бо­йынша егілуге тиісті 2420 жасөспірім және 110 жүкті әйелдер, Байқоңыр қаласы бо­йынша 2360 жасөспірім және 234 жүкті әйел екпе алуға жоспарланған. Бүгінгі күннің мәліметімен аудан бойынша 46 ересек (жүкті – 9, бала емізуші – 37) және 170 жасөспірім (12-14 жас – 70, 15 жас – 29, 16-17 жас – 71), барлығы 216 азамат және Байқоңыр қаласы бойынша 6 ересек (бала емізуші – 6) және 174 жасөспірім (12-14 жас – 65, 15 жас – 27, 16-17 жас – 82), барлығы 180 азамат аталған вакцинамен егілді. Вакцинациялау жұмыстары әлі де жүргізілуде, – дейді ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергенова.
Екпе егудің қарқынды жүріп жат­қаны­ның тағы бір дәлелі – аудандық аурухана ұжымының бастамасы. Мұнда қараша айында «Жақыныңды қорға» атты ұранымен медицина қызметкерлерінің балаларына вакцина егілді.
– Әлемді шарпыған коронавирус инфек­циясын тоқтатып, пандемияны жеңудің басты жолы – «ұжымдық иммунитетті» дамыту. Қазіргі таңда өңірімізде «ұжымдық иммунитетті» қалыптастыру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Біз де осыған өз үлесімізді қосып, балаларымызға екпе алдық. Адамзат баласы қашанда бас­­­ты орынға ұрпақ саулығын қойған ғой. Олардың денінің саулығы біз үшін маңызды. Бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой-өрісі жоғары, дені сау ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Балаларымыздың бола­шағы жарқын болсын, – дейді алғы шептегі ақ халаттылар.
Осы мақсатта балаларының келешегі үшін алаң қылып, вакцина алған алғашқылардың бірі – аудандық аурухананың инфектолог дәрігері Ұлықбек Абдулхамидов. Ол 15 жас­тағы қызы Назерке мен 12 жастағы ұлы Дәулеткерейге екпе салдыртты.
– Тарихқа үңілсек, осы уақытқа дейін ел арасында кездескен дерттерді вакцина арқылы ауыздықтауға болатынын ғылым дәлелдеген. Бұл індетті де екпе алу арқылы тоқтата аламыз. Дамыған Еуропа елдері баларына 5 жастан бастап екпе салдырып жатыр. Себебі індет мутацияға ұшырап түрлі штаммен таралуда. Осыдан әркім өз балаларын қорғау үшін екпе салдыруда. Мен де өз балаларымды індеттен қорғау мақсатында ұл-қызыма екпе алдым. Қызымда ешқандай жанама әсер болмады. Ал ұлымда алғашқы екі күнде екпе алған орынның ісінуі, әлсіздік байқалды. Мұны маман ретінде қалыпты жағдай дер едім. Себебі иммунитет осылайша қалыптасады. Дәрігер әрі әке ретінде бұл вакцинаны 12 жастан әрбір бала алғаны жөн деп есептеймін. Ата-аналар да бала денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен. Себебі ауру кең көлемде тараған жағдайда ол жұға қоймайды, жұққан күннің өзінде жеңіл өтіп кетеді. Бұл ретте дәрігерлер мен медбикелер өзгелерге екпенің пайдасын жете білгендіктен, рұқсатын беруде. Әрбір ата-ана өзінің баласының денсаулығы үшін вакцина салдыру керек, – дейді Ұлықбек Әлиасқарұлы.
Иә, баласын бақытына балайтын әрбір жан олардың амандығы мен саулығы үшін барын беруге даяр. Дәрігерлерден бөлек, саналы түрде балаларына екпе алуға келісім бергендер де жетерлік. Солардың бірі – Сандуғаш Ембергенова. Ол Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің оқушысы Ерасыл Сайлауовтың анасы.
– 11 сынып оқитын ұлымның елді алаң­датқан дертке қарсы вакцина салдыруына келісім бердім. Ұлымның өзі де қарсылық танытпады. Басында қобалжыған едім. Қазір дұрыс шешім болғанына сенімдімін. Қазіргі таңда басты мақсатымыз – халықтың амандығы. Әрбіріміз осындай дұрыс шешім қабылдау арқылы ғана індеттің таралуын тоқтата аламыз, – дейді ол.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
11 желтоқсан 2021 ж. 352 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 035

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031