» » Қазақтың қайсар ұлы

Қазақтың қайсар ұлы


Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай адыммен, азаттық жолмен қазақ елі армандаған мақсатына қол жеткізді. Соның ішінде Желтоқсан оқиғасы осы бір соқтықпалы соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды десек қателеспейміз. «Мың өліп мың тірілген» тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғарымен алды. Бүкіл Кеңес одағын аяғынан тік тұрғызып, азаттықтың алғашқы лебін төрткүл дүниеге жеткізген Желтоқсан оқиғасы қай уақытта болсын халықтың жадынан өшпейтіндігі анық. Олай дейтініміз – сол кездегі өрімдей жастар батыр бабаларымызға тән қайсарлық пен өрлікті, ерлікті әлемге паш етті. Халық көтерілістің себебі мен салдарын білсе де, оған қатысып жапа шеккен, бас бостандығынан айырылып, моральдық жағынан шығынға ұшыраған қаһармандардың кейінгі өмірін бірі білсе, бірі білмес. Қазіргі таңда мұндай ерлікке пара-пар іс жасаған олар аз да, көп те емес. Солардың бірі – Ерлан Бисенбаев.
Сол кездегі ызғары қатты Желтоқсан оқиғасын біз секілді кейінгі толқын жастар теледидардан көріп біліп жүргенімізбен, ол туралы шынайы оқиғаны толық білмейтініміз анық. Ал бұл жа­йында нағыз куәгердің өз аузынан естігенде біз де сол жерде жүргендей күй кешіп, сезінгеніміз рас. Оқиғаның қалай басталғанын білмекке алғашқы сауалымызды жолдап, Ерлан ағамыздан сол кездегі жағдайды айтып беруін сұрағанда, бізбен ашық-жарқын күліп отырған жүзінен кенет әлдебір мұңды құбылысты байқадық. Терезеден алысқа көз тастап, бұдан отыз бес жыл бұрынғы оқиғаға қайтадан бір барып, терең тыныстан соң әңгімесін бастады.
– 16-сы күні кешкі сағат 16:00-де жоғары жақта пленум өтіп, 15 минут ішінде Дінмұхаммед Қонаевтың орнынан алынып, Ульяновскіден Колбин деген біреудің келгені жөнінде хабар келді. Сонымен жастар алаңға жиналып, көтеріліп «Бізді неге Ресейдің облысынан адам келіп басқару керек? Өз қазағымыздан ел басқаратын, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды білетін азамат табылмады ма? Бұл орыс не біледі?» деп ашуға булықты. 17-сі күні таңертеңнен бастап жастар көтерілді. Бірақ ол кезде адам саны бес жүздей ғана болатын. Студенттер жиналып Сәтбаев көшесі арқылы Фурмановқа түсіп, одан төмен қарай Абай көшесімен Республика сарайының алдына келдік. Әр оқу орнының жатақханаларынан топ-топ болып студенттер қатарымызға қосылып жатты. Сөйтіп қайтадан алаңға келсек он мыңға жуық жас жиналыппыз. Бізге «тараңдар, қайтыңдар» деген басу айтылды. Жиналған жұрт «Бізге Ресейдің белгісіз басшысы керек емес» деп трибунада тұрғандарға талап қоя бастады. Содан дәптерге қазақтың Мұқашев, Назарбаев, Әуелбеков секілді кандидаттардың есімдерін жазып, оған қол қойып трибунаға қарай жібердік. Сөйтіп тұрғанда бас прокурор Елемесовтің «тез қайтыңдар, болмаса күш қолдануға бұйрық беремін» деген дауысы шықты. Бізді Тюмень, Новосибирск, Ташкент, Қырғызстаннан келген курсанттар қоршауға алды. Кешкі сағат беске таман төбелес, айқай шу басталып кетті. Сөйтсек оны кейіннен білдік. КГБ-ның адамдары біз сияқты киініп алып, өздері бастап, арамызға іріткі салған екен. Олардың мақсаты алаңға жиналған жастарды нашақор, маскүнем деп шығару. Сол жаланы студенттерге жапты. Бізді ұстап тұрған әскерлерге темір құралдар таратыла бастады. Оны көрген жастар одан сайын ашуға булықты. Сол ашумен құрал тиеген машиналарды аударып тастап, өртеп жіберді, – дейді ол.
Мұздай қаруланған әскерлер жастардың әрекетіне қарап тұрмай олар да іс-қимыл жасайды. Олардың бетін қайтару мақсатында өрт сөндіргіш техникамен мұздай су шашып, шегіндіруге тырысады. Темір қалпақ киіп, қолдарына қалқан ұстаған солдаттар демонстранттарды резеңке қолшоқпармен ұрып, қуалай бастайды. Тұс-тұсқа қашқан олар қолдарына түскен тас кесекпен әскерге қарсы шабуыл жасайды. Бұл әдеттегідей Қазақ КСР Ішкі істер министрі Князовтің тікелей бұйрығымен күшпен тарату операциясы болатын.
– 18 желтоқсан, ұмытпасам үшінші күн болуы керек. Сол күні ауа-райы тым суық болды. Оның үстіне техникамен мұздай су шашып жатыр. Біздің қолымызда ешнәрсе жоқ. Әуелгіде трибунаға қарай қар лақтырдық. Тигені тиді, тимегені қабырғаларға соғылып жатты. Содан алаң шетіндегі екі биік үйдің төменгі мраморларын сындырып, оларға шөкеледік. Жиналған халық әскермен иін тіресіп, ары-бері лықсыды. Мені бір таңқалдырғаны қазақ қыздарының өте батылдығы. Олар бізді қайрап «Жігіттер намыстарың қайда, сендер қорқып тұрсыңдар ма, ер азамат емессіңдер ме? Күштеріңді біріктіріңдер» деп жігіттер қауымын жігерлендіріп отырды. Бұл енді арандату емес, нағыз қайсарлық болатын. Біз сол жігермен әскердің шебін бірнеше рет бұзып-жарып өттік. Одан әрі қарай өте алмай кері қарай қаштық. Текетірес кезінде екі қыз қалып қойып, мен оларды қолдарынан сүйреп үлгеруге тырысып келем. Аяғындағы биік етік кедергі жасауда. Бір қызға резеңке шоқпар тиіп құлады. Екінші қызды құтқарып үлгердім. Сол жанекпінмен бір солдатты ұрып құлаттым. Бізді жан-жақтан суретке түсіріп алып жатты. Арасында жатақханаға барып әлденіп аламыз. Кейіннен бәрі басылды. 21 желтоқсанда КГБ-ның адамдары тергеу жүргізе бас­тады. Мені 2-жатақханаға шақырды. Барсам әр бөлмеде тергеу жүріп жатыр екен. Содан қазақ жігітінің алдына отырдым. Олар сөйлескенде іші бауырыңа кіріп кетеді. Бір сұрақты айналдырып 7 рет қоятынын қайтесің. Сондағы сауалы «Қасыңда кім болды? Кіммен бардың?». Алдыма сыртымнан түсірген суреттерді жайып қойды. Өтірік айтайын десең бәрі көрініп тұр. Қолыма «Әр ұлтқа – өз көсемі, басқа ұлтқа артықшылық берілмесін» деген плакат ұстағаныма дейін көрініп тұр. Тергеп болған соң мені жіберді. Комендант Олег деген жігіт «Ерлан документіңді ал да кетіп қалсай» деп жанашырлық білдірді. «Тергеу бітті, мені қайтсін» деп қоямын. Айтса айтқандай, екі күннен кейін бас прокуратурадан келіп алып кетті. Содан қамауда болдым. 16 қаңтарда анам келіп қасына сұрағанда жіберген жоқ. Сөйтіп 13 ақпанда сот болып, прокурор тоғыз жыл сұрағанда сот жеті жылға жіберді, – деді желтоқсаншы.
Ерлан Берманұлына берілген сот шешімі осылайша күшіне еніп абақтыға жабылады. Оның алғашқы оқуға түскен кезіндегі жақсы істері, сабақ үлгерімі теріске шығарылып, жала болып жабылады. Тіпті куәгерлердің өзі сөзден тайқып, дұрыс нәрсені бұрысқа шығарады. Алғашқы алты айын ол Қызылорда қаласындағы қатаң бақылау абақтысында өткізеді. Өйткені ата-анасының арызы солай еді. Баласына жақын жерден қатынасып тұру. Кейін үш ай Мәскеудің Орлов қаласындағы абақтысына ауыстырылады. Одан кейін қайтадан елге қайтарылып, Алматыға орналастырады. Абақтыда жүріп жұмыс істейді. Осы арада Ерлан ағамыздың анасы келіп Олжас Сүлейменовке жолығады. Сол кезде Олжекеңді көрген анасы көз жасына ерік беріп жылап жіберіпті. «Апа жыламаңыз, не жағдай, айтыңыз?» деп Олжас сұрағанда сонда апамыз «Баламның жағдайымен келіп тұрмын. Бірақ ұлымды ойлап жылап тұрғаным жоқ. Осы жерде әкем Тұрмағамбет Ізтілеуов жұмыс істеген еді. Мен соның қызымын» деп барлық жайды баяндап береді. Болған істі бүге-шүгесіне дейін тыңдаған Олжас ақын «Болды апа, уайымдамаңыз, екі айдан кейін шығарып беремін» деп уәдесін беріпті. Қуанышы қойнына сыймаған анасы баласына жақын арада босатылатынын жеткізеді.
– Анамның бұл жаңалығын естісем де іштей күдігім басым болды. Себебі маған 60-шы статья бойынша «Ұлтшылдық» деген айып тағылған. Ол айып ешқандай өзгертуге жатпайтын, кесілген жыл да қысқартылмайтын. Содан уақыт өте оны ұмытып кеттім. Жұмыстан қайтып келе жатқанымда түрменің командирі келіп «Бисенбаев шық, хатқа қол қоюың керек» деп бұйырды. Қасымдағы жігіттер мені жібермей «бармайды, хатқа қол қою керек болса осы жерге әкеліңдер, сендер оны тағы алып кетіп қамайсыңдар» деп сенімсіздіктерін білдіріп жатты. Сөйтсек Олжас Сүлейменов жоғарғы сот төрағасына хат жазып, маған берілген жеті жылдың бес жылын қысқартыпты. 1989 жылдың 16 қаңтарында босатылдым. Бір айтарым әке-шешем, бауырларымның мені қолдауы – үлкен күш болды. Әкем «Ер-жігіттің басына не түспеген, сен біреуді өлтірген жоқсың. Елің үшін бара жатсың. Еліңнің батасы сені өлтірмейді» дейтін. Ал ағамның маған берген орамалында «Текейдің ұрпағысың, еңсеңді түсірме» деп жазып жібергені ол да үлкен күш болды. Сөйтіп елге оралғанымда ауыл мені күтіп алды. Ақсақалдар батасын беріп, арқамнан қақты. Мен абақтыға кетерде әкем таяқ ұстап қалған екен. Үйге аман-есен оралғасын таяғын көзімше тастап «маған таяқтың ендігі керегі жоқ» деді. Содан уақыт өте оқуға қайтадан қабылданып, жалғастырдым. Онда да төрт жігіт қана оқыдық. Қалған студенттердің ешқайсысы оқуын жалғастыра алмады, – дейді Ерлан ағамыз.
Осылайша Ерлан Бисенбаев Ел­басының 1991 жылдың 12 желтоқ­са­нындағы №540 Жарлығымен толық ақ­талып шығады. Ел ісіне араласып қызмет істейді.
Желтоқсан көтерілісі – тарих. Ал тарихты уақыт сахнасынан сырып тастауға ешкімнің құдіреті жетпейді. Ұлт болып қалыптасу тарихында 300-ден астам көтерілісті бастан кешкен қазақ жиырмасыншы ғасырдың соңында тағы бір рет атқа мінді. Ал әділдік үшін атқа мінгендердің ерлігін уақыт ешқашан бүркей алмайды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 желтоқсан 2021 ж. 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031