» » Сала жүгі салмақты

Сала жүгі салмақты

АЙМАҚТЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ АУЫЛША­РУА­ШЫ­­ЛЫ­ҒЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС­ТЫ. ӨЙТКЕНІ БҰЛ САЛА – ҚАШАНДА ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ. АЛ ҚАРМАҚШЫ – АГРАРЛЫ ӨЛКЕ. ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫН ӨРКЕНДЕТУ ІСІНДЕ БАСТЫ САЛМАҚТЫҢ БІРІ – АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫНА ТҮСЕТІНІ СӨЗСІЗ. АУДАНДА АГРОӨНЕРКӘСІП ӨНІМДЕРІНІҢ ӨСІМІ ЗОР. ОНЫ БІЗ АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНЕН БІЛІП ҚАЙТТЫҚ.

ДАЛА ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ДАЙЫНДЫҚ

Биыл ауданда 13 156 гектар жерге күріш, 1085 гектарға майлы дақылдар, 1081 гектар жаздық бидай, 150 гектар арпа, 80 гектар жүгері, 10 гектар күнбағыс, 7670 гектар мал азықтық дақылдар және 1521 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілген. Мамандардың айтуынша, күріш егісінің көлемі су тапшылығына байланысты былтырғы көлемнен қысқарып, есесіне әртараптандыру дақылдарының көлемі 1265 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының көлемі 250 гектарға, мал азықтық дақылдарының көлемі 996 гектарға артық орналастырылған. Сонымен бірге биыл алма бағының көлемі 9 гектарға ұлғайған. Ал жеке сектордағы картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіру жұмыстарын жандандыру әрі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында кент және ауылдық округтерде агрозоналар ұйымдастырылды. Кент, ауылдық округ әкімдерімен жалпы саны 21 агрозонаға 451,7 гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.
Ауданның көктемгі егіс және күзгі егін жұмыстарына барлығы 4026 тонна дизель отыны жұмсалған. Ауылшаруашылығы құрылымдарына жеңілдетілген дизель отынын жеткізуші оператор ретінде «Нефтьтранс-Қызылорда» ЖШС, «РК Мұнай» ЖШС, «Қызылорда Мұнай Өнімдері» ЖШС мекемелері белгіленіп, операторлар белгіленген тәртіппен дизель отынын шаруашылықтарға жеткізіп берген.
Күзгі науқанға 152 трактор, 82 комбайн, 84 жатка, 62 жүк көлігі мен 94 трактор тіркемесі қатысқан. Айта кеткен жөн, аудан шаруашылықтары өз қаржысына және лизинг арқылы 40-тан астам жаңа техника сатып алса, оның ішінде өнімділігі жоғары МагДон жаткасы, Класс комбайндары секілді ауылшаруашылық техникалары бар.

ЕСЕЛІ ЕҢБЕК
Қазір 1081 гектар жаздық бидай және 150 гектар арпа толықтай жиналып алынды. Ауа-райының қолайсыздығына, ылғал жетіспеушілігіне қарамастан аудан шаруашылықтары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Орта өнім жаздық бидай әр гектарына – 2,6 центнерден, арпа – әр гектарына 3 центнерден айналған. Оның есесіне жоңышқа шөбінің шығымы жаман емес. Ескі жоңышқаның 1-орымынан 6702 тонна өнім алынса, 2-орымнан 8035 тонна өнім алынып отыр. 2960 гектар жердегі жаңа жоңышқа 1 мәрте орылып, 2398 тонна өнім жиналған. Күріш дақылын жинау бойынша 5 тамыздан бастап күріш суын тарту жұмыстары басталып, 5 қыркүйекте толықтай күріш алқабының суы байланған. Ал ору-бастыру бойынша 25 тамыздан бастап егіске орақ түссе, 11 қазанда күтімге алынған Сыр салысы толық жиналып алынған. Қамбаға 87 955,9 тонна өнім құйылып, әр гектардан 67 центнерден өнім айналды.
Егіске пайдаланылатын суармалы судың тапшылығына байланысты Батыс Қармақшы Қашыртқысынан Қурайлы каналының П309 пикетіне қосымша су салу үшін ұзындығы 11 шақырымды құрайтын канал қазылған. Оның ішінде 8,5 шақырым ескі арнаға механикалық тазалау жүргізілсе, 2,5 шақырым тыңнан канал қазылыпты.
Бұдан бөлек, Қармақшы ауылдық округінде Қараөзек арнасының «Қожантай» учаскесіндегі су тоспасының құрылысын қайта қалпына келтіру жұмыстары «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалымен қолға алынған.

МАЛ БАҒЫП ОЗДЫ

Төрт-түлік мал басында өсім бар. Мал шаруашылығы өнімін өндіру көрсеткіштерін орындау барысында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аудан бойынша мүйізді ірі қара 31 561 бас болып – 672 басқа, қой-ешкі 56077 бас болып – 3445 басқа, ал жылқы 11 586 бас болып – 1095 басқа, түйе 3675 бас болып – 187 басқа, үй құстары 18 314 болып – 629-ға көбейген.
Мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік бағдарлама аясында аудан бойынша 279 бас МІҚ, 471 бас қой, 80 бас ешкі, 327 бас жылқы, 9 бас түйе сатып алынып, дерекқор базасына тіркелген. Шаруашылықтарға жер түгендеу жұмыстарына байланысты жері бар адамдарға мал тіркеу керек екені айтылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 7 шаруа қожалықтан 89 бас МІҚ және 15 бас жылқы есепке алынған.
Есепті кезеңде аудан бойынша барлығы 2830,8 тонна ет (тірі салмақта), 4654,9 тонна сүт және 574,0 мың дана жұмыртқа өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда өсім тиісінше ет 103,3 процент, сүт өндіру 103 процент, жұмыртқа 104,9 процентті құраған.
Биыл ауданға қарасты мал шаруашылығы субъектілерімен субсидия алуға 54 өтінім тапсырылып, жалпы көлемі 71,55 млн теңге субсидия берілген екен. Оның ішінде мал азығы құнын арзандатуға 19 шаруа қожалықтан 27 306 422 теңгеге өтінім беріліпті. Мамандардың айтуынша, облыс әкімдігімен мал шаруашылығы саласына индикативтік жоспар бекітіліп, сол бойынша ауданда 2021 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 125 бас асылтұқымды импортталған мүйізді ірі қара аналығын, 3750 қой малын сатып алу, МІҚ малының 7058 аналық басын тұқымдық түрлендіруге қатыстыру және 1149 бас тұқымдық түрлендіруден алынған бұқашықтарды 1000 бас­тан басталатын мал бордақылау алаңдарына өткізу жос­пары міндеттелген.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында Қармақшы ауылынан «Аман» ШҚ – 32 млн теңгені құрайтын 1 жоба сүйемелденіп, құжаттары дайындалуда. Жыл басынан бері мүйізді ірі қара малының аналығын тұқымдық түрлендіруге қатыстыру үшін шаруа қожалықтар асыл тұқымды 28 бас бұқашық сатып алыпты.
Сондай-ақ биылғы жылы 4000 бас қой сатып алу жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 471 бас қой сатып алынған. Қой малын, асылтұқымды мал басын көбейту мақсатында 2 шаруа қожалық Жаңақорған ауданынан 25 бас «Ордабасы Гиссар» асылтұқымды қошқар сатып алған.
– Аудан көлеміндегі ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көрсеткіштерін түсірмеу – басты мақсат саналады. Су тапшылығы болды. Соған қарамастан мол өнім алып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Аудан аймақ бойынша үздік деп танылды. Келер жылы да су тапшылығы болуы мүмкін. Осыған байланысты біз әртараптандыруды қолға алдық. Суды аз қажет ететін өсімдік түрлерін егеміз. Бағаны тұрақтандыру үшін көкөніс дақылдарының көлемін ұлғайтпақпыз, – дейді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсенкүл Есқалиева.
Иә, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауылшаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Бұл – экономиканың ең маңызды саласының бірі. Халық тұтынысына қажетті тауарлардың басым бөлігі ауылшаруашылығы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Біздің өңір үшін ауылшаруашылығы саласы – ел өмірінде ерекше орын алатын саланың бірі. Осы орайда диқандардың, малшылардың, механизаторлардың, басқа да ауылшаруашылығы мамандарының еңбегі – ел экономикасын дамытуға қосылған баға ғана емес, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың айнасы іспетті.

Айнұр ӘЛИ
20 қараша 2021 ж. 240 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930