Бағыт – анық, міндет – зор
БЕЙСЕНБІДЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕ АЙМАҚ БАСШЫСЫ ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВАНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ. ОБЛЫС ӘКІМІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫНАН ТУЫНДАЙТЫН НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРДІ ОРЫНДАУ АЯСЫНДА ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ АЙТТЫ.
– Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Сыр елі қарқынды дамып, индустриалды-аграрлық өлкеге айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағыттағы тапсырмаларына сәйкес бұл жылдары өңір экономикасына 4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Жалпы өңірлік өнімдегі өнеркәсіп өндірісінің үлесі 1991 жылғы 11 проценттен 30 процентке дейін, ал ауылшаруашылығының үлесі соңғы 10 жылда 3,9 проценттен 6,3 процентке дейін артты, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар күріштің өнімділігі мен жалпы алынған өнімі бүгінде 1991 жылғы көрсеткіштерден 1,5 есеге өскен. Облыс шағын және орта бизнес субъектілері санының өсу қарқыны бойынша елдегі үздіктердің қатарында. Онымен қоса брифингте вакцинация жайы айтылса, басқа жедел респираторлық-вирустық инфекциялармен күресуге дайын, дәрі-дәрмекке қатысты мәселе жоқ екенін жеткізді. Қараөзек су қоймасын салу басталған. Өнеркәсіп өнімі өндірісі, оның ішінде өңдеу саласы сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі көбейген. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өсіп, құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі де артқан. Аймақ басшысының айтуынша, биыл 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар. Жыл аяғына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Осы уақытқа дейін аймақта жүздеген әлеуметтік нысан бой көтерген. Оның ішінде облыстық медициналық, диагностикалық, перинаталдық, мүгедектерді оңалту және тағы басқа орталықтар бар. Спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 3 есеге, ал денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 6 есеге артқан. «Аймақта тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстары жалғасуда» деді аймақ басшысы. Сонымен қатар, балық өнімдерінің экспорты 2 есеге өседі. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Қызылорда облысының мал шаруашылығында бүгінде мал саны да көбейген. Жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға және шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Ол үшін пайдаланылмаған жайылымдардағы 452 су көзін жөндеу жоспарланып жатыр. Ал аймақтағы халықтың 65 проценті табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды.
– Үкіметтің қолдауымен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешудеміз. Бүгінде облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, 65 проценті табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 67,4 процентке жеткіземіз, – деді Гүлшара Наушақызы.
Сонымен қатар жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін жыл аяғына 75 процентке дейін жеткізу көзделіп отыр.
Сыр елінде азық-түлік тауарларын тұрақтандыру мақсатында айналым схемасы енгізіліп, кәсіпкерлерге несие қаражаты берілуде. Биыл облыста 748 орындық 3 мектеп пайдалануға берілген. Инклюзивті білім беруді дамыту үшін 47 мектепке дейінгі ұйымдарда, 27 мектепте инклюзив кабинеттері ашылуда. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мақсатында мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіңде Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты. Биыл атақты күрішші, «Дала академигі» Ыбырай Жахаевтың 130 жылдығы аталып өтіліп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Сонымен қатар, Бәбіш мола, Жанкент және Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда.
Баспасөз конференциясы соңында Гүлшара Әбдіқалықова журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Айнұр ӘЛИ