» » Ұрпақ өсіру – ұлағатты іс

Ұрпақ өсіру – ұлағатты іс

ЖУЫРДА Т.КӨМЕКБАЕВ АТЫНДАҒЫ №250 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНДЕ ЖАС МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН «ДИРЕКТОРДЫҢ АТА-АНАМЕН ҚОНАҚ БӨЛМЕСІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «ОТБАСЫ – ОШАҒЫМЫЗДЫҢ ОТАНЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ.
Қонақ бөлмесі түрлі шар, тілек сөзбен безендіріліп, төрге үй, күн, жасыл желек сынды басқа да суреттер ілінген. Мектеп директоры Гүлжаһан Жұмағалиқызы кездесуге келген ата-аналармен осы тақтадағы суреттердің біріне есімдерін жазып қалдыру тренингімен іс-шараны бастады.
Бір қызығы, әкелер жағы үйдің шатырын таңдап, «ер азамат отбасының қорғаны, қандай қиындық болса да соны жеңіп шығуда ешбір мойымайтын адам» десе, әжелеріміздің таңдауы «күнге» түсіп, «әже – шаңырағының төбесіндегі шуағын шашып тұрған күні іспетті. Жайнап, жадырап ұрпағына көтеріңкі көңіл күй сыйлай білетін, немерелерінің жақсы азамат болуына аянбай күш жұмсайтын нағыз жанашыр» деп ой білдірді. Ал жас аналар «Саялы ағашты» – жаңарудың, жасарудың белгісі, адам мен табиғат арасындағы нәзік байланыс­пен сабақтастырды.
Тренингтен кейін ата-аналар дас­тарқан басына шақырылып, бала тәр­биесі жөніндегі әңгімені бауырсақпен шай іше отырып жалғастырды. Дөңгелек үстел отырысында маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе, әке беделінің түсіп бара жатқаны баян етілді.
Дастан Нәзікбаев, ақын, ұстаз:
– Әке үйдегі ең үлкен тұлға. Ол отырғанда ешкім сөйлемеген. Оның сөзі, әкенің ойы – сол отбасының шешімі болған. Әкенің әкелік рөлден айрылып қалған кезеңі әріде. Кеңес өкіметі келген кезде біз осы дәстүрден ажырай бастадық. Қай дәстүрді де сәбет өкіметі жоюға ықпал етті. Себебі оларға қазақ халқы керек емес еді. Оларға «Совет азаматы» керек болған. Олар қарамағындағы ұлттарды жо­йып, олардың ішінен «совет азаматын» шығарды. Бұл – жер бетінде жоқ, Алла жаратпаған, қызыл өкіметтің ойлап тапқан саясатының жемісі-тұғын. Сол ізбен бәріміз де совет азаматы болып тәрбиелендік. Ұлттық құндылығымызбен тек Тәуелсіздік алғасын барып қауыштық. Коммунист жаназаға тұруға, қайтқан адамды шығарып салуға болмайды деген әңгімелер шықты. Шынын айтқанда, ұлттық дәстүріміз осылайша бұзылды. Оның ішінде әке тәрбиесі де тоқырады. Дүкен сөресі ащы суға толса, той-томалақ ішімдіксіз өтпеді. Көшеде екі адам кездессе, «нең бар?» деп арақ ішілді. Сөйтіп осындай дәрежеге кетіп қалдық. Сан ғасырғы дәстүр ұмытылып, әкенің рөлі осылай түсе берді. Жаппай ішімдік ішу етек алды. Маскүнем әкеден әйел, бала теріс айналды. Дегенмен, халқымызда «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық» деген даналық сөз бар. Біз қазір еркектерді әйелдерден төмен сияқты, баламен қалатын болса асырай алмайтындай, отбасына анасындай қарамайтындай екінші сұрыпты адам қатарына алып келдік. Шынына келгенде, осыншама жерді, халықты ұстап қалып, ұлан-байтақты ұрпағына мұра етіп қалдырған әкелеріміз емес пе?! Солардың төгілген қаны арқылы осы байлық келген жоқ па. Тәубе дейміз, егемендік алғаннан бері ел болып еңсе тіктеп келеміз. Сол себепті ата-дәстүр ортаға қайта келуі керек. Әке өзінің орнында отыруы, отбасындағы сөзін айта білуі керек. Тұлғалық дәрежесіне қайта оралуы керек. Онсыз болмайды. Атаның айтар сөзі үйде заң болуға тиісті. Көбіне байқаймын, үйде әйелдер би. Салтымызда шаңыраққа ер бала ие болып қалады. Егер отбасында әйел би болатын болса, ертең балаң өсіп үй болған кезде билік келінге көшеді. Неге?! Өйткені бала соны көріп өсті. Әкенің рөлінің жоқ екенін, әйелдің билейтінін бала кішкентайынан сіңіріп шықты. Ол да әйелінің алдында қорғаншақтап тұратын болады. Күйеуін бастырмалаған әйел енді келініне ештеңе айта алмайды. Егер солай болып жатса, оған кінәлі әйелдің өзі. Не енесін, не атасын тыңдамайтын, сыйламайтын келіндер осындай «тәрбиенің» көрінісі.
Ағлима Томанова, еңбек ардагері:
– Біз де қызмет істедік. Бала тәрбиеледік. Оларды өсіріп-бағып, өмірден өз орнын табуға атсалыстық. Енді немерелерге көшіп жатырмыз. Өз балаларымызға қандай тәрбие берсек, соны немеремізге берудеміз. Өзімді «әжелер институтының» бір мүшесі санаймын. Тәрбиенің жақсы жағын көрсете білсек, ұрпаққа өнеге бола алғанымыз.
Дастан Нәзікбаев, ақын, ұстаз:
– Дұрыс айтасыз. Бала тәрбиесінде ата-әженің орны бөлек. Жас ата-ана жұмысбасты. Отбасында бала көп уақытын ата-әжесімен өткізеді. Жұмыстан шаршап келген адам әрі кетсе, баласының сабағын оқыдың ба, деп сұрар. Онымен толыққанды сөйлесе, бағыт бере алмайсың. Сөйтіп, баламен дұрыс жұмыс істей алмай қаласың. Ал немере ата-әженің бірыңғай алдында. Ол үшін ата-ананың да көкірек көзі ояу болуы қажет. Тұлғаны шығару үшін өзі де тұлға болуы керек. Көп оқуы және баланы қалай тәрбиелеуге болады деп ізденуі керек-ақ.
Міне жас мұғалімдер отыр. Айналайындар, мұғалім болып келдің бе, мұғалім деген ақша табатын адам емес. Ақшаны үкімет төлейді. Ұстаз болған адам өзінің сағатын, бала алдындағы жауапкершілігін терең түсініп, әрбір мұғалім «Мен Отаныма қызмет істеуді осы баланың тәрбиесі мен білімі арқылы өтейін. Жатпай-тұрмай еңбектеніп, оған жақсы тәрбие берейін. Құдай алдындағы, адам алдындағы парызым – осы. Оны дұрыс атқарайын. Менің еткен еңбегім арқылы Отаным гүлденеді, менің азамат етіп шығарған балаларым ертең елге тұтқа болады» деген мақсатта мүдделі болатын болса, онда біз өркениетті мемлекет боламыз. Шикізаты жоқ жапондарды қараңыз. Есесіне адамның ақылы арқылы қандай жетістікке жетуде. Сондықтан да адам тәрбиесі – бұл Отанның келешегі. Ұлттық рухта баланы тәрбиелеу – басты мұратымыз болсын!
Ғалымжан Ақжігітов, ата-ана:
– Қазіргі тәрбиені бала­ларға ата-ана емес, ұялы телефон беріп жатқандай. Әлеуметтік желі әлем­ді шарлаған заманда онымен күресу күрделі екені рас. Кезінде әжеміздің тәрбиесімен өскен баламыз. Одан жаман болғанымыз жоқ. Бала тәрбиесі қоғам болып атсалысатын мәселе. Ұрпақ тәрбиелейтін болсақ, ұлттық бағытта тәлім беруіміз керек. Т.Көмекбаев ауылында 4 жыл қызмет істедім. ХХІ ғасыр. Аудан мен ауылдың арасы 160 шақырым. «Алыстан 6 жасар бала келсе, ауылдың ақсақалы барып сәлем береді» демекші, ер адам ба, жас бала ма алдынан кесе өтпейді. Ол жақта да осы адам, осы ауа. Айырмасы ол жерде ұлттық тәрбиені ұстап қалған. Ұлттық тәрбиені қолға алсақ, олқылығымыздың орны толмақ.
Гүлжаһан Мұнарбаева, мектеп директоры:
– Ғалым­жанның сөзін сабақтап кет­сем. Қазір ғаламторға байланған уақыт. Бала өзіне қажеттісін де, қа­жетсізін де осы ғаламтордан алады. Және ғаламтордағы ойынға кіріп кетіп, жайсыздыққа ұшырап жатқаны да аз емес. Біздің ата-аналарымыздың жоғары білімі болмаған шығар. Тіпті бізге сабақ берген кейбір апайларымыз да 2 жылдық қана педагогикалық білімі болған. Сондай бір апайымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиеттік кітаптарды оқуға үйретті. Бүгінгі бала әке-шешесінен тығып, түнімен ұялы телефон қараса, біз әке-шешемізден жасырып астына химия пәні, бетіне әдебиеттік кітапты қойып күні-түні оқитынбыз. Каникульда қолымыздан кітап түспейтін. Үйде ата-анамыз «Жұлдыз», «Жалын» журналы мен орыс тіліндегі «Роман» газетіне жазылатын. Сол дүниелерді бірі-бірімізден сұрап алып оқитынбыз. Қазірге дейін қолымыз қалт етсе, кітапқа жүгіретініміз бар.
Айдос Ақылбеков, ата-ана:
– 2 балам осы мектепті бітіріп, грантқа оқуға түсті. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірді. Ата-ананың қайсысы да баласын нашар оқысын демейді. 1990 жылдары жұмыссыздық белең алып, елімізде ер-азаматтар жұмыссыз қалды. Сол кездерде әйел қауымы аладорба асынып, базарға шықты. Бәлки, сол нәрселер ер азамат беделінің түсуіне септігін тигізген болар. Дегенмен, өз басым қазіргі жастарға сенім артамын. Олардың арасында білімді де біліктісі жетерлік.
Ағлима Томанова, еңбек ардагері:
– Біз әжеміз. Осы пандемияның кесірінен біраз дүниені жоғалтып алдық. Баланың білімі де төмендеу болды. Азаннан кешке дейін үйде отырған баланың да іші пысады. Далаға шығара алмаймыз. Бір жаққа баратын болса, «сен бар ма, ауырып қаласың» деп өзіміз де шаршап қалған жайымыз бар. Жалпы ата-әжесі бар балалар бақытты. 2 немерем бар. Жақында «Қармақшы таңы» газетіне журналист Айнұр Әлидің жақсы бір мақаласы жарыққа шықты. Сонда көшедегі газ шкафына балалардың шимайлап тастаған іс-әрекеті жазылыпты. Мақаланы бастан-аяқ оқып, немерелеріме мұндай әрекеттің дұрыс емесін түсіндірдім. Олар да мені құптап, ой бөлісті. Жас педагогтарға айтарым, мұғалім болу оңай емес. Тер төгу керек. Еңбек етіңдер. Өздерің кітапты көп оқыңдар. Жақсы жағынан көрініңдер. Осындай іс-шара ұйымдастырған мектеп басшысына ата-аналар атынан алғысымды білдіремін.
Кездесуде сондай-ақ, Шакаркүл Өмірова, Досжан Құндақбаев, Ерболат Жүнісов және басқалары да іс-шараға белсене атсалысты.
Басқосуда мектеп оқушылары Тоғжан Өміртай ән салса, Әмина Самет мың бұрала биледі, ал Олжас Өмірзақов домбыраның құлағында ойнап, күй тартты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
09 қараша 2021 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930