Ызғар

Әдеттегіден ерте жатқан Әлима бұ жолы да көз ілмеді. Қайта-қайта есікке елеңдеумен сағат санап жатқаны бұл. Аяқасты шығатын у-шудан әбден мезі болса керек. Кейде көз жасын жастық астынан білдірмей сығып алатыны бар. Кенет есік жақ тарс етті.
– Кім бар, әй? – деген Қамбардың да­уысы жер жарғандай еді.
Бүгін тағы мас. Бір қолында таусыла қоймаған шөлмегі. Қисалаңдап аяғын баса алмай әрең тұр. Мұндай дауысқа еті үйренсе де, құбыжық көргендей жиырылатын балалары ұйқысынан оянып кетті. Не істерін білмей түпкі бөлмеге қаша жөнелді. Тек мұның арасында үлкен қыз ғана анасын қорғаштаумен шыр-пыр болатын. Әкесінің мінезін біледі ғой. Анасы тағы таяқ жемесін деп алдына өзін тосатыны бар. Бұл әлгі әкеге ұнай қоймайды. Ішкен адам не демейді, әйтеуір аузына келгенін былапыттап, жұдырығын кім болса соған ала жүгіреді. Сөйтті де.
Сытырыла орнынан тұрған Әлима отағасын басып әлек. «Шаршадың, демала ғой» деген сөзді естісін бе? «Сен не деп тұрсыннан» өзге сөз айтпаған Қамбар жұдырықпен бір-ақ соқты. Бірақ бұл жолы ол әйеліне емес, үлкен қызына тиді. Дем жетпей бір орында сілейіп қалған қыз тек мұзды жанарымен әкеге қадалған еді. Оны байқаған әке жоқ. Екінші мәрте ұрғалы жатқанда бойжеткеннің ащы дауысы шыр ете қалды. «Жетер» дегеннен өзге сөз айтпаған қызға анасы «Қандай болса да әкең ғой, сыйла» деп әлек. Ашу үстіндегі әке бір сәтке тынышталғандай. Бірақ ол қайдан болсын. Асханада тұрған ет шабатын балтаны алды да әйелі мен қызына тұра жүгірді. Аяқ киімді аяққа ілер-ілместен анасы мен қызы тысқа қашты. Үсті желең. Күн болса аяз. Ызғар жан-жағыңнан тоңдырып барады. Ақпанда жауған ақ қардың үстімен жалаң аяқ сыртқа жүгірген екеу қорадағы пішен артына жасырынды. Бір-бірін құшақтап жылытпақ ниетте. Әрі іздеп, бері іздеп ауланы кезген Қамбар қайта үйге кірді. Арада қанша уақыт өткені белгісіз. Бірақ манағыдай емес, тынышталды. Енді үйге кіре беруге болады деп үйге беттеген екеудің үстіне біреу тағы да суық су құйғандай. Есік тарс жабық. Үйді айнала жүгіріп терезе қаққанмен жауап жоқ. Ашпайды. Аяқ үскен, дене суықтан ештеңені сезбейді. Әлсіреп бара жатқандай. Тағы бір мәрте үйдегілерге жеткісі келгенмен болмады. Мұны сезген Әлима басындағы орамалын алып қызының үстін орады. Жейдесін шешіп, аяғына жапты. Ауық-ауық екі алақанымен аяқ-қолын үйкелеп жатыр.
– Сен тоңбашы, құлыным, – дейді кеудесін өксік өртей.
– Тыңдашы, алтыным! Есіңді жи, өзіңе кел, жарай ма? Ендігі мен болмасам бауырларыңа баскөз болатын өзіңсің. Әкең қандай болса да оны сыйла. Ініңді, сіңілдеріңді әрдайым қолдап жүр, – деген Әлиманың бұл жолы әлі кеткендей. Ендігі сандырақтап тек бір сөзді қайталауда. Қызын қатты қысқан құшағы жайлап босауда. Шалқадан түсіп, айлы аспанның әсемдігінен тоңған ызғар сезілмеуде. Санасында тек «Ғажап болуы мүмкін бе?» деген сөздер сайрай берді. Бала күні көз алдынан кадрдай зырғып өтті.
Бала дейтіндей балалық шағы да болмапты ғой. Марқұм әкесі қайтқалы жесір анасы әмеңгерлікпен қайын інісіне қосылыпты. Психикалық ауытқуы бар ол анасымен қоса балаларын да сабайтын. Соның теперішіне шыдамаған Әлима бәрін тастап, небәрі 16 жасында Қамбармен қолұстасып, қашып кетеді. Алайда мұндағы көрген күн күн болды дейсіз бе? Бастапқы 4-5 жыл тыныш өтті. Дегенмен енесі қайтқалы күйеуі де ішкілікке салынған. Өзі би болса да отбасының ұйытқысы болған енесі татулықты сақтап отырушы еді. Бірақ өмірі ұзаққа бармай, ұлын Әлимаға аманаттап кете барды. Жас отбасының тамырын тереңінен қазамыз деген арман сол күйі ойран болды. Енесі қайтқалы ішуді бастаған Қамбар күн бермейтін. Шиіттей бала-шаға. Тапқан азын-аулақ тиын-тебені араққа кетеді. Солай итке берсе ішпейтін сумен достасқан отағасы шаңырағын шайқалтушы еді...
...Бірінен соң бірі зырғып жатыр, зырғып жатыр. Ал Әлиманың көзінен аққан тамшы жас ызғармен сырғи алар емес. Қолымен қызының алақанын қатты қысып, ұйқыға кетті. Әне-міне дегенше таң да атты. Күн аязы әлі сынбаған. Азанмен дайын сүтті сатып алуға келетін көрші Сәнімкүл бұл жолы әдеттегіден ерте келді. Күнде жабық тұратын дарбаза бүгін оңай ашыла кетті. «Апырым-аулап» кірген ол қолдағы шелегін тастай сала тұрған күйі қозғалмай қалды. Аяз, ысқырық боран. Қызы мен анасы сол күйі қозғалмай есік алдында жатыр. Айқайлай көршінің бәрін жиып әкелген Сәнімкүл өз-өзіне келе алмай әлек. Иә, бұл сәтте Әлима мен қызы жан тапсырған еді. Өмірде күліп жүруі аз болғанымен мәңгілік мекенге жымия кетіпті. Ал Қамбар, Қамбар болса қалың ұйқыда. Балаларының анасынан, өзінің сүйікті жарынан, бауыр еті баласынан айырылғанынан хабары жоқ. Мастығын жаза алмай, ұйқысын аша алмай, шулағанға қолын бір сілтеп, қайта тәтті ұйқыға кетті...
...Бұл елдегі отбасылардың бірі болмаса екіншісінде орын алатын жайт. Тиран күйеу мен зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кейбір әйел ажал құшуда. Бізді сол «Қайтып келген қыз жаман» мен «Ұят болады» тежейтіндей. Амал не, тәрбиеден, көршінің сұқты көзі мен әкенің қатулы қабағынан қорыққан қыздың көнбеске шарасы қалмайды. Бірақ қатты ызғардың көмейіңді кесіп өтетінін ұмытпаса ғой...

Айнұр ӘЛИ
03 маусым 2021 ж. 691 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 246

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 348

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930