Аудан әкімі олимпиада жүлдегерлерін қабылдады
Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада жүлдегер атанған оқушыларды қабылдады.
Аудан басшысы биылғы оқу жылында ерекше дарындылығымен танылған, білім бәсекесінде жүлделі орындарды иеленген оқушылар мен пән мұғалімдерін құттықтап, марапаттарын табыстады.
Қабылдауға республикалық олимпиадада жүлделі орын алғандар №80 мектеп –гимназияның 11 сынып оқушысы Елдос Жақсылық, пән мұғалімі Серік Ниязов, №85 орта мектептің 11 сынып оқушысы ЛаураЖанділдаева, пән мұғалімі Жанар Серікбаева, №277 мектеп – лицейінің 11 сынып оқушысы Айдана Домакбаева, пән мұғалімі Гүлмира Қазтуғанова және №279 мектеп – лицейінің 11 сынып оқушысы Венера Яссауиева, пән мұғалімі Эльмира Медеуова қатысты.
Кездесуде сөз алған аудан басшысы
– Қазіргі таңда қоғамда ұстаздар қауымына болашақ ұрпағымызды Отансүйгіштікке, білім мен еңбекке, адалдыққа тәрбиелеу міндеті қойылып келеді. Біздер ауданымыздың әлеуметтік – экономикасының дамуындағы шұғыл өзгерістерге уақытында ілесе алатын, соған бейім мамандарды дайындауымыз керек. Біз келешекке қандай мамандық иелері қажеттілігін ескере отырып, сол мамандық иелерін алдын ала даярлауымыз қажет.Бұл үшін ауданымызда дарынды, ізденімпаз жастарға қолайлы кеңістік құру қажет деп есептеймін. Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңізбен, жоғарғы көрсеткіштеріңізбен қуанта беріңіздер! Бүгінгі кездесуде баршаңызға білім белестерін бағындыруда жаңа жетістіктер мен зор шығармашылық табыстарға жете берулеріңізге тілектестік білдіремін!- деді аудан әкімі Мұса Оспанұлы.
Қабылдауда оқушылардың жетекшілері сөз сөйлеп, шәкірттердің шығармашылығын шыңдауда алдағы уақытта да жемісті еңбек ете беретіндерін жеткізді.
Кездесу соңында оқушылардың білім бәсекесінде жетекшілік еткен пән мұғалімдері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі