» » Қазақстандағы автобизнес: қалай дамуда, келешегі қандай?

Қазақстандағы автобизнес: қалай дамуда, келешегі қандай?


Елдегі пандемия, қаржы секторының тұрақсыздығымен байланысты әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан автомобиль өндірісі бірізді жолға қойылып келеді. Мәселен былтыр сатылым мен өндіріс саласында айтарлықтай өсімге қол жеткізді. Қазақстандағы автобизнес Ассоциациясының дерегінше, биыл елімізде көліктің бағасы 20 процентке қымбаттаған. Соған қарамастан қазақстандықтар көлік сатып алуды жақсы әдетке айналдырған. Мысалы, 2021 жылдың қаңтар айынан сәуір айына дейінгі аралықта 34 199 автокөлік сатып алынған. Ал енді біздегі автобизнестің жайы қандай, ал экспорттау қалай жүзеге асуда, болашағы қандай болмақ? Саралап көрелік.

БІЗДЕГІ АВТОӨНДІРІС
ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?

Отандық автоөнеркәсіп тарихына тоқталсақ, 2003 жылы алғашқы «НИВА» автокөлігі шығарылған болатын. Өндіріс көлемі бар болғаны бірнеше мың бірлікті құраған (2010 жылы ең көбі – 4 мың дана) сол жылдары шығарылатын өнім желісін тек ВАЗ маркасының көлігі құрады. Автомобиль нарығының негізгі бөлігі импортқа тиесілі болды.
Кәсіпорындардың нақты міндеттері мен дамудың негізгі кезеңі 2010 жылы моторлы көлік құралын өнеркәсіптік тұрғыдан құрастыру туралы алғашқы келісімдерге қол қоюдан басталды. Дегенмен, саланы дамыту жөнінде қабылданған келісімдердің тиімділігі төмен болып, сатылатын отандық автомобильдердің үлесі 2016 жылы тек 26 процентті құрады. Яғни ынталандырудың жаңа әдісі қажет болды. Осыған байланысты Үкімет қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша преференциялар, кәдеге жарату алымын енгізу, жеңілдікпен несие беру және лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау секілді саланы ынталандыру шараларын қабылдады. Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасы іске қосылды.
Аталған саланы дамытуға «Сары­арқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС стратегия­лық әріптесі ретінде СМС-JAC Motors сынды ірі трансұлттық инвесторды тартты. Осының барлығы саланы дамыту, ынталандыру бағдарламалары бойынша жаңа тәсілдерді енгізудің нәтижесінде жүзеге асырылды.
Коммерциялық техника өндірісіне келер болсақ, елімізге жаһандық ойыншылар тартыла бастады. 2005 жылы Қазақстанға келген алғашқы ірі өндіруші КамАЗ болатын. Содан кейін Daewoo, Hyundai, IVECO, ANKAI және басқа да маркалар өз өндірістерін ашты. Соның нәтижесінде, қысқа мерзім ішінде салық аударымдары есебінен бюджетті жүйелі түрде толықтыратын, іргелес салаларды есепке ала отырып, 10 мың жұмыс орны бар тұтас сала құрылды. Автоөндірушілер саны артып, адал бәсекелестік дами бастады.
Бүгінгі таңда машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан саланың біріне айналды. 2010 жылдан бас­тап Индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде елімізде шамамен 400 млрд теңгеге 130-дан астам жаңа машина жасау өндірісі іске қосылды. 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл кәсіпорындар өнімнің барлық дерлік түрін шығаруды игеріп үлгерді (жинақтаушы және қосалқы бөлшектерден жоғары дәлдікті техниканы құрастыруға дейін) және мұнай-газ, металлургия, сондай-ақ агроөнеркәсіп секілді экономиканың базалық секторларының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда автокөлік құралдарының барлық санатының өндірісі қолға алынған. Елімізде 167 автомобиль моделі, соның ішінде 39 жеңіл модель, 22 әлемдік бренд жиналады.

ЕЛІМІЗДЕГІ КӨЛІК КӘСІБІ
ҚАЛАЙ ДАМУДА?

96 жетекші елде автомобиль өнеркәсібін талдаумен айналысатын NCSA (Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығы) әлемдік сарапшылары былтыр жылдың ортасында әлемдегі саланың жаһандық құлдырауын атап өтті. Дегенмен сол кездің өзінде машина жасау саласындағы тұрақты көшбасшылардың теріс көрсеткіштерінің аясында тек 4 ел ғана оң статистиканы көрсете алды. Ал олардың көшбасшысы Қазақстан болды.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылы автомобиль жасау саласындағы өңдеу өнеркәсібінде ең үлкен өсімді (50 проценттен астам) атап өтті. Мұны ИИДМ деректері мен Қазақстанның Автоөнеркәсібіндегі жылды қорытындылаған қазақстандық АвтоБизнес қауымдастығының сарапшылары да растап отыр. Елімізде жылдық өндіріс көлемі 2020 жылы 77 471 бірлік техникаға жетті, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен бір жарым есе артық (50 541 бірлік) болды. Соның ішінде жүк автомобильдері мен автобустардың өндірісі бойынша өсім байқалады. 2020 жылы отандық зауыттар шамамен 40 процент өсімді көрсете отырып, 5 000-нан астам техника өндірді. Бұл ретте, 2019 жылы ҚР машина жасаудағы автомобиль жасау секторының үлесі небәрі төрттен бірін 26,3 процентті құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш үштен біріне дейін 33,4 процент өсті.
Автомобиль өнеркәсібінің 2020 жылғы табысты көрсеткіштеріне Үкімет пен бейінді Министрліктер тарапынан да, отандық за­уыттар тарапынан да бірқатар нақты қадамдар әсерін тигізді.
Иә, былтыр өндіріске жаһандық трансұлттық инвесторлар тартылды, жаңа брендтер, оның ішінде қолжетімді сегментте пайда болды. Сала үйлесімді, ең бастысы коронавирустық пандемияға байланысты карантиндік шараларға автомобильді онлайн сатуды енгізіп, сол арқылы өндірілген өнімді сату тізбегін, сондай-ақ өнімнің тұтынушыларға қолжетімділігін сақтай отырып, уақтылы жауап берді. Үкіметтің тапсырмасы бойынша автосалондарда автокөліктерді тіркеу орындары ашылды, мұны әуесқой автомобильшілер жақсы бағалады. Сонымен қатар, жеңілдікпен автонесиелеу және лизинг бағдарламасы маңызды рөл атқарды, олар бірнеше жыл бойы қазақстандық тұтынушылар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді қаржы құралы арқылы автомобиль техникасын сатып алуға мүмкіндік берді.
Былтыр елімізде жаңа зауыт пен өндірістер іске қосылды. Былтыр нау­рызда Қостанай зауытында Chevrolet автомобильдерінің өндірісі іске қосылды. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде бұл отандық автомобильдер Қазақстандағы 2020 жылғы ең танымал брендтердің қатарына кіріп, елдегі ең жылдам дамып келе жатқан брендке айналды. Осы уақыт ішінде зауыт осы марканың 15 мыңнан астам бірлігін шығарды. Қостанайлық өндірушімен өткен жылы еліміздің барлық техникасының 51,7 проценті өндірілгенін атап өткен жөн. 40 050 көлік бірлігін шығарып, кәсіпорын дәнекерлеу және бояу операцияларын қолдана отырып, өзінің көрсеткіштерін 100 мың белгіге дейін шығарды. Ал биыл аталмыш зауыт жаңа өндірістік желілерді орнатуға, сондай-ақ өзінің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге 8,4 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы салуды жоспарлап отыр.

ЭКСПОРТТЫҢ НАРЫҒЫ ҚАЛАЙ?
Зауыттардың экспортқа бағыты өндірілетін техниканың жоғары сапасын және шетелдік клиенттердің тарапынан оған деген сенімді көрсетеді.
Былтыр Қазақстан жақын шетелдерге 8 122 бірлік автомобиль экспорттады, бұл 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 3 есе артық (2629 бірлік). Жалпы, күнтізбелік жылдың ішінде елден 55,9 млрд теңге сомасына барлық өндірілген техниканың 10 проценттен астамы экспортталды.
Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қыр­ғызстан елдерінде Hyundai, Chevrolet және JAC брендтеріне сұраныс жоғары.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫНА СҰРАНЫС ҚАНДАЙ?

Былтыр ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің өскені байқалады. Автомобиль зауыттары сияқты, комбайндар мен тракторларды шығаратын зауыттар да өндірісін тоқтатқан жоқ, сол арқылы өткен жылы егіннің тұрақты жиналуына өз ықпалын тигізді.
Жалпы, сарапшылар атап өткендей, отандық зауыттар 93 млрд теңгеге 6 272 дана техника өндірді. Өндірістің жылдық өсімі заттай көріністе 98,2 процентті құрады, құндық мәнінде шығарылымы бірден 2,5 есеге артты.
2020 жылы 3 547 трактор мен комбайн өндірілді, бұл бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 120 процентке артық болды. Тракторлардың өндірісі 2 585 дана, 39 млрд теңгеге шықты. Олардың ішінде 1 048 трактор Ақмола облысында («Беларус» және «RSM») шығарылды, 585 бірлік Қостанай зауыттарына («Lovol» және «Кировец»), 561 трактор – ШҚО («Беларус») тиесілі. Бір жыл ішінде елімізде 962 комбайн өндірілді, бұл 2019 жылғы деректермен салыстырғанда 567 данаға артық болды.
Соңғы жылдары қазақстандық ауыл шаруа­шылығы машинасын жасау жергі­ліктендіруді тереңдетіп қана қоймай, өнімдерінің желісін белсенді түрде кеңейтуде. Елімізде «Петербург трактор зауыты» (Кировец), «Lovol», «Ростсельмаш» сияқты ауыл шаруашылығы техникасының ірі әлемдік өндірушілерімен бірлесіп жаңа жобалар пайда болды. Өткен жылы сондай-ақ әлемдік ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудағы алпауыттар – «Claas» неміс компаниясымен (СҚО-да зауыт құрылысы) және австриялық «PÖTTINGER» компаниясымен (Қостанайда егіс кешендерін өндіру) келісімдерге қол қоюмен есте қалды.

ҚАЗАҚСТАНДА САТЫЛҒАН ЕҢ
ТАНЫМАЛ АВТОМОБИЛЬДЕР

2020 жылдың төртінші тоқсанында көліктр ең көп сатылды. Жылдың соңғы айларында 29 465 автокөлік сатылған. Олардың басым бөлігі Hyundai және Chevrolet үлесіне тиді. Демек биыл да мүмкіндіктері мол.
Жалпы жыл қорытындысында Hyundai көш бастап тұр. Дилерлер 17 856 автомобиль сатты. Lada әзірге екінші орында тұр – өткен жылы 17 453 данасы сатылды. Елге импортталатын автомобильдердің ішінде көшбасшысы – Toyota. Жапон маркасының дилерлері Қазақстанда 10 081 автомобиль сатты және Бішкекте 596 көлік сатты. Наурыз айында басталған Chevrolet сатылымы жоғары қарқынмен артып келеді, 2020 жылдың 9 айында 10 029 автомобиль сатылды.
Ravon бесінші орында, былтыр бұл брендтің 7 137 седан сатылған. Алтыншы орында Kia-6 004 авто. Renault – 2 599 бірлікпен жетінші орында. Көрсеткіштері өткен жылмен бірдей. Сегізінші орында JAC – 2 519 бірлік. 2020 жылы ең көп сатылған көліктердің алғашқы ондығын: Nissan және Volkswagen түйіндеді.

БАҒА ҚАЛАЙ?

Қазақстандағы автобизнес Ассоциа­циясының дерегінше, биыл елімізде көлік­тің бағасы 20 процентке қымбаттаған. Олардың мәліметінше, сәуір айының өзінде 10 мыңнан аса көлік сатылған. Оның 9195-і жеңіл автомобиль болса, 843-і – жүк көлігі.
Сәуірде сатылған көліктің үздік бес бренді анықталды. Бірінші орында – Chevrolet, оның 2 652-сі сатылыпты. Одан соң бір айда Hyundai-дың – 2 302-сі, Toyota – 1 233-і, Kia – 761-і, Volkswagen-нің 407-сі өтіпті.
Мамандардың айтуынша, бұл – осы жылдың орындалған алғашқы межесі. Былтырмен салыстырғанда 79,7 процентке өсім бар. Өйткені 2020 жылдың сәуір айында бар-жоғы мыңға жуық қана көлік сатылған. Бұл сол кездегі пандемияның салдарынан ба кім білсін?
Не десек те, кез келген нәрсенің екі ұшы бар. Сондықтан сол кезеңде елде жаңа көліктен гөрі, екінші нарықтағы темір тұлпарлардың бағасы қымбаттаған. Мысалы, Toyota Camry XV70 жаңасы, яғни 2019 жылғы көліктің құны бір жылдың ішінде 651 300 теңгеге өсті. Яғни 4,9 процент көтерілгенін көруге болады. Бұл көлік былтыр 13 169 200 теңге болған. Ал биыл Toyota Camry XV70 орташа бағасы – 13 820 500 теңге.


Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 мамыр 2021 ж. 419 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031