» » Несие несібе бола ма?

Несие несібе бола ма?

Жаңа техника, қымбат қалтафонды несиесіз алу бізге жат. Үйлену – несие, үй алу – ипотека. Қызығы сол, тойға бару да – несиеге тіреледі. Алғанда тегін келген ақшадай құдды. Бірақ қарызды өтер кезде тосылып қалатынымыз бар. Айлығымыз шайлығымызға жетпей, жетсе барар жердің бір мүйіші шығып тұрады. Солай қарызды өтеу кейінге шегеріле береді, шегеріле береді. Үстіндегі өсімпұлы өсе береді, өсе береді. Картішке бұғаттауда қалады. Айлық банкке өтіп отырады. Кімге пайда, кімге зиян?
Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдар­дың саны –  9,23 млн. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алмаған. Олар – 18-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар. Ал елдің қалған 7,5 млн азаматының банк пен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Жоғарыдағы статистика нені көрсетеді? Бұл – қазақстандықтардың жартысына жуығы қарыз деген сөз. Айта кетерлігі, соңғы уақытта бұл мәселені шешуге бағытталған екі қадам жасалды. Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2019 жылы жалпы қарызы 3 млн теңгеден аспайтын әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл – бір реттік шара. Одан соң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге шектеу қойылды.
Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Ал халық банк пен қаржы ұйымдарына 26 трлн теңге қарыз екен. Оның ішінде, бизнес несие – 17,6 трлн теңге (75%), бөлшек несие – 7,4 трлн теңге (25%). 26 трлн теңге несиенің 20,2 трлн теңгесін екінші деңгейлі банк­тер, 290,6 млрд теңгесін микроқаржы ұйымдары, 4,4 трлн теңгесін өзге қаржы ұйымдары берген. Ал 84 млрд теңге – онлайн несие.
2019 жылы портфель 22 процентке артып, 580 мың адам алғаш рет несие алған. Қазақстандағы несие шарттарының жалпы саны 55,6 млн,  5,4 трлн теңге тұтыну несиесі берілсе, оның 93 проценті екінші деңгейлі банктерге тиесілі. 89 млрд теңге ипотеканы несиелеуге жұмсалған. 400 млрд теңге автонесие және 600 млрд теңге кепілді несие берілген.
Бұл – Бірінші несие бюросының мәліметі. Олардың сөзінше, кепілсіз бөлшек несие алушылардың 80 проценті қаржы ұйымдарына 316 мың теңгеден қарыз. Ал соңғы үш жылда аз мерзімге шағын несие алушылар саны артқан. Мұндай несиенің орташа сомасы – 170 мың теңге.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің мәліметінше, 2000 жылдан бері бөлшек несиелер көлемі 15,3 млрд теңгеден 6,8 трлн теңгеге дейін ұлғайған. 19 жыл ішінде баға индексі – 420 процентке, орташа атаулы табыс – 6,3 мың теңгеден 103 мың теңгеге дейін, үй шаруашылықтарының шығындары 4 мыңнан 52 мың теңгеге дейін өскен. 2020 жылдың 1 қаңтарында тұтынушылық мақсаттарға арналған сома 4,2 трлн теңгені құрапты. Ұлттық банктің мәліметінше, өңірлерде кірістер біркелкі бөлінбейді. Барлық бөлшек несие портфелінің 51 проценті үш қалаға ғана тиесілі. Яки Алматы – 37 процент, Нұр-Сұлтан – 8 процент, Шымкент – 6 процент. Ипотека қарыздары бойынша да негізгі үлеске осы үш қалаға ие. Алматы – 24 процент, Нұр-Сұлтан – 27 процент, Шымкент – 4 процент.


ТАБЫСТЫҢ ӨСПЕУІ
НЕСИЕГЕ ҚАТЫСТЫ МА?

Асыға күткен айлық түскенде оның көбі несиеге кетеді. Рас қой? Осындайда «бұл кредит болмағанда ақшам бәріне жететін еді» деп жекиміз. Ал сол табысымыздың өспеуі, ақшамыздың жетіспеуі несиеге байланысты ма? Экономист Айдархан Құсайынов Қазақстанда "қарызға бату проблемасы жоқ" деп есептейді.
– Нарықтағы банк моделі өзгеріп жатыр. Банк арқылы бөліп төлеудің бәрі қарыз алушылардың кедейлігімен байланысты емес. Өйткені несие ретінде есепке алынатын тауарды бөліп төлейтін болса адам мұның өзіне ыңғайлы екенін түсінеді. 2019 жылдың қазан айына қолма-қол ақшасыз төлемдер – 2,7 есе, интернеттен сатып алудың 2,5 есеге артуы осыған дәлел, – дейді экономист.
Ол қазақстандықтардың өз табысының 50 процентін азық-түлікке жұмсауы мен олардың табысының өспеуі, кедейлік мәселесінің қарызға батуға ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
– Тұрғындар ақшасы болмай, жұмыссыздықтан несие алады деу – қате. Қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған несие рақымшылығына 105 млрд теңге бөлінді. Бұл 7,4 трлн теңге көлеміндегі бөлшек қарыздың 1 процентін ғана құрайды. Бұл кедейшілік шегіне жақындап келе жатқан санаттағы адамдар арасында да қарызға батудың жоқ екенін көрсетеді, – дейді ол.


ҚАРЫЗ АЛАМЫЗ,
ҚАРЕКЕТ ЖАСАЙМЫЗ БА?

Сол қарызға жоламайын десек те әйтеуір қалай алғанымызды білмей қаламыз. Біреу – қажеттіктен алса, енді бірі – мұқтаждықтан алады. Бірі – қымбат телефонмен мақтанғысы келеді, бірі – тойға барғысы келеді. Дегенмен қарыз алдық, қарекетті кім жасайды? Мейлі, денсаулығымыз жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді, ай сайынғы төлемді жасауға мүмкіндігіңіз мүлдем жоқ. Не істемек керек?
Жалпы несиені қайтара алмаудың екі себебі болады екен. Біріншісі, «ұмытып кету» немесе салғырттық. Көпшілігіміздің қарызды қайтаратын күнге дейін асықпайтынымыз рас. Банктердегі адамдар өз жұмысын атқарып отыр. Бірақ, оған қарамастан «екі күн ұмытып кеткенімді кешіруі керек қой» дейтіндер де табылады. Екіншісі, несиені уақытылы қайтара алмауға маңызды себептер болады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен бірінші сұраққа жауап. Банктен алған несие әрқашан заң бойынша рәсімделеді. Себепсіз қайтармаған, ұзақ уақытқа «ұмытып» кеткен жағдайда, заң арқылы жауап беруге тура келеді. Мұның салдары үлкен. Одан соң несие тарихы бүлініп, «қара тізімге» енеді. Оның нашар клиент екені жайындағы ақпаратқа барлық банк құлағдар болады.  Сосын несие кепілдікпен болса, сот арқылы немесе сотқа дейін-ақ кепіл заты сатылады. Несие кепілдіксіз болса, сот арқылы банктердегі есеп-шот жабылады. Есеп-шоттарға, мәселен жалақы картаға түсетін барлық сома бірден банк алдындағы қарызды жабуға кетеді. Одан соң қарыз алушы шетелге шыға алмайды. Әуежайдан ары қарай аттатпайды. Бұл тек несие төлемеген кезде ғана емес, алиментке де қатысы бар.
Егер несиені қайтара алмауға лайықты себеп болса ше? Мәселен денсаулық жарамай қалды, жұмыстан шығарып жіберді, төлем жасауға мүмкіндік болмады. Не істеу керек? Банктерде де адамдар жұмыс істейді. Аса қиын жағдайларда олардың да ұсынатын шешімдері бар. Ол үшін алдымен банкке хабарласу керек. Өсімпұл мен айыппұл, сотқа шақыртуды күтпей-ақ, банкке өзі барған жөн. Банк мұндай жағдаймен бірінші рет ұшырасып тұрған жоқ. Олардың форс-мажорлық жағдайда жасайтын ұсыныстары міндетті түрде болады. Банкке келіп, төлем қабілеті аяқ асты нашарлағанын дәлелдеудің арқасында екі жаққа да қолайлы нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі бар. Бұдан ең болмағанда несие тарихын сақтап қала алады.
– Ұлдарымды қатарынан үйлендіріп, несиеден-несиеге қарыздан белшеден баттым. Бірінен соң бірі айналып келе берді. Айлығым тек біреуін жабуға жететін. Солай не істерімді білмей банкке бардым. Жағдайымда айттым. Өйткені жұбайым жұмыстан аяқ асты шығып қалды. Солай банктен қолайлы төлем жасауға көмек алдым. Қарап отырсам әлі бірнеше жыл осы қарызды өтейді екенмін. Барынша несиеге жоламаған жөн, – дейді Роза Әбсаттарова (аты-жөні өзгертілді).


БАНКТЕР НЕГЕ ТЫМ ӨКТЕМ?

Қазақстан билігі жұрттың "кредитке тәуелдігін азайтуды" көздейтін науқан өткізіп, қаржы нарығын реттейтін жаңа заң қабылдағанымен, жыл басынан бері несие алатындар да, оны кешіктіріп төлейтіндер де көбейді. Кейінгі жылдардағы жаппай кредит алу құбылысын індеттен кейін күшейген экономикалық дағдарыс ушықтырып жіберді.
Жақын маңайдағы ауылдардың бірінде тұратын 42 жастағы келіншек (аты-жөні өтініші бойынша жасырылды – ред.) – 5 баланың анасы. Өз мамандығы бойынша жұмыс болмаған соң көше сыпырушы болып жүр. Күйеуі болса жұмыссыз. Арасында мерзімі келгенде азын-аулақ табысы бар қара жұмысқа жегіліп отырады. Отбасын асырап отырған сол отанасы ғана. Айлығы елдегі ең төменгі көрсеткішті құрайды. Үйдің үлкені отау құратын болған соң тойға деп қомақты көлемде несие алыпты. Үй жөндеуіне алғаны тағы бар.
– Үлкен ұлым келін әкелмекші болды. Қатардан қалмасын деп  кредит алдым. Үй ішінің де жөндеуіне ақша болмай, құрылыс материалдарына керек қаржыны кредитке алдым. Оларды төлей алмай қалдым. Соны төлеу үшін үшіншісін алдым. Қайтемін енді? Сөйтіп бір банктегі кредитімді жаптым. Қазір екі кредит қалды. Төлеу қиын болып жатыр, – дейді ол.
Әлеуметтік төлемнен қалған ақшаны азық етеді. Қалғанын айлығымен қосып несиеге төлейді. "Қарыздарыңыз тұрмысқа қалай әсер етіп жатыр?" дегенімізде ол "тәтті тамақты ұмыттық қой" деп қысқа қайырды.


НЕСИЕ МЕН ПАНДЕМИЯ

Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанда кредит алатындар жыл сайын көбейіп жатыр. 2016 жылға дейін банктердің жалпы кредит портфелінде заңды тұлғалардың үлесі артып келсе, 2017 жылдан бастап жеке тұлғалардың үлесі арта бастаған. Мәселен 2016 жылы жеке тұлғаларға берілген кредит үлесі жалпы портфельдің 31,8 процентіне тең болса, қазір бұл көрсеткіш 48 процентке жеткен.
Қазақстанның кредит нарығында жұмыс істейтін жекеменшік компания – Бірінші кредит бюросының дерегінше, еңбекке қабілетті 9 миллионнан астам адамның 7,46 миллионында кредит бар. Бұл – несиесі жоқ азаматтар үлесі 19 процент деген сөз. Бірақ кредит алмағандар да аза­йып келеді. Бюро директоры Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, жыл сайын бұрын-соңды кредитке жүгінбеген 500 мыңдай адам банктен несие алуға өтініш береді. "Олар орта есеппен 300 мың теңге кредит алады" дейді ол.
Қазақстандықтардың кредит алуы көбейіп жатқанын билік өкілдері де мойындайды. Былтыр маусымда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова "қазақстандықтар өмірі кредит арқасында ғана жақсарып отыр" деп мәлімдеген еді.
– Азаматтардың шынайы табысы 5,5 процентке өсті. Бірақ жұрт азық-түлік алуға табысының тең жартысына жуығын жұмсайды. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 10 процент. Бұл нені білдіреді? Азаматтар бар тапқанын "ішіп-жеп" отыр. Олардың ақша жинауға мүмкіндігі жоқ. Халық өмірі кредит арқасында ғана жақсарды. 2019 жылы азаматтар алған несие өсімі жалақы өсімінен 15 процентке асып кетті, – деді ол.
Годунова сөйлеген мәжілістің пленарлық отырысы Қазақстан коронавирус індетінен соң туған дағдарысты бастан кешіп жатқан тұста өткен. Өткен жылы көктемде төтенше жағдаймен қатар енгізілген алғашқы карантин кезінде сауда орындары мәжбүрлі түрде жаппай жабылып, кәсіпкерлер зардап шекті. Жұмыссыз адам көбейді. Қазақстанның әр бұрышынан "Енді кредитімізді қалай төлейміз?" деген сауал жиіледі. Артынша үкімет кредитті "өсімақысыз кешіктіріп төлеуге болатынын" хабарлады. 23 маусымда өткен үкімет отырысында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы наурыз-маусым айларында кредит алған әрбір үшінші жеке тұлға немесе 1,8 миллион адам кредитін кешіктіріп төлегенін хабарлаған болатын.
Бұл шағын кәсіптегі қарапайым жұмысшылар алған соңғы соққы емес еді. Шілденің басында Қазақстан үкіметі екінші рет карантин енгізді. Жұмысы ақырындап жандана бастаған азаматтар кәсібін қайта тоқтатуға мәжбүр болды. Көктем мен жаздағы шектеу шараларынан Қазақстан бизнесі әлі толық ес жиған жоқ. Оны Ұлттық банктің ресми деректерінен де байқауға болады.
Қазақстан коронавирус індетінің зардабын әлі тарта қоймаған уақытта, азаматтардың банктен алған кредит мөлшері 6,45 триллион теңгеден асып, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,9 процентке өскен. Бұл кезде кредитін 2 айға дейін – 31-60 күн аралығында кешіктіріп төлейтіндер саны жыл басынан бері 19,3 процентке өскен еді. Жарты жылдан соң, қыркүйекте кредитін 2 ай кешіктіріп төлейтіндер қаңтармен салыстырғанда 169,3 процентке артып кетті. Бір ай кешіктіретіндер – 52,3 процентке, үш айға дейін кеш төлейтіндер 82,7 процентке көбейген.


ТАЛАП ПЕН ЖАУАП

Қазақстанда кредит амнистиясын жариялауды депутаттардың да, оппозициялық саясаткерлердің де жиі айтып жүргенінен-ақ елде несие мәселесінің масштабы қаншалық зор екенін түсінуге болады. Қазақстан тарихында алғаш рет кредит амнистиясы былтыр шілдеде – елде әлеуметтік наразылық күшейіп тұрғанда жүргізілген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бюджет есебінен әлеуметтік әлсіз топтар санатына кіретін 500 мыңдай адамның 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілген болатын. Одан соң Президент қаржы нарығын реттейтін заңға өзгеріс енгізді. Бұл құжатқа сай, 2020 жылдың қаңтарынан бастап табысы күнкөріс минимумынан, яки 31 183 теңгеден аз азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Бірақ бұл жұрттың кредитке жүгінуін азайта алмады. Ұлттық банктің қазандағы дерегінше, 2020 жыл басынан бері азаматтардың несие алуы 5,7 процентке өскен. Ал кредитін үш айға дейін кешігіп төлейтіндер бір жылда 142 процентке артқан.
Былтырғы тамыз айында қоғам белсенділері бастаған бір топ адам Қазақстан Президентінің резиденциясы – Ақордаға барып, несиені кешіруді сұраған 100 мыңдай азаматтың өтінішін тапсырған еді. Хатқа бір айдан соң жауап келді.
Ал бұлай амнистия жариялауға карантиннен кейін нашарлаған халық тұрмысы себеп болғанын айтады олар.
– Жұмыссыздар артып келе жатыр. Табыс төмендеді. 20 күнде 100 мың адамның "кредит кешірілсін" деп хат жазуы – осының бір көрсеткіші. Басқа мәселелерге олай қол жинай алмайсыз. Бұл жұрттың жағдайы қиын екенін көрсетеді. Бізге өтініш жазғандардың біразы 250-300 мың теңге көлемінде кредит алған. Ем-домына, балаларының оқуын төлеуге, азық-түлікті де кредитке алғандар бар. Бұл табыстың төмен екенін көрсетеді, – дейді қоғам белсендісі.
Кредит амнистиясын жариялау бастамасын қыркүйекте мәжіліс отырысында Қазақ­станның халық партиясы (бұрынғы атауы Қазақстан коммунистік халық партиясы – ред.) фракциясының мүшесі Айқын Қоңыров та көтерді. Депутат шектеу шаралары енгізілген кезде жұрт "бұрын алған кредиттерін төлеу үшін тағы кредит алғанын", сондықтан "карантинге дейін салықты уақтылы төлеп, азаматтарды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп келген заңды және жеке тұлғалардың кредитін кешіру керек" деген. Қоңыров бұған керек қаржыны "әкімшілік-шаруашылық қызметке кететін мемлекеттік шығынды үнемдеу мен салық есебінен" алуды ұсынған. Осы мәселе бойынша ол премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Мамин бұл сауалға бір айдан соң, яки қазанда жауап берді. Ол кредит амнистиясы туралы ұсыныс "тізбек реакциясын тудырып, жұрттың барлық қарызды жаппай төлемей қоюына әкеп соқтырады" деп қауіптенген болатын.
– Бұл банк жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіреді... Осыған байланысты бұл ұсыныс қолдау таппайды, – деп жазды Мамин.

Түйін
Қазір біреу «несием жоқ» десе, оған таңырқай қарап, «неткен бақытты адамсыз» деп жатамыз. Расымен басында қарызы жоқ адам бақытты адамдай көрінеді бізге. Айтып, айтпай не керек? Дұрысы сол – несиеге жоламағаны. Ал жоласақ – уақытылы өтеу абзалырақ. Несие несібе бола ма? Ой сүзгіден өткізген жөн.
Айнұр ӘЛИ
22 мамыр 2021 ж. 578 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031