Қызылордалық жас кәсіпкер кір сабын шығаруда
Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданының тұрғыны Асылхан Балмаханов жыл басынан бастап халық арасында «кір сабын» аталып кеткен тұрмыстық сабын шығаруды бастады.
Асылханның жасы 28-де. Отбасылы, жарымын бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Қаржыгер мамандығын алған ол бірнеше мекемеде кассир, есепші, экономист қызметтерін атқарған.
Өзінің мемлекеттік сатып алудан да хабары бар. Сол тендерлерге қатысу барысында тұрмыстық сабынға деген сұраныстың бар екендігін байқаған.
«Жалпы кір сабын шығару туралы идея өткен жылдан бастап ойымнан шықпай қойды. Алғашында негізгі жұмысымнан өзге қарап жатпай, қосымша табыс тапсам деген ой маза бермей жүрді. Осылайша іздене бастадым. Интернеттен қандай тауарға сұраныстың бар екендігін іздеп, кір сабын шығару идеясына тоқтадым. Оның бірнеше себебі де бар. Біріншіден, біздің облысымызда тұрмыстық сабын шығаратын адамдар санаулы. Екіншіден,тендерлерге қатысып жүргенімде кір сабынды аймақ мекемелері көрші облыстардан алдыртатынын көрдім», - дейді жас кәсіпкер.
Көздеген мақсатын жүзеге асыру үшін Асылхан бірінші Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандарымен ақылдасып, «Бизнес-мектеп» құрылымы бойынша біліктілігін жетілдіреді. Бизнес-жоспарын да Палата мамандарына әзірлетеді. Осылайша өткен жылдың күз мезгілінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырған «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грантқа қатысып, 2 млн.теңге қаржы ұтып алады.
Асылхан Балмаханов бүгінде ұтып алған гранттық қаржыға өз қаражатын қосып, шағын цех ашты. Негізі цехтың қуаттылығы күніне 1500 данаға дейін сабын алуға мүмкіндік береді. Әзірге нарықты толық зерттеп алу үшін тәулігіне 500-600 данадан ғана шығарып жатыр екен. Жас кәсіпкер өнімдерін жалағаштық дүкендерге өткізіп жатыр, сондай-ақ қосымша тендерлерге да қатысуда. Алдағы уақытта сабындарды Қызылорда қаласына да жеткізбек жоспары бар.
«Сабынның атауын «Береке» деп қойдым. Бұл әр шаңыраққа құт-береке кірсін деген ниеттен туған атау», - дейді жас кәсіпкер Асылхан.
Айта кету керек, биылғы жылдың екі айында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 412 адамға кеңес беріп, кәсіпкергелерге 127 қызмет көрсетті.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі