» » Жосалы жұртына жағымды жаңалық

Жосалы жұртына жағымды жаңалық

Сәрсенбінің сәтті күнінде аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова онлайн форматта халыққа есеп берді. Оны аймақ жұртшылығы YouTube каналынан тікелей эфирде көрсе, бірқатар аудан тұрғындары Жырау­лар үйінен бақылады. Есепте не айтылды? Былтырғының бағындырған белесі қандай? Алдағы асулар айқындалды ма?
Халық алдындағы алғашқы есепте өңірдің өміріне қатысты өзекті мәселелер тыңдалды. Онда ел дамуының деңгейі сараланып, алдағы күндерге жоспар айқындалды. Алдымен аймақ басшысы 2020 жыл ел үшін өте күрделі кезең болғанын айтты.
– Әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай әсер етіп, экономикамыздың даму үдерісін тежеді. Қызметтің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізілді. Әлемді шарпыған бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды. Сыр халқы қай кезде де қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да біз табандылығымызды танытып, бір-бірімізге қолдау білдірдік, – деді ол.
Облыс «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын. Бүгінге дейін аймақта коронавирус індетін 3736 адам жұқтырған. Оның 3601-і ауруынан айығып, өкінішке орай 16 адам өмірден өткен. Былтыр Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталған. Алдағы сәуір айында пайдалануға берілмек. Айта кеткен жөн болар, облыста тоғыз ПЦР аппараты жұмыс жасайды. Тұрғындардан тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда.
– Бүгінгі күні аймақта жаппай вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы. Мәжбүрлеу жоқ. Ең маңыздысы, әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болу керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы, – деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.
Аймақта былтыр индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге қаржыға 3 жоба іске асырылып, нәтижесінде 172 жұмыс орны ашылған. Ал инвестиция тарту өткен жылы белгіленген межеден 27 процентке өскен.
Облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан Үкіметпен жасалған Меморандум бойынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд теңге болып белгіленсе, көрсеткіш артығымен орындалып, 292 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ, өңірде тұрғын үй салу көрсеткіші де артқан. Мәселен, өткен жылы тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метр болса, бұл көрсеткіш 609 мың шаршы метр өсіммен орындалған. Одан бөлек, аймақта өнеркәсіп өнімін өндіру 13,3 процент, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс 5,7 процент, құрылыс 27,0 процент, инвестициялар 26 процент, тұрғын үйді пайдалануға беру 20 процентке төмендеген.
Аймақ басшысы есепті кездесуде қазіргідей күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын жақсарту екенін айтып, өңірдегі жұмыссыздық мәселесіне жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларының арқасында өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9 проценттен өспеген. Ал бұл көрсеткіш республикада 5,0 процент құрайды. Осы бағдарламалар аясында былтыр тұрғын үй, жол және әлеуметтік салаларда 44,3 млрд теңгеге 351 жоба жүзеге асырылса, биыл 12,8 млрд теңгеге 42 жоба іске асырылмақ.
Өткен жыл бойынша 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 15 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны. Сондай-ақ, өткен жылы халықтың нақты жалақысы 11,5 процент, ақшалай табысы 1,3 процент (83 641 теңге) өскен. Сонымен қатар Сыр өңірінде кен орындарының сарқылуына байланысты жаңадан жұмыс орындары ашылатын болады.
Биыл облыстағы Тереңөзек кенті көгілдір отынға қосылды. Ал жақын арада Жосалы мен Жалағаш кенттері табиғи газға қосылады. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған ауыз сумен, 65 проценті табиғи газбен қамтылған. Ал 2020 жылы Қызылорда облысының экономикасының негізгі басым бағыттарын дамытуға Президент тапсырмасымен қосымша 15,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға өңірде маңызды 42 жоба жүзеге асырылыпты.
Сыр өңірінде жыл сайын туындайтын су тапшылығын жою үшін қоймалар салынбақ. Әрі тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектарға қызанақ отырғызу және жаңбырлатып жүгері мен жоңышқа егуді бастау жоспарланған. Алдағы жылдарда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 158 мың гектар алқаптағы ирригациялық және дренаждық жүйелер мен 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және айналымға енгізу жобаларын жүзеге асыру басталмақ. Ал Сыр елінің агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім бар екенін айта кеткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да шамамен 9 процентке өскен. Осы экспорттың 97 проценті қайта өңделген өнімді құрайды. Мал шаруашылығын дамыту саласы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, үстіміздегі жылы қосалқы жерде орналасқан жайылымдарда 345 су көзін құжаттандырып, шамамен 1,3 млн гектар жер іске қосылмақ. Жалпы құны 3,8 млрд теңге болатын «Қараөзек» және «Күміскеткен» су қоймаларының жобалау құжаттамалары аяқталған соң, құрылысы басталады.
Пандемия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер салықтық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылған. Ал 271 млрд теңгені құрайтын өңірдің «Экономикалық даму картасы» өзінің тиімділігін көрсетуде. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі толығымен шешілген. Облыстағы апатты мектептердің мәселесін шешу де күн тәртібінен түспейді. Өткен жылы елде Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, ұлы Абайдың – 175, Ұлы Жеңістің – 75 жылдығы аталып өтіп, мерейтойлар аясында облыста 2000-ға жуық іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылған.
Аймақта былтыр 8 жаңа спорт нысаны салыныпты. Биыл Қызылорда қаласының сол жағалауында көгалдағы хоккей және Тасбөгет кенті мен Ақай, III Интернационал ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыстары басталмақ.
Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова 2020 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның қорытындылары бойынша халық алдындағы есепті кездесуінде облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бері 80-ге жуық ауылдық округті аралап шыққанын айтты.
Есепті кездесуге онлайн форматта қатысқан әр ауданның тұрғыны көкейде жүрген сауалын жолдап, оған тұшымды жауабын алды. Аудан атынан тұрғын Ләззат Есханова бітпей тұрған балалар тынығу лагерінің жай-күйін сұрады. Оған облыс әкімі бұл лагерьге өткен жылы келіп, көріп қайтқанын, жалпы лагерьдің жұмысын оңтайландыруды тапсырып, қаржы бөлінгенін жеткізді. Жұмысы биыл бітпек. Одан соң әлеуметтік желіде қойылған сұрақтар мен жәшікке салынған, байланыс телефон арқылы жолданған сауалдарға жауап берілді.
Онлайн түрдегі облыс әкімінің жылдық есебіне қаныққан аймақ тұрғындары алда атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
20 ақпан 2021 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 350

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 431

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930