» » Чат һәм хат

Чат һәм хат

...Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды...

Иә, бұл өлең бүгінгі күн тақырыбына арналған сол кездегі болжам еді. Уақыт ағынымен заманға ілесіп, технологияның көшін қуып келеміз. Бұрынғыдай хат жазу, ескі сымтетікпен байланысу қазір жоқ. Оның орнына жылдам хабар алмасып, жұмысымыз да едәуір жеңілдеді. Алайда сол жеңілге құмартып, өзіміздің тепе-теңдігімізді жоғалтып жатқан жоқпыз ба?
Бізге WhatsApp келмей тұрып электронды пошта алғаш өмірімізге енді. Онда қызметкерлер құжат алмасқанымен, жұртшылықтың көбі «агенттің» құлағында ойнады. Талайы әр қаладан дос тапса, ендігісі жар тауып, отбасын құрды. Қысқасы, 50-100 теңгеге бірлік салып, мегабайттың қызығын агентке құртқан көпшілік оны сенімді серігі етті. Бірақ оның екінші ұшы – зияны тиген кездер де жиі кезігетін. Өзге есіммен жасырынған фейк аккаунтқа алданып, алаяқтың құрбаны болғандар сол уақытта-ақ тіркелген болатын. Әрине, айтпағымыз бұл емес. Жазылар жайдың жалғасы WhatsApp-тың төрден ойып тұрып орын алғаны. Бұл желіні 2009 жылы Ян Кум мен Брайан Эктон жасаған. Бағдарлама аз уақыт ішінде танымалдыққа ие болды. Ресми ақпараттарға сәйкес, 2012  жылдың сәуірінде WhatsApр көмегімен күн сайын 2 млрд хат жіберілсе, тамызында 10 млрдқа жеткен. Ал 2013 жылдың маусымында 27 млрд хат жолданған. 2015 жылы 50 млрдтан астам хат осы бағдарлама арқылы жіберілгені туралы мәлімет шыққанда Financial Times басылымы «Скайп телефон қоңырауларын қалай азайтса, WhatsApр та SMS хабарламаны солай ысырып тастайды» деп болжаған еді. Демек қателеспепті. 2016 жылдың ақпанында WhatsApp өзінің ресми блогында қосымшаны қолданушылар саны 1 млрдқа жеткенін жазды. Ал қазір бұл статистиканың көлемі едәуір ұлғайған. Қолдану функциясы көп, қаражатты қажет етпейтін желінің жұмысы қазір жарап тұр. Алайда таразыға салып көргеніміз жөн болар. Пайдасы әлде зияны, қайсының салмағы ауыр?
Бір үйде отырып әлеуметтік желімен байланысқан уақытта чаттың хатқа толмауы мүмкін емес. Оның ішінде «Сыныптастар», «Армандастар», «Ағайындылар», «Туыстар» пәлен-түген деген топ шаш етектен. Ұжымға, оқушыларға, қыздарға, жігіттерге, танысуға арналған атаулы топ тағы бар. Дұрыс қой, алыста жүріп бірін-бірі көрмеген көпшілік қуанышымен бөлісіп, амандық-саулық сұрасады. Бірақ бәленің бәрі осындай топтан шығатынын ұмытпағанымыз да жөн. Қандай деймісіз? «Бәле» болғанда мәселен, бір келіншек билеп, көңіл көтергенін достарының чатына жіберді делік. Ішіндегі біреуі оны өзгеге бөлісіп жібереді. Ол екіншісіне. Солай «30 тістен шыққан сөз 30 рулы елге тарайдының» кейпін кешеді. Бұлай ұятты болғандар айтарға сөз таппай, WhatsApp-тағы чаттан таралып кеткенін айтып әлек болады. Одан соң пыш-пыш өсекке жақын жандарға бұл желі тиімді болып тұр. Көршінің үйін аралап, әр үйден бір сөз қосып алатыны «Ауылдастар» немесе «Көршілер» секілді топ ашып алған. Онда саясат та, өзгенің өмірі де талқылана береді. Солай алтын уақыт құр әңгімемен өтеді. Зиян ба?
Бірі айтылып, екіншісіне кетіп жатырмыз. Тізбектей берсең құдды шексіздіктің белгісіндей. Рас, WhatsApp желісінің пайдалы тұсы бар. Ол қандай? Екі өкпені қысқан пандемия кезінде қашықтан оқыту қолға алынды. Сол кезде оқушыларға чат ашылып, үй тапсырмалары осында қадағаланып отырды. Өзге бағдарламаға қарағанда қолданылу аясы кең әрі жеңіл желі талай шәкірт пен ұстазды сымсыз байланыстырған еді. Тағы бір жақсы жағы – қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыруда хабарламаның тез тарауы. Көмекке мұқтаж жандарға осы WhatsApp арқылы хабардар болғандар қол ұшын созып, келесі адамды хабарландырып отырады. Енді өзге емес өзімізге оралайық. Ауданда не көп? WhatsApp-та ашылған топ көп. Ондада ол тұрғындарға біршама көмек болып, жол бойы такси ұстағандар ендігі үйіне шақырту бере алады. Жеңіл тағамдарға тапсырыс беріп, жеткізіліп жататыны тағы бар. Қош. Осы чаттарды ашқан топ админімен байланысқан болатынбыз. Солай ол бізбен бірлесе «Qarmqshy news 1», «Qarmaqshy news 2» атты топ ашты. Онда аудан тұрғындары күнделікті республика, облыс, аудандық жаңалықтардан хабардар болып отырады. Әрі газеттің су жаңа нөмірін электронды оқуға мүмкіндігі бар. Ал топқа қосылушылар қатары күн санап өсуде.
– Осы чаттарды ашқан соң менімен үлкен кісілер байланысатын болды. Олар «Балам, осындай топ бар екен. Мені қосып жіберсең» немесе «Жақсы болды, жаңалықтан хабардар болып, аудандағы ахуалды, тіршілік тынысын оқып отырмыз» деп ризашылығын білдіріп жатқан көп. Бұл топтардан бөлек кент ішіндегі таксиге арналған 3 топ, «Қармақшыдан Қызылордаға таксиден» 2 топ, «Мал базары» және 3 «Олх» тобы бар. Маған мұның келіп-кетер зияны жоқ. Ешқандай кедергі келтірмейді. Керісінше, тұрғындарға тиімді жол ашылды деп ойлаймын. Халыққа жақсы пайдасы тисе деген ой менікі, – дейді ауданда кеңінен таралған чаттардың админі Азамат Бегімұлы. 
Расымен, қазір көпшілік осы топтарда жиі отырады. Асыққанда 5-10 минут ішінде такси тауып, діттеген жеріне жетеді. Сауда-саттық жасап, тұтынушыға затын саудалайды. Қысқасы қайнап жатқан тіршілік.
Түйін
Біз нені аңғардық? Чаттағы хаттардың бәрі бірдей тиімсіз емес. Себебі құжат алмасып, сурет, бейнежазбамен бөлісетін талайы бұл желіні тек ермек үшін пайдаланбайды. Керісінше, азды-көпті шаруасын жылдам бітіріп, алыстан хабар алғызып отыр. Демек бұл желіні тиімді пайдалана білсе, жақсы тұсы көп болары анық. Ал зиянды тұсын әр адамның қалауына қалдырдық. Олар тек желдей ескен өсекке, алаяқтардың арбауына түспесе болғаны. Айтпақшы, WhatsApp-та артық сөз де, қисынсыз іс те қажет емес. Әйтпегенде «Атың шықпаса жер өртенің» кейпін киюіңіз мүмкін.
Айнұр ӘЛИ
12 желтоқсан 2020 ж. 784 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031