» » Жанды дауысқа дайынбыз ба?

Жанды дауысқа дайынбыз ба?

Фонограммамен ән айтып, эстрадада жұлдыз болып жүргендер аз емес. Жасыратыны жоқ, саны бар сапасы жоқ дүние мен оны орындау­шылар қаптап кетті. Дегенмен нағыз тыңдарман нағыз әншіні таниды. Ал ендігі жалған әншінің көрермендер залы бос болуы ғажап емес. Себебі бұдан былай үлкен сахнада аузын жыбырлатып, «ән салатын» жұлдыздарға фонограммамен өнер көрсетуге заңмен тыйым салынады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Жаңа заңда не дейді?
Алдымен электронды кітапханалардың жұмысын жүйелеу, еліміздегі шығармашылық одақтардың жұмысына мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселелері жан-жақты қарастырылған. Одан соң мәдениет саласын реттейтін заңда әншілердің фонограмманы қолдануы да заңмен реттелген. Яки бұл заңнамада аудиторияға фонограмманы пайдаланатынын алдын ала айтып, хабарлама берілуі тиіс. Әншілер мен концерт ұйымдастырушылар арасында келісім шарт жасалуы керек. Ол жоқ жерде міндеттер жазылады. Егер мұны ақпараттандырмай, концерт толық фонограммамен өтетін болса, әрине бұл ережеге қайшы. Ал қайшы дегеніңіз, заң бұзылды деген сөз. Заң бұзылса, бұзған әнші айыппұл мен әкімшілік жаза арқалайды.
Фонограмма мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып келе жатыр. Әлемдік тәжірибеде фонограммаға тыйым салған елдер бар. Мәселен, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркменстанда «жансыз» дауыста ән айтуға мүлдем болмайды. Десе де «Заманына қарай адамы» демекші, қазіргі тыңдарманның да талғамы мен талабы биік. «Қазір жұлдыздардың көптігінен ай мен күнді іздеуге ерінетін болдық» деп еді Алмас Алматов. Қош. Қабылданған заң жеңіл ұйқаспен жеңіл әуендететіндерге тұсау бола ала ма?
Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің директоры:
– Қабылданған заң біраздан бері көптің ойында, айтылып та, қозғалып та жүрген мәселе еді. «Көп тілеуі көл» демей ме? Мұның да шешімі табылып, жүзеге асқалы жатыр. Әрине, шын дарынның табиғат сыйлаған әсем дауысына құлақтың құрышы қанбай жүр. Оны көк жәшікті жаулап алған неше түрлі орындаушыдан байқауға болады. Қазіргі заман дейді, стиль дейді. Бірақ тым ерсі қылық танытып, шектен шығып бара жатқанымыз ешкімді алаңдатып жатқан жоқ. Әсіресе мың бұлғаңдап, жартылай жалаңаштанған өрімдей қыздарды көргенде жерге кіруге тесік таппай қаласыз. Олар болашақта жас ұрпаққа қандай үлгі боламын деп бас қатырып жатқан жоқ. Оларға керегі рейтинг, тыңдарман тарту. Сол арқылы танымал болу. Енді сахнадағы қыз әдебі мен оның етек-жеңін қымтайтын жақсы бір заң қабылданса деген тілек бар.
Үрліхан ҚОЖАХМЕТОВА,
«Әжелер» ансамблінің жетекшісі:
– «Шоу бизнес», «Той бизнес» деген шықты ғой. Осындай қасы-көзін бояп, секеңдегендер мен тойда өнері емес, өзі қымбат болған әншілер көбейді. Әнші емес орындаушы деу керек шығар. Сол орындаушының артында нағыз таланттар еленбей, көрінбей қалып жатады. Мәселен, Димаш Құдайбергенов осы елде біраз жобаға қатысып, өнер көрсетіп жүрді. Бірақ оны қолдамай біразы сынап тастады. Шетелге барды да бір-ақ сәтте жұлдызы жанып, қазір әлем мойындап отыр. Оның бойындағы талантын айтсаңызшы. Октавада жоқ нотаны дауысымен ала алатын қасиеті де бар. Бастысы жанды дауыста өте жоғары деңгейде орындайды. «Құлақтан кіріп бойды алатын» ғажап дауысы талайының дертіне шипа болды. Айтпағым, бұл бір ғана Димаш. Ал өзге де нағыз таланттардың жұлдызы әлі жанбай жүр. Қабылданған заң аясында сахна төрі біразға тазарады. Мүмкін сонда ғана жаңа толқын, күміс көмей әншілерге жол ашылады. Заңның да мақсаты сол ғой.
Бимұрат СМАЙЛОВ,
Қармақшы ауылдық клуб үйінің директоры:

– Кешегі қол қойылған заңда әнші сахнаға шығар алдында фонограммамен айтатынын ескерту керек. Егер ескертпей айтылса, айыппұл төлейді. Сосын сахна мәдениеті бар. Бұл өз кезегінде дұрыс. Бірақ біз секілді ауылдық жерде жанды дауыспен орындау мүмкін болмай жатады. Себебі, оған аудитория, әсіресе аппаратура сай келмейді. Ал негізінен барлығын демеймін, сол фонограммасыз айта алмайтын әншілерді жанды дауысқа үйрету керек. Дайын әнді апарып, айта салуға болмайды ғой. Сол арқылы нан жеп отыр ма, онда таза еңбекпен істелсін. Таза еңбектің артында әсілінде, тыңдарман жүрегінен орын алатын ғажап құбылыс бар. Бұл құбылысты көру үшін жанды дауыста шырқау қажет.
Мадияр МАХАМБЕТОВ,
мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театрының режиссері:

– Фонограмманың қажетті тұсы бар, әрине. Бірақ ол арнайы бағдарламаларда. Ал жанды дауыстағы ән яки фонограммасыз әнге келер болсақ, тіпті жақсы жаңалық болды. Себебі кей өңірлерде жанды дауыста ән айтатын талант иелерінің эстрададан өзіндік орнын табар кез келді. Фонограмма арқылы күлкіге қалып жатқан фоно-әншілерді әлеуметтік желі арқылы көп көреміз. Бірақ сонда да былқ етпей тағы баяғы әуеніне басады. Қабылданған заң мұндайларға тоқтау болғалы тұр. Бұл алдымен көңіл қуантады. Себебі, жанды дауыста әнді жанымен айтатын өнер иелерінің уақыты келді.
Таужан ТҮЙМЕБАЙ,
әнші:

– Осы жаңалықты естіп қуанып жатырмын. Жанды дауыста ән айту ол өзіңнің ішкі жан дүниеңмен ұштасуы керек. Яғни сіз бойыңызда болып жатқан бұлқынған сезім мен алай-дүлей құбылысты ән арқылы шығара білсеңіз, ол ән әдемі шығады. Мен өзі қарапайым ән орындаушы жігітпін. Қалалардың ортасында зат тасып, жұмыс істеймін. Бірақ кішкентайымнан әнге құмар болып өскен соң шығармашылыққа өте жақын болдым. Жол бойы қаладан қалаға келе жатып, ішімдегіні шығарып тұрып ән айтатыным бар (күлді). Әрине, бұл өзіне сенімді, дауысы бар таланттарға қиындық тудыра қоймас. Ал фонограммамен көпшілікке шығып жүргендер ендігі вокалға барып, дауысын ашып, өзін шыңдайды.
Пікірлерді топтастырған Айнұр ӘЛИ
18 қараша 2020 ж. 459 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 383

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930