Байқоңырда ахуал тұрақты
«Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан, денсаулығымызға ең алдымен өзіміз жауапты болуымыз керек» деген Мемлекет басшысының сөзі ел есінде. Жауапкершілік – әр адамға қажет-ақ. Әсіресе, теледидар мен әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген «екінші толқынның басталу кезеңі – күз айлары» деген хабардан соң жұрттың қорқынышы арта түскендей. Дегенмен «қорқу» дегенді «қорғану» сөзімен ауыстырған абзалырақ. Сондай-ақ, «шектеу, бетперде режимі, санитарлық талап». Бұл қазіргі таңда аймақ тұрғындары арасында қолданыста жүрген ең көп сөздердің бірі десе болады. Аурудың алдына берік бекет қойып, мүмкіндігінше дайындықты күшейту жұмыстары өз серпінділігін Байқоңыр қаласында да жоғалтпады.
Өткен аптада қала әкімшілігінің бастамасымен жедел оперативті штаб отырысы өтті. Отырыс барысында қала аумағына коронавирустық инфекцияны кіргізбеу, аурудың алдына тосқауыл болу үшін тиісті шараларды қолдану, эпидемияның өршу кезеңі, ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, бақылаудың күшейтілуі туралы өзекті сұрақтар талданып, шектеу шараларын 15 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласы бойынша барлық талапқа сәйкес санитарлық талаптар күшейтіліп, бетперде режимі әлі де сақталуда. Әйтсе де, аймаққа аурудың екінші толқыны келе қалса, дайындықтың жайы пысықталды. Ақай ауылдық округіндегі аурухананың қазіргі таңдағы дайындық жағдайына көз жеткізу үшін Байқоңыр қаласы көпбейінді ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Игенбаевпен кездесіп, мән-жайды өз аузынан естіп білдік.
– Аурухана жанынан ашылған провизорлық орталықта бүгінде коронавирустық инфекциямен түскен науқас жоқ. Науқас тіркелген жағдайда күрделі жөндеуден өтіп, барлық санитарлық талапқа сай ашуға дайын тұрмыз. Емдеу мамандары толық жетеді. 13 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 56 оттегі концентратор, 20 адамдық төсек-орынмен толық қамтылып отыр. Егер науқастар саны көбейіп, ауру ушығатын болса, Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханада да тиісті жағдай жасалынып, қосымша төсек-орындар дайындап қойдық. Бас-аяғы 180 орынға дейін науқастарды қабылдай аламыз. Қорыта айтқанда, дәл қазіргі жағдай бірқалыпты. Аурудың расталған жағдайлары әлі тіркелмеді, – дейді ол.
Расында да, ауру сізді айналып өтуі үшін сақтық шараларын тиісті деңгейде ұстанған жөн. Себебі «сақтансаң, сау жүресің» дейді. Бүгінгінің нақыл сөзіне айналған осынау ұғым кең қолданысқа ие. Бірауыз сөзбен жаппай сақтыққа шақыруды көздейді. Есепке сіз бен біз де енбес үшін, Мемлекет басшысының сөздерін ойға алып, жауапкершілікті барынша басты назарда ұстайық.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ,
Байқоңыр қаласы
Байқоңыр қаласы