» » Іргелі істер өркен жаюда

Іргелі істер өркен жаюда

Әрбір жанның жүрегінде шет жүрсең сағынатын, шалғайда жүрсең бүйрегің бұрып тұратын, жағымды жаңалық естісең бір марқайып қалатын қасиетті мекен бар. Ол – кіндік қаның тамған туған өлке. Киелі Қорқыт пен жүз шайырдың берекелі мекені жыл өткен сайын көркеюде. Туып-ескен өлкенің ажарына ажар қосып, көркейіп, гүлдене түскені көңілге қуаныш ұялатады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі жоба қолға алынып, игі істер жалғасын табуда.

Өлкеміздегі жағымды жаңалықты жариялауға асығатын біздер Жосалы кентінде біраз өзгерістер орын алғанын көзбен көріп те жүрміз. Елдегі жағдайға орай карантинде кейбір шаруаның тоқтағанына қарамастан, бөлісер жаңалығымыз көп-ақ. Кенттегі келелі істердің жүргізілу барысын бағамдамаққа кент әкімдігіне бас сұқтық. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралаған Шыңғыс Сыдықов алдағы жоспармен де бөлісе кетті.
– Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасымен біршама нысан қалпына келтірілсе, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында кентте бірнеше нысанда құрылыс жүруде. Нақтырақ тоқталсақ, Абыт көлі профлистпен қоршалды, «Жалағаш-Жосалы» автожолы жарықтандырылды, №6 «Айсұлу» балабақшасының бу қазандығы көшіріліп, балалар кітапханасында құрылыс жұмысы жүруде. Мұнан өзге де атқарылған жұмыстар легі көп. Алдағы уақытта көше келбетінің сәнденуі, жарықтандырылуы, орталық алаңның брусчаткаларын ауыстыру, заманға сай әрлеу жұмыстары жүргізілмек. Кент келбетін көріктендіру мен таза қалыпта ұстау әрқашан басты назарда болмақ, – дейді кент әкімі Ш.Әбділәмитұлы.
Кенттегі биылғы өзгеріс ауыз толтырып айтарлықтай. Қорқыт ата көшесінің бойына жаяу жүргіншілер жолы төселуде, ол бітуге жақын. Көшеге көрік беріп тұрған жолға тұрғындар дән риза. Себебі жаяу жүргінші үшін өте қолайлы. Онан бөлек, Жолдыбаев, Қайнарбаев көшелері жарықтандырылды. Бұдан басқа, бірнеше көшеде жыл соңына дейін жарықтандыру жұмысы жүргізіледі. №15 аудандық олимпиадалық резервтік спорт мектебінің де жөндеу құрылысы аяқталуға жақын. Мәдениет үйіне кіре беріс арканың оң жақ беті талапқа сай абаттандырылған. Оған 40 бейнебақылау камерасы мен бағдаршамды қосыңыз. Бағдаршам демекші, кентте бірнеше бағдаршамның орны өзгертіліп, жаңасына ауыстырылды. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен сұрап білдік.
– Тұрғындар үшін жолдың қауіпсіздігі басты мәселе. Осыған орай, биыл аудан орталығындағы жол қауіпсіздігінің алдын алуға және жол жүрісін реттеу мақсатында бірқатар шаруа атқарылды. Кенттегі барлық бағдаршамның көне маркалы болуына және қосалқы бөлшектерінің өндіріс орнынан шықпауына байланысты оларды ауыстыруға және жаңадан орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Заң аясында мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылып, мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, бағдаршамдар орнатылды. Ендігі кезекте олар тұрғындар қауіпсіздігі үшін қызмет ете бермек, – дейді сала мамандары.
Сөзімізді дәлелдей кетсек, Қорқыт ата – Көшербаев көшелері қиылысындағы бағдаршамға жөндеу жүргізілсе, Қорқыт ата – Абай көшелеріндегі бағдаршам Рысқұлов – Абай көшелері қиылысына, Абай көшесіндегі ХҚКО алдындағы бағдаршам Балқы Базар көшесіндегі теміржол көпірінің жанына ауыстырылды. Ал Рысқұлов көшесіндегі аудан әкімдігі жанындағы бағдаршам жарамсыз болуына байланысты алынып тасталса, Тоғанас батыр – Абай көшелері қиылысына автокөлік және жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағдаршам орнатылды. Жаяу жүргінші мен көлік тізгіндеушіге бағдар беріп тұратын бұл шамдардың орны қашан да бөлек.
Кентте атқарылған көлемді жұмыс – бейнебақылау камераларының орнатылуы. Бұрын 20 камера болса, бүгінде оның саны 60-қа жетті. Кенттегі ішкі тәртіптің сақталуына, құқық бұзушылықтың алдын алуға, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қойылған бейнебақылаулар бүгінде жұмыс істеп тұр. Мақаланы жазу барысында камералардың жұмысын бақылайтын мамандардың қызметін көзбен көрдік. Арнайы 2 оператор бекітілген. Олар күні бойы экраннан көз жазбай кент тіршілігін қадағалайды. Заңға қайшы әрекет байқалған жағдайда бейнежазба үзіндісі құқық қорғау органына жіберілді. Кентке бейнебақылау камералары қойылуының тағы бір себебі – жөнсіз тасталған қоқысты қадағалау. Яғни, жүргіншілер жолына лас су төгу, рұқсат етпеген жерге тұрмыс қалдықтарын қалдыруды бақылау басты назарда болмақ. Себебі, олай етпеске амал да қалмады. Сенбіліктер өткізіліп, кент көлемінде тазалық ұдайы жүргізілгенімен арада көп уақыт өтпей-ақ тазартылған мекен қайта қоқысқа толады. Айыппұлдар салынып, шара көрілсе де тоқтау болмай келеді. Енді бейнебақылаудан өз бейнеңізді көргенде тіпті де бұлтара алмайсыз. Сол үшін камераның қырағы көзіне ілініп, айыппұл төлегіңіз келмесе жөнсіз қоқыс тастамағаныңыз жөн.
Түптеп келгенде, тазалық жүргізетін қоғамдық жұмыстағылар бірімізге – ана, бірімізге – бауыр. Жыл басынан бері қоғамдық ақылы жұмысқа жұмыссыз 171 адам тартылған. Бүгінде 92 адам еңбек етуде. Әрбір 2 адамға 4 көшеден бекітіледі. Олар өздеріне тапсырылған көшенің күлқоқысын жинап, арам шөбін шабады. Кент орталығындағы түнгі жарықшам бағаналарын, шартақтарды сырлайды. Жасыл өскінді қараусыз жүрген малдан қорғау, саябақтағы тазалық жұмыстары, шөп шабу, гүл суару, сырлау, әктеу жұмысы да осы кісілердің міндетіне жүктелген. Резиденция аумағы мен Жалағаш – Жосалы, Шымкент – Самара автожолдарын тазалауға да күнделікті адам бөлініп, күл-қоқыс жиналады. Әкімшілік тарапынан берілген маман оларға бағыт-бағдар беріп, жұмысын қадағалайды. Күннің ыстығы мен суығына, ызғарлы желіне қарамай отбасы үшін адал еңбек етіп жүрген олардың кент көркіне қосар үлесі зор. Біз неге олардың жұмысын көрінбестей етуіміз керек? Кентіміз күннен-күнге көркейіп, әрі қауіпсіз бола түсуде. Жыл өткен сайын жаңарып келеміз. Деннің саулығын қаласаңыз, стритбол алаңы іске қосылуда. Ел игілігіне арналған мұндай бастамалар әлі де жалғасын таба бермек.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)

19 қыркүйек 2020 ж. 607 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 363

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 442

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930