Қазақтан алғыс алған ана
Орыс қызы Елена Иванқызының есімі ауылдастарының аузынан түспейді. Оның халық үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. 1945 жылы небәрі 13 жасында анасы Ольга, қос бауыры Валентина мен Эдуардпен бірге Ресейдің Псковск облысы, Красногородок ауданы, Зеленск ауылынан келген қаршадай қыз Дүр Оңғар ауылындағы қаншама баланың кіндік шешесі. 6 айлық медициналық курсты ғана меңгерген ол, талай жанды аурудан арашалап, дертіне шипа болған. 40 жыл осы ауылдағы медициналық бекетке меңгерушілік етті.
Мереке қарсаңында Жаңажолға жол түсті. Жоспарымыз ойдағыдай жүріп, енді өзге ұлт өкілін сұрай бастадық. Ауыл тұрғындары, көп ойланбай-ақ Елена апайдың үйін нұсқады. Тіпті «Бізде бәрі қазақ қой» деп, іргелес ауыл – «Третийді» сілтегендер табылды. Содан-ақ қазаққа сіңген бұл отбасын ешкім бөліп-жармайтынын аңғарасың. Өкініштісі – Елена Иванқызы осыдан 5 жыл бұрын өмірден өтіпті. Сіңлісі Валентина Кеңес есімді ауыл азаматына тұрмысқа шығып, келін атанса, Эдуард үйленгенде қазақы салтпен ауылда беташар тойын жасапты. Бірі – пошта, бірі – ішкі істер саласында абыройлы қызмет еткен қос бауыры өзінен бұрын бақилық болған.
Ивановтар Қазақстанға қалай келді? Олардың өмірден өткенше «жаным да, тәнім де қазақ» деуінің сыры неде?
Зеленскдегі тұрғындар соғыс жылдары Хельсинкиге көшірілген. Финляндияны жау басып кіргенде халықты Сібірге эвакуациялаған. Ондағы адамның көптігінен біршамасын Қазақстанға жібереді. Анда бір, мында бір көшуден қажыған ананың үйелмелі-сүйелмелі қыздары мектеп жасында болса, кішкентайы құндақтаулы екен. Сол кезде ауылдық кеңестің төрағасы Ольганы балаларымен бірге Бидайкөлге (қазіргі Дүр Оңғар ауылы) әкеп, көмектесуге қауқарлы, тұрмысы түзу Ахмет молдаға аманаттайды. Ғұламалығы бір төбе, емшілігі бар ол қоржынтамының бір бөлмесін босатып, сонда орналастырып, қорадағы жалғыз сиырының сүтін өз балаларының аузынан жырып береді. Ес жиып, етек жинағанша жәрдемдесіп, қамқор болады. Қазір Ахмет молда мен Ольганың балалары бір-бірімен тонның ішкі бауындай етене араласады.
Ольга тумысынан сауатты. Белді қызметтер атқарған. Өткенге көз жұмып, ертеңін ойлаған жас ана «оқығанмын» деп қызмет сұрамай, шаруашылықта еңбек етіпті. Оған тұңғыш қызы Еленаның сүйеу болғаны анық.
Е.Иванқызы өмірге екі ұл әкелсе, қазір өзі тұрған шаңырақта ұлы Виктор мен келіні Рабиға бар.
Мол жаңбырдан соң жердің ми батпағына қарамай, әлгі кісілермен тілдесуге асықтық.
«Ассалаумағалейкум» деп қарсы алған жүзі басқа болса да жүрегі бір ағамызды бір көргеннен-ақ жақын тұттық. Сөзге сараңдау. «Шешелеріңнен сұраңдар, бәрін осы кісі тәптіштеп айтып береді» деді де сыртқа шығып, қорадағы малын жайғауға кірісті.
– Виктормен отасқанымызға биыл 42 жыл. Бала кезден бірге өстік. Орыс екен, ұлты басқа деген ой болған жоқ бізде. Тұрмысқа шыққанда ата-анам қарсылық білдірмеді. Енем мың болғыр жан. Жұмысын жаны қалмай істейтін. Атқа мініп күн демей, түн демей малшы ауылға жалғыз өзі кете беретін. Сондай қайратты, батыл еді. «Қазаққа қызмет етуім керек. Бізді аман алып қалған арда азаматтар ғой» деп жалғыз сиырының сүтімен асыраған Ахмет әкемізге алғысын жаудырып отыратын. Зейнетке шыққан кезде бүкіл ауыл құрметін көрсетті. Кіндігін кескен ұл-қыздар алғысын жаудырды. Кешеге дейін үйден кісі арылмайтын, басы ауырып балтыры сыздағандар медициналық бекетке емес, біздің үйге қарай алып ұшатын. 86 жасында өмірден озды. Бүкіл ауыл арулап соңғы сапарға шығарып салды, – деп еске алады келіні Рабиға.
Виктор мен Рабиғаның 3 баласы, 3 немересі бар. Орыс-қазаққа тең болсын, бірі – Тимур, бірі – Темір десін деп атапты тұңғыштарын. Ал қызына сол тұстары облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшы болған білікті дәрігер Софияның есімін беріпті. Кенжесі Артурдың тезірек келін түсіріп, қолын ұзартқанын қалайды ата-анасы.
Тағдыр тәлкегімен қазақ жерін мекен еткен отбасының ұрпағы қиын-қыстау заманда пана болған қазақ жұртына шексіз риза.
– Жергілікті жұрт бізге ешқашан басқа ұлт деп қараған емес. Барымен бөлісіп, есігін айқара ашты. Әжем алғаш осында көшіп келгенде қазақ тілін білмеген, бірақ өзін қазақ отбасына орналастырыңдар деп өтініпті. Екі-үш айдың ішінде тіл үйреніп алып, кейін орысшамды ұмытып қалдым деп отыратын. «Жақсылыққа – жақсылық» деген ұғымды санамызға сіңіріп тастаған. Содан болар, ес білгелі кіндік қанымыз тамған елге қалтқысыз қызмет жасап келеміз, – дейді Виктор Павлов.
Ал ауылдастары «бізге емес, біз Елена апамызға алғыс айтуымыз қажет» дейді.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА