Заңға енген өзгерістерді түсіндірді
ЖОСАЛЫ, 3 наурыз – qarmaqshy-tany.kz Пробация қызметі деген не? Бұл сұрақ адамдар арасында жиі естілуде. Қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Яғни істі болғандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа сай келеді. Жалпы бұл сөздің түпкі мағынасы – «сынау, байқау» дегенді білдіреді. Адамның қылмыс жасағанына қарамастан, осы – сынау арқылы түзету мекемесіне отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін бұзақылыққа барған адам сот шығарған шарттың барлығын орындау қажет. Кент әкімшілігінде өткен жиын осы және заңға енген толықтырулар жөнінде түсіндірілді.
Облыс прокурорының орынбасары Дамир Қатаев ауданға арнайы іс-сапармен келіп, пробация қызметінің есебіндегі азаматтармен кездесу өткізді. Кездесуде пробациялық есептегі азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіби мамандыққа шыңдау, кәсіп ашуға мүмкіндік жасау мақсатында мемлекет тарапынан көмек беру, медициналық және психологиялық, әлеуметтік көмек алу жолдарын түсіндірді.
Биылғы жылдан бастап қабылданған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқығының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұған дейін пробациялық бақылау тек шартты түрде сотталған тұлғаларға қатысты жүзеге асырылатын. Облыстан келген өкіл заңға қабылданған өзгерістерге жеке тоқталып, түсіндірді. Бұрын бір адам қылмысын қайта жасаса, оған кешірім берілетін, қазір ол заң күшейтілгенін айтты.
– Жаңа заңға сәйкес қылмыстың кейбір түрлерінің жазалары қатаңдатылған. Оның ішінде зорлау қылмыстары, көлік құралын мас күйде басқару, браконьерлік, есірткі заттарының заңсыз айналымы және мал ұрлығы өз алдына жеке дара бап ретінде енгізілді, – деді Дамир Меделбайұлы.
Сонымен қатар заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, татуласу, ымыраға келу жағдайларының да азайғанын қатысушылар назарына салды.
Дөңгелек үстел отырысында қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды. Яғни көмек ретінде үй немесе жер мәселесі қаралса деген өз ойлары ортаға салынды. Пробация бөлімінің қызметкерлеріне есептегі азаматтарды үнемі бақылауда ұстап, қажетті көмек көрсету шараларын үздіксіз жүргізуді тапсырды.