Дарынды шәкірт – ел болашағы
Кемел келешек пен жарқын болашақтың иесі – ол, әрине, білімді жастар. Өскелең жас буын білімді, парасатты, пайымды болса аға буынның алаңдауына негіз жоқ. Ал осындай жан-жақты жеке тұлғаны қалыптастыру – бүгінгі қоғамның басты талабы. Осыған орай білім жүйесінде түрлі өзгеріс пен оң бастамалар қолға алынуда. Білім беру ұйымдары әрдайым Елбасының «Кемел келешекке – біліммен» қағидасын назарда ұстап, жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Осы мақсатта Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте аудан әкімі Мұса Қалдарбеков ауданның оқуда озат, дарынды, шығармашыл, белсенді оқушыларымен кездесті. «Дарынды бала – ел болашағы» атты шараны дарынды өрендерді қолдау мақсатында аудандық білім бөлімі ұйымдастырған. Кездесуден бұрын аудан басшысы робототехника, көркем еңбек сыныбының жұмысымен танысты. «Робототехника» сабағының енгеніне биыл екінші жыл. Информатика пәнінің мұғалімі Әйгерім Тұрғанбекқызы арнайы сертификат алып, оқушыларды робототехника негіздеріне баулуда. 10 «А» сынып оқушылары ұстазымен біріге жасаған түрлі роботты таныстырып, қандай қызмет атқарып, қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Одан кейін мектеп басшысы Алтынша Кенжеева шәкірттерінің жеңісін мақтан тұта атап өтті.
Содан соң, көркем еңбек кабинетіне бас сұққан аудан әкіміне оқушылар ағаштан, темірден түрлі бұйым жасайтын құрылғылармен таныстырып, жасаған бұйымдарын көрсетті. Мұнан бөлек, «адалдық дүкені» мен үйірмелерде жасалған түрлі қолөнер бұйымын тамашалап, оң бағасын берді.
Кездесу барысында аудан басшысы түрлі республикалық және облыстық байқаудың жеңімпаздары, ауданның бетке ұстар үздіктерін еркін форматта сұқбаттасуға шақырды. Аталған кездесуге аудан көлемінен үздік деп танылған 54 оқушы қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Ж.Омаров, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Д.Нәзікбаев, осы бөлімнің бас маманы Н.Баһадүрова, әдіскер А.Тоқшылықова, мектеп директоры А.Кенжеевалар қатысып, жас ұрпақтың сөз саптауы мен өнерін тамашалады.
Аудан басшысы өзінің алғысөзінде:
– Ұлан байтақ еліміздің болашақ иесі де, жеріміздің егесі де өздеріңіз боласыздар. Сондықтан бүгінгі жаһандану кезеңінде ақпараттық-технологияларды жоғары деңгейде меңгеріп, жауапкершілікті сезіну – баршаңызға міндет. Кез келген адам алдына зор мақсат қоюы керек. Сонда ғана барлық іс нәтижелі болмақ, – деп, биылғы жылдың тарихи тағылымға толы жыл екеніне, еріктілер жылының ерекшеліктеріне тоқталды.
Жоғары жетістікке жетіп, биік белесті бағындырып жүрген оқушылар бұл жерде де батылдық танытып, өз ойларын нақты, әрі сауатты жеткізе алды. Сонымен қатар, олардың жырдан шашу шашып, қара сөзді тамылжыта айтып беруі – шәкірттердің ойы озық, өресі биік екендігін тағы бір дәлелдей түскендей. Сондай-ақ, өрендер алға қойған мақсатымен бөлісіп, көкейде жүрген сұрағына жауап та алды. Аудан басшысы өзіне қойылған әрбір сұраққа толымды жауап қайтарып, мамандық таңдауда қателікке жол бермеу, ізгі қасиетті бойға жинау туралы айтып отырды. Түрлі байқау жеңімпаздары кездесуде әуелеген әсем ән салып, төгілдіре терме айтты. Аудан үздіктері осындай шара ұйымдастырылғанына ризашылық білдіріп, алғысын айтты. Шара соңында оқушыларға естелік сый табыс етілді.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, бүгінде жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Өз ынтасы мен білімі болса, тіпті шетелде де оқу қиын емес. Осы күнге дейін бойындағы дарындылық қабілетін шыңдап, бағыт-бағдар беріп, жақсылыққа жетелеген ұстаз бен ата-ананың еңбегін ақтап, болашақта ел мақтанышына айналар тұлғаның өсіп келе жатқанына куә болдық. Жалындап тұрған жас өрендер ел тұтқасын берік ұстайтынына кәміл сенеміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)