» » МИЛЛИОНЕР (әңгіме)

МИЛЛИОНЕР (әңгіме)

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ
Мен бірінші сыныпқа Топарда жүргенде бар­ғанмын ғой. Онда әкем колхоздың танасын бағатын. Енді міне, арада қырық жыл өткенде сол бірінші сыныпта бірге оқыған Сапар іздеп келіпті. Толысқан, өңі қоңыр күреңітіп, шашын тықырлатып алып тастаған алпысқа таяған жігіт ағасы кабинетіме екпіндей кіріп келгенде бірден таныдым.
– Бақытжан, мың сан шаруаң бар, бастықсың. Келген жағдайымды айтайын. Баяғы Топарды қолы жеткендер бөліп-бөліп жекешеге алып жатыр, маған мына жерлерді алып беруге көмектес, — деп алдымдағы орындыққа отырысымен маған картасы бар қағаз ұсынды.
Дереу облыс әкіміне телефон шалып, Топардағы жерді Сапарға алып беруге өтініш айттым. Сөзімді жерге тастамайтын өз сөзіне берік, іскер азамат бірден бар құжатын алып, өзіме келіп жолықсын деді.
Сапар мәз болып келгені қандай тез болса, кетуі де тез болды.
Арада айдай уақыт өткенде телефон шалды.
– Бақытжан, саған мың да бір рақмет. Қалаған жерді алдым. Білесің бе, баяғыда өзіміз балық аулайтын екі көлі бар Жиделі бойын түгел берді. Сыңсыған тоғай, мұрты бұзылмаған тұмса жер. Енді өзің келіп, көріп қайт. Демалып тұратын курортың болады.
Сапар саңқылдап маған алғысын жаудырып, жекешеге алған жер, су аттарын тәптіштеп айтып жатыр. Қайран аңқылдаған құрдасым-ай, өмір бойы трактор айдап, ауылдан ұзап шықпапты. Мен біріншіні бітірген соң, көшіп кеткенбіз. Міне, арада жарты ғасырға таяу уақыт өткенде өзі іздеп келіп тауып отыр.
Басқа облысқа қызметке ауыстым, одан Астанаға көштік. Жиырма жылдай жұмыс бабымен сыртта жүріп, Алматыға университет ректоры болып оралғаныма жылдан асты. Жазғы кезекті демалысымды алып, тып-тыныш бір жерге барып, көптен көкейімде жүрген ­моногра­­фия­м­­­ды­ жазып бітірсем деп ойлағанымда, есіме Сапар түсті.
Баяғыдай емес қалта телефонымен тез таптым. Сол саңқылдаған дауысы, баратыныма қуанып:
– Жиырма жыл бойы ат ізін салмай кеттің. Осы жерді сенің арқаңда алдым. Кел, бала-шағаңды түгел ала кел, – деп мәре-сәре болды.
Сапар аудан орталығынан күтіп алды, ары қарай қалың құмды орман, тоғай. Кейде ойдым-ойдым жарқыраған көлдер, оларды жағалай жайқала өскен тербетілген әсем көк құрақтар көңілді тербетіп, сонау балалығыма шақырғандай болады. Дүние түгел быт-шыт болып, асты-үстіне түсіп, колхоз-совхоздар тарап, жерді телім-телім бөліп алып, тоз-тозы шығып, берекеті қашқан тұста мына өңірдің қаймағы бұзылмай сол қалпында сақталғанына таңмын.
Бізге арнап Сапар екі киіз үй тігіпті. Бірі асхана, екіншісі жатынжай. Өздері бөлек үйде тұрады, совхоз орталығынан үй салып алған. Қыста бәрі сонда балаларын, немерелерін оқытады.
Бата сұрап, тай сойды. Жұбайы да бес бала тапқан етжеңді, келіскен ажарлы жан екен, келін-балаларымен тік тұрып, құрақ ұшып күтті. Екі күннен кейін Сапар:
– Менің тұңғыш немерем Алматыда үйленіп жатыр. Бүрсүгіні тойы. Соған барып қайтуға рұқсат ет. Мынау Миша деген саған барлық жағдайыңды жасайды. Өзі балықшы, аңшы, тамақтың түр-түрін дайындайды. Кәуәп, көктал, аң, құс етінен сорпа істеудің шебері, – деп малын бағып жүрген қоңқақ мұрын, шашын ұстарамен сыпырып тастап, ескі кепкі, керзі етік киген ұзын бойлы адамды таныстырды. Бала-шағаларым солармен, үй иелерімен бірге қайтып кетті.
Өзім де жазуға отырып, қағазда­рыма қарай алмай жүрген басым рұқсатымды беріп, бәрін жолға салып жібердім.
Миша шынында да іскер, тыным таппайды. Таңертең ерте тұрып, ­сиырларды сауады, оны пісіріп, айран ұйытады. Екі-үш қырғауыл атып келіп, қайнаған суға сүңгітіп жүнін жұлып, сорпа жасайды.
Қалың жыныс тоғай, тып-тыныш мүлгіген тыныштық. Үйдің іргесіндегі киізін түріп қойып, рахаттана жазуға отырамын.
– Тамақ дайын, – дегенде ғана керіліп орнымнан тұрамын. Түс ауа масахана ішінде мызғып алып, тағы қағазға қараймын. Кешке движок қосып, электр жарығын жағып, телевизор көреміз. Ол балық аулап әкеліп, оны бірде қуырып, біресе «уха» аталатын сорпа жасап жүреді.
Екінші күні балық аулауға бірге шықтым. Іле өзенінің бір тармағы – ­Топар баяу жылжып ағып жатыр, бетінде шолп-шолп етіп анда-мұнда балық секіре шоршиды.
Қармағыма қайта-қайта балық қауып, соған мәз болып, шешініп, шомылуға суға түстім.
Қайран, Топар! Баяғыда бұл өзен сұмдық үлкен айдын болып көрінетін. Біз шетіне ғана таяз жерін тауып шомылатын едік. Қазір тартылған, адам бойлайтын ғана тереңдігі бар. Құлаштай малтып, арғы бетіне шықтым. Жағасындағы шаң-топырақсыз судыраған ұлпа құмда ары-бері жүріп, денемді жылыттым.
Суға еркін, рахаттана тоғытылып, бір шетінен балық ұстап, үйге қайттық. Миша уха сорпасын әзірлеп, соны ішіп, масаханаға кіріп, ұйықтап кетіппін.
Кеш батқанда Миша далаға от жақты. Ағаштың шоғына төрт-бес картөшкені тастап, соны аударыстап, көріп отырған ол:
– Сіз Владивостокта әскерде болдыңыз ба? – деп сұрады.
– Иә, оны қайдан білдің?
– Білегіңізге «Владивостоктан сәлем» – деп жазып қойыпсыз.
– Иә, солдаттар әскерде жүргенде ерігіп инемен піскілеп, жаздыртып алып едік. Өшпейді екен ғой.
– Қай жерінде болдыңыз?
– Владивостоктың өзінде емес, одан жетпіс шақырым Благовещенск деген жерде.
– Ойпырым-ай, ә? Мен тұп-тура сол жерденмін ғой.
– Онда жерлес болдық, Миша.
Ол сырты қап-қара күйелеш піскен картошкаларды шыбығымен түртіп айдап шоқтың шетіне шығара бастады.
– Ондағы еркектер Флягқа «бражка» дегенді ашытып, ертелі-кеш содан екі-үш ожауын сіміріп алып, шала қызу тракторын айдап, не басқа жұмыстарына кете береді. Қыздары топ-толық, әдемі келетін. Жапон, кәріс қыздары да кездесетін. Үш жыл морпехотада сол жерде тұрдық қой, – дедім әскердегі кезімді еске түсіріп.
– Мен онда сізге әлі жан баласына айтпаған сырымды айтайыншы.
– Оның дауысы бұзылып, үніне діріл араласа әңгімесін бастап кетті.
***
– Сізді тағдыр кездестірген шығар. Мен, міне, жиырма жыл болды еш жерде жоқ адаммын. Миша-Михаил да шын атым емес. Тіпті ешқандай паспорт, құжатым жоқ.
Бәрін басынан бастайын. СССР тарап, ел жаппай бей-берекеті кетер тұста біз Володия деген жолдасым екеуміз шетелге шығатын паспорт жасатып Жапонияға, Қытайға жиі барып, түрлі тауар әкеліп сатып, тез ес жидық. Жалындаған жаспыз, ештеңеден тайын­баймыз. Қорықпаймыз. Жүрексінбей бел шешіп, тәуекел деп кірісіп кеттік. Жапониядан әкелінетін машиналарды сататын диллер болып алдық, Қытайдан үлкен қаптарға қапталынған сан түрлі көз арбайтын тауарларды тасып, содан Владивосток пен Хабаровскіде базар аштық. Ваучерлерді жинап, екі зауытқа ие болып, тез байыдық. Губернаторлар бізбен санасатын, арнайы іздеп шақыратын болды. Москвада менің шешемнің бір туысы генерал, министрдің орынбасары болып, соған жиі-жиі ұшып барып, мәселе шешемін. Қанатымызды кеңге жайып, Сібірдің байтақ жерінен кәсіпорындар ашып, ағаш тасыдық, балық ауладық, мұнай-газ өндірдік, әйтеуір тыным таппадық. Ақшаны ақша табады, Сібір мен Қиыр Шығыс тұнып тұрған байлық, есебін тапсаң күреп олжаға кенелесің. Ертеңгісін Токиода, кешкісін Гангонкте ас ішіп жүрдік, әлемді шарлап, Ресейдің ен байлығын саудалап, шетелдіктермен бірлескен сан түрлі келісім-шарттарға тұрып тастадық. Володия менің бизнеске деген білгірлігіме, елмен тез тіл табысып, әрқилы қиын жағдайдан дұрыс жол ­тауып кететініме риза бола таңғалады.
Тарыдай шашырап кеткен көптеген фирмамыздың бәрінің басын қосып, ірі холдинг ашу жөніндегі ұсынысыма Володия қатты қуанды. Бәрін жүйелеп, есептеп, ретке келтіріп «Ақ аю» атты холдинг құрып, мен президенті, Володия барлық банкке, құжатқа менімен бірдей қолы жүретін бірінші орынбасарым болып тағайындалды. Ақша науадай құйылды, ісіміз дүркіреп, шетелдіктер бізбен кездесуге кезекте тұратын болды.
– Заман осылай жаймашуақ тұрмас. Офшор аймаққа доллармен қаржы тығып қояйық, – деген Володияның сөзіне құлақ салдым. Бүкіл дүние-зат, бизнесімізді кепілге қойып, әлемдегі ең ірі банктен қарызға ақша сұрадық. Олар жарты миллиард доллар берді. Володияның ақылымен 100 миллион долларды Россияға алып кірдік. Ал 200 миллион доллардан офшор аймағындағы банкке жеке-жеке шотымызға салып қойдық. Холдингтің президенті ретінде мен қол қойдым.
Жеке вертолетіміз бар, Енисейдің жағалауындағы демалыс орнымызға ұшып барып, бұл табысымызды тойладық. «Мисс-97» атағын алған екі қызды алдырып, екі күн жаттық. Мен ары Мәскеуге, Володия Владивос­токқа қайтуы керек. Жұмыс бастан асып жатыр. Екі күн, екі түн гулетіп тойладық. Үшінші күні кешке қарай шақырған барлық қонақтарды шығарып салып, екеуміз ғана қалдық. Моншаға әбден жуынып, сергектеніп, көп ақылдастық.
Володия ешуақ қарсы шықпайды, айтқа­нымды істеп, көбіне-көп үнде­мейді, кейбірде зекіп, ұрыссаң көзін төмен салып, кешірім сұрай береді.
Міне, ол екі шабадан толы долларды әкеліп:
– Сен ал, – деді.
– Маған дәл қазір керегі жоқ. Менде банк карточкалары бар. Сонша ақшаны алғаның не? – дедім.
– Банкідегі қаржы біздікі болмай қалуы мүмкін. Мынаны өзің бір жерге сақтап, тығып қой, бір шабадан­дағыны мен алайын, – деді.
– Офшорда әрқайсысымызда 200 миллион доллардан қаржымыз жатыр.
Оны жан адам білмеуі керек. Холдингтің есебінен қарызымызды жабамыз. Қарашы, қанша жобалар дайын тұр, уақытты босқа жібермей пайдаланып қалайық, – деп алдағы жоспарларды жіпке тізгендей айта бастадым.
Енисей, Объ, Лена атты шалқыған үш дария өзендердің жағасында қалың орман ішіне демалыс үйлерін салып тастағанымызбен жылына бір мәрте барып тынығуға қол тимейді-ақ.
Міне, Енисейдің жағасындағы сықыған орманды жағалауынан жер сатып алып, жаңа салынған саяжайда алғаш рет демалуға келген бетіміз. Қажетті қағаздарға қол қойып, түннің бір уағында далаға шықтық. Жаздың бел ортасы, өзен жақтан салқын самал еседі.
Енисей – о шеті мен бұ шеті көрін­бейтін айдын-шалқар болып жататын тұңғиық терең алып өзен. «Терең өзен бұлқынбай ағады» дегендей бетінде теңгедей көпіршіктері ойнап, шымыр-шымыр ағады. Үсті тынық көрін­генімен астындағы ағысы қатты.
– Ана шабадандағылар сенде болсын, Володия.
– Жарайды, керек кезде аларсың. Жүр, Енисейдің жағасына барып тыныстап қайтайық, – деп Володия алға бастады.
Сопаң етіп қалың ағаш арасынан оның еңгезердей қап-қара сақал қойған күзетшісі шыға келіп, көлеңкеміздей соңымыздан ерді.
Біз нән қарағайлар сыңсып өскен өзеннің жарқабағына келдік. Арғы беті бұлдыр-бұлдыр дария қаратұнғиықтанып сырылдай сусып ағып жатыр.
– Енисей – Мұзды мұхитқа барып құяды. Ал Мұзды мұхит – бұл орасан таусылмас байлық, асты толған газ бен мұнай, ал мұзы – тұщы таза су. Болашақта Володия оны да біз екеуміз игереміз. Әлем бізге таңғалып, ісіміз дүркірейді, – деп мен салқын самал сергіткен күймен әсерлене сөйлеп кеттім. Дәл шүйдеме әлдене сарт ете қалды, жалп етіп ұзынымнан құлап түстім. Көзімнің оты жарқ етіп барып, сөне берді. Құдайдың жаққан шырағын ақымақ үрлеп өшіре алмайды. Туа сала пешенеңе жазылған тағдырыңнан қашып құтыла алмайсың.
Ең әзәзіл дұшпаның, жауыздық жасайтын жауың – төңірегіңде. Күншіл, қызғаншақ жан – нағыз опасыз жауыз. Туа жауыз күншілдер күнді көлеңкелеп тұрғысы келеді, айды адамзаттан қызғанып, жұлдыз біткенді өшіруге бар… Жымысқы қызғанышын ішіне бүгіп сақтап, жауыздықтың небір сұрқия түрлерін ойлап табады. Олардың қолынан су ішпе, су емес у ішкізеді.
Миллион-миллиардтарды шыр айналдырып, әлемді сатып алардай есіп тұрған қайран басым, есімді тастай су астына батып бара жатып, әзер жиып алдым.
Беліме гир байлап Енисейге лақтырып жіберіпті. Өлген денесін балықтар жесін, сүйегі Мұзды мұхиттың астында қалсын деген жоспары болған шығар. Гир байланған белдігімді жалма-жан шешіп жіберіп едім, сопаң етіп су бетіне көтерілдім. Тас-түнек қараңғы, тастай қара су, жағаға қарай жүзе жөнелдім. Құмдауыт жағаға шығып, қалың қара орман ішіне кіріп, жандалбасалап қаштым.
Бір ауылда, тіпті бір көшеде бірге өскен, бір мектепте бірге оқыған ең сенімді досым деп жүрген Володия мені өлімге қиды-ау. Өлтіргісі келіп жүр-ау деп тіпті ойлаған емеспін. Оны осынша әлетке жеткізіп, шалқыған байлыққа кеңелткен менің қу басым емес пе еді?!
Енді Володия мені тірі қоймайды. Сібірдің атышулы бүкіл баскесерлерін сол басқарады. Әлгі қарасақал күзетшісі де сондайлардың бірі болатын. Оны өзімізге қорған болады деп жүретінмін. Шүйдемнен соққан сол екені белгілі болды. Біздің бизнесімізге, өзімізге көз алартқан «қараларды» — бандит, рэкэтирмен ол сөйлеседі. Ал «қызыл жағалылар» деп атайтын полиция және прокуратура басқа да тексерушілермен мәселелерді мен шешетін болып келіскенбіз. Өзі де ­жастайынан дойыр, бұзық болып өскен оның жанында аннан қашқан, мұннан қашқан басбұзарлар жүреді.
Иә, Володия мені өлтіріп, бәріне өзі ие, өзі қожа болып қалғысы келген екен ғой. Жан досым, айырылмас ақыреттік ажырамас жолдасым деп жүрген мені жоқ қылып, ен байлыққа кенеліп қалуға қараниеттеніп, қиял­дап жүрген сұрқияның өзі екенін енді білдім. Ұрыссам үндемей басын төмен салып кешірім сұрайтынында мәселе бар екен.
Станцияға жетіп, алғашқы поезға отырып, ұлы Сібір жерінен құйынперен қаштым, біржола ұзай бердім, ұзай бердім. «Қаш! Қаш! Қаш!» деп жүрегімдегі үрейге сарт-сұрт еткен поезд дүрсілі қосылады. «Қош! Қош! Қош!» деп желбіреген сыңсыған Сібірдің қалың орманы қол бұлғап қалып жатыр, қалып жатыр.
Не жаздым бұл өмірге? Ешкімім жоқ. Әке-шешем мен қарындасым бұрын жол апатынан қайтыс болған. Енді міне, ең адал досым деп жүрген жан мені өлімге қиды. Володия мені «Өлтірдім, сүйегі шашылып Енисеймен ағып, мүлде бітіп, мәңгіге жоқ болды» деп қуанып жүрген болар.
***
Баяғыда Тайгада екі құрдас бала бірге өсіпті, жан алып, жан беріскен бір-бірімен дос болыпты. Жігіт шағында аңшы болып, орманға шықса Сергейдің жолы болғыш па, атқанын құр жібермейді. Толик анда-санда бір тигізеді. Сергейдің мылтығымен атса да тигізе алмайды. Таудан құлаған қар көшкінінің астында қалып, екеуінің де шаңғыларының күлпаршасы шығады. Тайгада шаңғысыз күнің қараң, қыс жаңа қаһарына мінді, әлі алты ай қалың қар басып жатады. Жарты жыл бойы ел-жұртты көре алмайды, жазғытұрым жол ашылғанда ғана аңшылар келе бастайды.
Екеуі ағаш кесіп, таңдап шаңғы жасауға кіріседі. Шаңғысыз күйің жоқ, аштан қатып өліп қалуың мүмкін. Сергей атқан оқтай зырылдаған әп-әдемі шаңғы жасап алады, Толик қанша әуреленсе де жонған ағашы морт сынып, әуре болып жасаған шаңғысы қарда жөнді жүрмей ит ырғасын шығарады. Шаңғысы зырылдаған Сергей аң атса да дәл тигізіп, қыстық қор жинап, Толик тобанаяқ болып шаңғысы малтығып, итәуресі шығады. Толиктің ішіне қызғаныш кіреді, қызғаныштың сол қызыл иті үре-үре, ұлғая-ұлғая келіп кешірместей кекке айналады. Көре алмастық, қызғаныш деген ібіліс; шайтанның азғырғанынан болатын жайт қой. Әзәзіл құлағына күні-түні сыбырлап, ішкі дүниесін қап-қара түнек қып, Толикті Сергейге іштей жауыққан, дұшпандыққа жеткізеді.
«Сен Сергейдің көзін жой, шаңғы­сына мін, мылтығын ал. Ол барда сен өстіп шоңқайып, көлеңке болып қана жүресің» дейді шайтан азғырып.
Егей берсең тас та жұқарады. Күншіл­дік соңы – күңіренген қайғы. Қызғаныш деген – тағдырыңды қиып түсер жүзіне у жалатқан алмас қылыш. Күндестік пен қызғанышқа берілдім дегенше – шайтанның азғырғанына ердім деп есепте.
Толик Сергейдің әр аттаған қадамынан мін таба сөйлеп өзімен-өзі жай жүрген оның жынына тие беретінді шығарған. Түрткілеп еріксіз сөйлететін болған. Сылтаумен өшпенділікті ұлғайту еді. Бұны дос санап жүретін, өзі жазықсыз Сергейдің жанын күйдіріп ақыры оның тілін шығарған. Бұнысы «жеңіс туын» желбіретудің алғы шарты болатын. Өстіп өшпендік уытына малтығып өзін әбден дайындап алған Толик екі көзі қанға толып, ұйықтап жатқан Сергей досын сом темір сүйменмен басынан соғып өлтіреді. Денесін түн ішінде айдалаға апарып ­тастайды. Енді аяғына дереу шаңғысын байлап, мылтығын алып аңға шығады. Көпке дейін ешнәрсе кездеспейді. Ақыры ол жап-жақын аралықта апанында ұйықтап жатқан аюдың үстінен түседі. Олжаның үлкеніне жолықтым-ау деген ол арқан бойы жерде жатқан аюды көздеп шүріппені басады емес пе. Бірақ сорына қарай жараланған аю атып шыққанда қайта атайын десе мылтығы от алмайды, қашайын десе оғанда үлгермейді.
Долданған жаралы жыртқыш жақын аралыққа ағындап кеп, сол арынымен бейбақ пендені басып қалады. Арғы жағы белгілі еді.
Қар кеткенде өздері сияқты аңшы­лар екеуінің сүйектерін тауып алып, бір шұңқырға жерлейді. «Тірлігіңде де айрылмас достар еді, енді мәңгілік бірге жатсын» деп ойлағандар бейіті басына «Сергей+Толик = достар» деп жазып қалдырғандары білінді.
***
Иә, бұл аңызды Сібірліктер жиі айтады. Ешбір құжатым жоқ, тек ішкі қалтамда он мың доллар қалыпты. Соның жартысын ұлтарағымның астына тықтым.
Жолаушылар поезы Қазақстан шекарасынан өтер кезде кеденшілердің қалтасына өлшемді доллар сүңгітіп едім, дереу өткізіп жіберді.
Алматыға келіп, түсіп, басқа киім сатып алып, кешке көшеде жатынорын іздеп жүргенде бұзақылар киімімді, қалған тыққанымды түгел тонап алды. Көшеде жалаңаш қалған мені полицейлер ұстап алып, қамап тастады. Тек аяқ киімім бар еді, соған көзі түсіп, әбден әккі болған, бәрін білетін сұмырайлар ғой, ұлтарақ астына тыққан қалған долларымды сыпырып алып, көшеге айдап шықты.
Қоқыс тасталатын жәшіктерді қарап жүріп, ескі-құсқы киімдерді үстіме жапсырып, вокзал маңында қаңғып жүргенде осы қожайыным Сапар кездесе кетті. Мал бағуға бомж іздеп жүр екен.
– Ешбір құжатым жоқ, маскүнем боп, емдеуден шықтым. Барар жер, басар тау, ешбір туған-туысқаным жоқ. Түбім қарағындылық, – деп өтірік айттым. Сапарға ілесіп осында келдім.
Алғашында ол сеніңкіремей жүрді. Сырттай қарауылдап күдіктенетін. Арақ-шарапты татып алмаймын, берген ісіне тиянақтымын. Өтірік айтып, көзіне түспеймін. Істеген ісім тастай. Табандатқан жиырма жыл болды, осы адам жүрмес ен тоғай ішіндемін. Көретінім көк аспан, жан баласына жоламаймын, сөйлемеймін. Осында біреу-міреу келсе қалың тоғай ішіне кіріп жасырынамын да, аралға өтіп, жасап қойған күркеме барамын.
Мені бомж деп есептейді. Ал мен шынында «лыжник…» – шаңғы­шымын… Қаңғып жүрген жанды тауып, соның құжатымен банктен әсіресе шетелден үлкен қаржы қарыз алдырады да, өзінің көзін жоқ қып жіберетін жанды – «лыжник» деп атайды. Міне, Сіздің алдыңызда шетелде офшор аймағында шотында 200 миллион доллары бар «миллионер» отыр.
***
Ол түрегеліп барып қураған ағаш­тар­ды сындырып, отқа тастады. Үйден күпәйке әкеп арқама жапты.
– Миша, енді неге сол қаражатыңды алмайсың?
– Шын есімім Миша емес. Степан. Шетелге шығар ешқандай құжатым жоқ. Сіз мені құтқарыңыз. Маған паспорт алып беріңіз. Екеуміз шетелге офшор аймағындағы банкке ұшып барайық. Ондағы екі жүз миллионды қақ бөліп алайық.
– Банкте ақша алар кезде шын аты-жөнің болуы керек қой.
– Керек емес. Банктегі құпия сейфке бес саусағың мен алақаныңды бассаң код шығады, сол кезде шот нөмерімді терсем, шотым ашылады. Ал, ол қаржыны қалай аударасың, қалай жұмсайсың оны тек өзің біле­сің. Банкте сенің аты-жөнің, құжа­тың­­ның түк керегі жоқ. Міне, сол қаражатымнан 100 миллион долларды Сізге аударып беремін.
– Жүз миллио-он долларды ма-а?
– Иә. Маған сеніңізші. Банктегі қаржы 25 жыл иесі болмаса, келмесе мұрагеріне беріледі. Мен үйленбе­генмін, ешкімім жоқ, мұрагерім деп әлі сұмырай Володияны жазып қалдырғанмын ғой. Егер мен ала алмасам енді бес жылдан кейін ол қаржыға Володия ие болып шыға келеді. Енді тездетіп алмасақ, қапы қаламыз.
– Ал, оны алған соң не істейсің?
– Мигрант болып, Европаға өтіп, тып-тыныш өмір сүремін.
– Миша, жо-жоқ, Степан, ақшаны судай шашып жүрген сәтіңде неге үйленбедің?
– Көздеп жүрген екі қызым болды. Соның біріне үйленемін деп жүрген едім. Біреуі Лена деген. Лена өзенінің жағасында тұратын мұғалім, екіншісі Мәскеуде министрдің Вера деген қызы еді. Вераны маған нағашым таныстырып, «Осы қызды алсаң бағың ашылады, жолың болады» деген. Ақшаның қызығымен лепіріп жүргенде уақыт кете берген. Қыз қайда қашады деген сол астамсудан, екеуі де бұйырмады ғой. Амал не у ішкендей болам да жүрем. Қасыңда әйелің болса басың қарауыл ғой, ие ғой. Қазақ «Біреуді Құдай қаңғыртады, біреу Құдайға көнбей өзі қаңғырады» демей ме…
Бір адамға айтпаған жан сырымды Сізге ақтарып отырмын. Сапар жылдық ақыма бір еркек бұзау береді, міне қазір жиырма өгізім бар. Соның бәрін алыңыз да, паспорт жасаттырып беріңіз. Ал, бірақ мен жөнінде, бүгін айтқан әңгімем туралы тірі жан білмеуі керек. Көп ақша жүрген жерде бәле-жала көп болады. Ақша жүрген жерде албасты қоса жүреді екен.
Келістік пе Бақытжан Жарасович! – деп ол қолымды ұстай алды.
– Володия қазір қайда?
– Ол ит, шошқадай семіріп алыпты. Теледидардан көремін, қазір депутат, губернатор болсам деп сайлауға әзірленіп жүр екен дейді.
***
Гүр-гүр еткен машина жарығы қараңғылықта тілгілеп Сапарлар келді.
Түні бойы сан түрлі ой шырмауына тоғытылашырмалып, ұйықтай алмай, көз ілмей шықтым. Ертесіне қалаға қайттым.
– Кездескенше, – деді қолымды қысып қоштасарда «миллионер» Миша-Степан.
Жүрегім шімірігіп дүрсілдей соқты…
– Кездескенше?!
Бал дәурен балалығым өткен қайран көрікті де қасиетті Топардың құсы шулаған базарлы қалың тоғайы, киіктің жанарындай жарқыраған көлдері, сұлудың бұрымындай шұба­тыл­ған сылқым өзендері қалып барады.
Өмір, сен қандай күрмеулі, қандай күрделі едің.
18 желтоқсан 2019 ж. 983 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031