Қоғам жемқорлыққа қарсы
Сыбайлас жемқорлық әрекеті қоғамда кең етек алып, мемлекеттің дамуына кедергі келтіруде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықты түп-тамырымен жоюды басты міндеттерінің қатарына қосты. Ол «Әділдік – мемлекеттің мықты іргетасы» деп атап көрсетіп, әрбір қазақстандықтың лайықты жұмысы, еңбегіне қарай әділ жалақы алуын қалайтынын айтты.
Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап әлемдік стандарттарға сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асуда. Айталық өткен жылдан бастап облысымызда «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы кеңсесі ашылып, өңірде жүйелі жұмыс істеп келеді. Жобаның мақсаты – сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру және мемлекеттік билік институттарына азаматтардың сенімін арттыру.
Бүгінде аудан бойынша «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша аудан көлемінде өткізілетін іс-шара жоспары бекітіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған түрлі форматтағы насихат жұмыстары кент пен ауылдық округтерде өткізілуде. Мәселен, Көмекбаев, Ақтөбе, ІІІ Интернационал ауылдарында «Адал өмір сүруді үйрен» тақырыбында жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел мен кездесулер өтті. Сонымен қатар жоба аясында Жосалы, Төретам кенттері мен Қармақшы, Ақай ауылдық округтеріне қатысты мекеме қызметкерлерімен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кездесулер ұйымдастырылды. Мұнан өзге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ерте жастан бастап қалыптастыру мақсатында «Адал және сатылмайтын еңбек үлгісі» тақырыбында мектеп оқушылары эссе жазды.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ