«Қара алтын» қыспақтан алып шықты
2017 жылмен экономикамызға ауыр соққан кезеңдер артта қалғандай әсерде қош айтыспақпыз. Өйткені әлеуетімізді әлсіреткен соңғы әлемдік дағдарыстан еліміз енді ғана еңсе көтеріп келеді. Дүниежүзілік банк қазіргі ахуалымызды сараптай отырып, «Қазақстанның алға жылжуына тағы да мұнай бағасының өсімі әсер етті» деген қорытынды жасады. Сонымен бірге, халықаралық ұйым біздегі агросектор мен өңдеуші өнеркәсіптің, транспорт пен сауда-саттықтың экономиканы ілгерілетудегі үлесін жоққа шығармайды. Сарапшылар мұнай бағасының өскені және өткен жылы еліміздегі ең ірі Қашаған кен орнының іске қосылғаны бюджет табысының артуына себеп болып отыр дейді. Бірақ экономиканы әртараптандыру мәселесі еліміз үшін әлі де өзекті.
Дүниежүзілік банк келтірген статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ЖІӨ-і 2017 жылдың алғашқы тоғыз айында 4,3 пайызға өсті. Бұл еліміздің мұнай бағасының құлдырауы салдарынан болған дағдарыстан бой түзей бастағанын көрсетеді. Сөзімізді ЖІӨ 2016 жылдың алғашқы үш тоқсанда небәрі 0,4 пайыз болғаны дәлелдей түседі. Сараптамаға сүйенсек, экономикалық өсімнің жоғарылауына себеп болған мұнай секторы екен. Себебі, Қашаған кен орнының 2016 жылы іске қосылуы еліміздегі мұнай өндірісінің 12,5 пайызға ұлғаюына әсер еткен. Бұл 2016-2017 жылдардың қаңтар-қыркүйек айларындағы өндіріс көлемін салыстырғандағы көрсеткіш. Биыл дәл осы мерзім аралығында мұнай бағасы 24 пайызға қымбаттаған болатын. Соның арқасында тек мұнай секторы ғана емес, құрылыс нарығы да қарқын алды. Қалай десек те, мұнай кен орындарының өндіріс көлемін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларының арқасында құрылысшылар да бір жасап қалды. Қара алтынның қымбаттауына негіз болған факторлардың бірі ретінде сарапшылар әртүрлі тоқтамға келген. Мысалы, тәуелсіз сарапшы Сергей Смирнов өзінің сараптамасында ОПЕК+ келісімі мұнай бағасын жыл басында 50 доллардың айналасында ұстап тұрса, қазір барреліне 60 АҚШ долларының шамасында екенін жазған. Одан бөлек, АҚШ жерінде болған дауыл бірнеше кен орнында мұнай өндірісін тоқтата тұруға мәжбүр еткен. Сауд Арабиясы мен Катар және Иран арасындағы қарама-қайшылықтар, Сауд Арабиясындағы 200-ге тарта ханзаданың, бизнесмендер мен шенеуніктердің жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталуы мұнайдың құнын төмен түсірмеуге ықпал еткен. Бұл оқиғаға қосымша Нью-Йорктің Порт-Аторити автовокзалында болған жарылыс инвесторлардың назарын геосаяси тәуекелге аударды. Соның әсерінен болар мұнай бағасы тағы да көтерілді. Investing порталының мәліметтеріне сүйенсек, қазір Brent маркалы мұнай барреліне 64,73 АҚШ долларынан саудаланып жатыр.
Дегенмен сарапшылар «аспаннан мұнай доллары жауатын» күн әлі туған жоқ дейді. Себебі, аймақтардың энергетикалық сұранысы өзгерген. Мысалы, Еуропа энергияны тұтынудың шарықтау шегіне жеткен. Оның орнына Азия мен Африка елдеріндегі сұраныс жоғары. Бірақ болашақта қалпына келетін энергия көздері мұнай өнімдерін энергетикалық баланстан ығыстыруы әбден мүмкін. Оған кейінгі кезде қара алтын секторын сергелдеңге салып қойған тақтатас мұнайының өндірісін қосыңыз. С.Смирнов бұл өндірістегі инновациялық технологиялар нарықтың сұранысына дер кезде бейімделуге мүмкіндік беретінін айтады. Осыған дейін мұнай өндірісін арттыру үшін кемі 5-7 жыл қажет болса, тақтатас мұнайын өндіретін кен орнындағы жаңа технологиялар бұл мерзімді қысқартып қана қоймай, оның өзіндік құнын төмендетуге де көмектеседі екен.
Мұнай бағасы теңгеге неге әсер етпеді?
Бір кездері жауапты шенеуніктер ұлттық валютамыздың девальвацияға ұшырауын мұнай бағасының құлдырауымен түсіндірген еді. Сәйкесінше, халық оның құны қайта көтерілгенде теңгеміз де күшейе түседі деп күтті. Бірақ үміт ақталған жоқ. 2017 жылдың көктемінде теңгенің сәл ғана нығайғанын айтпағанда, жаздың соңы мен күз айларында валюта нарығы күрт құбылып отырды. Бұған қатысты сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың пікірі бір арнада тоғысып отыр. Мысалы, OilGasProject ЖШС директоры Жарас Ахметов теңгенің курсына қазіргі операциялардағы сальдо (айырмашылық) әсер етеді дейді.
– Қазіргі операциялар дегеніміз – инвестициялық түрлі төлемдер, экспорт пен импорттан түсетін ақша, тауарлар, көрсетілетін қызметтер. Осы операциялар негізінде пайда болған айырмашылықтар теңгенің курсына әсерін тигізіп отыр. Егер сальдо оң болса, онда теңге нығаяды, егер сальдо теріс болса, онда ұлттық валюта әлсірей түседі. Меніңше, үшінші тоқсан қорытындысы бойынша ағымдағы операциялар нәтижесі әлі жарияланған жоқ, бірақ алдыңғы 10 тоқсан бойынша сальдо көрсеткіші теріс мәнге ие болған. Дәл осы жағдай теңге курсына салмақ түсірді. Қазір мұнай бағасы өсіп жатыр, экспорт және импорт бойынша балансымыз күшеюде. Бірақ бізде экспортқа қарағанда импорттың өсімі жоғары. Көп нәрсені импорттау арқылы біз шығынға ұшырап жатырмыз. Осылайша, сальдоның теріс көрсеткіші теңгеге қысым көрсетуде. Валюта біресе әлсірейді, біресе күшейеді, бұл өзі қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар. Өйткені оны күшпен ұстап тұрамыз десек, одан әрі көп шығынға батамыз, – дейді ол. Сарапшы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан кезде бізде сальдоның жағдайы әлдеқайда оң болғанын айтады. «Бұдан кейін мұнайдың қайтадан сол деңгейге жеткенін көреміз бе, жоқ па, білмеймін. Бізге ендігі қалғаны импорттау мәселесін қысқартуды қайта қарастыру, әсерлі инвестиция тарту керек. Бұл ретте атқарылатын жұмыс өте орасан. Соның басын қайырсақ та біраз жетістікке жетуші едік» деді Жарас Ахметов.
Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында ұлттық валюта бағамы халықтың оған деген сенімі мен ұлттық экономиканың сатып алу қабілетінің көрсеткіші екені айтып өткен. Ол «Егер экономикамыз керемет өсім көрсетіп жатса, теңгенің де күшейе түскенін байқаймыз. Өкініштісі сол, әзірге мұнай жалғыз әрі негізгі көрсеткіш болып тұр. Мысалы, бір-екі жыл бұрын Арменияда драм рубльмен бір мезетте құлдырады. Бірақ әлі де сол қалпында тұр» деді. Осы сауал төңірегінде Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтің пікірін «Айқын» да жариялаған болатын. «Қазақстанға келіп жатқан экспорттық түсім көбейсе, теңгенің де құны артады. Мұнай бағасының өзгеруі әр секунд сайын экспорттық түсімге әсер ете алмайды. Мысалы, егер фьючерске сәйкес, мұнай белгілі бір бағамен саудаланып жатса, оның пайдасы үш ай немесе одан көп уақыттан кейін ғана түседі. Көпшілігі мұнай бағасының қымбаттағаны ұлттық валютаға да бірден әсер етуі керек деп ойлайды» дейді Данияр Ақышев.
Қашағаннан қандай пайда?
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов желтоқсанда өткен Үкімет отырысының бірінде шетелдік нарықтарда қазақстандық өнімге деген «сұраныстың қайта жаңғырғанын» айтқан еді. Сонымен бірге, әлемдік деңгейде мұнай және металл бағаларының өсуі Қазақстанның сауда балансының жақсаруына ықпал еткен. Одан бөлек, Қашаған кен орнындағы өндіріс көлемі жоспардан 46 пайызға артық шыққан. Министрдің айтуынша, жыл басында мұнда 5 млн тонна мұнай өндіру көзделген болса, қарашаға дейін ол 7,3 млн тоннаға жеткен. Осылайша, Қашаған еліміздің мұнай секторында Атырауды алға сүйреп, бұл аймақтағы өндірістің 21,4 пайызға жоғарылауына әсер етті. Сүлейменовтің бұл сөзін сарапшы Смирнов та растады. Өйткені биыл Қашағанның арқасында 81 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған екен. «Өткен жылы бұл көрсеткіш 78 млн тонна еді. Келесі жылы өндірісті 86 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бірақ Қашаған өндірілген өнімді бөліп алу келісімі арқылы жұмыс істейді. Сондықтан ондағы мұнай тек экспортқа бағытталған» дейді ол.
Қалай болған күнде де мұнай бағасының арқасында бюджетіміздің табысы артты. Finprom сараптама агентігінің мәліметтеріне сүйенсек, алғашқы жарты жылдықтың өзінде мұнай шикізатын экспорттаудан түскен бюджет табысы 53 пайызға артқан. Бұл жағдай бізге оң әсер еткені анық. Тіпті Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикалық өсіміне қатысты өз болжамдарын қайта қарап, көңіл көншітерлік деңгейге көтерді. Халықаралық ұйым күздегі баяндамасында ол 2,4 пайыздан 3,7 пайызға жоғарылаған. Бұдан өзге құжатта еліміздегі жеке сектордың әлеуетін арттыруға кедергі келтіретін факторлар атап көрсетілген. «Жақында жарияланған Қазақстан жеке секторының диагностикалық зерттеуінде, сарапшылар АӨК, транспорт және логистика алдағы жылдары жеке секторға инвестиция тартудағы кедергілерден арылуға мүмкіндігі мол екені айтылған. Одан кейін энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орын алған. Бірақ олардың инвестициялық тартымдылығы төмен. Әр сектордың өзіне тән қауіп-қатер мен мүмкіндіктер бар. Сонымен бірге, оларға әсер ететін факторлар да саяси динамика мен экономикалық басқаруға тікелей байланысты». Ендігі кезекте әр салада нақты құрылымдық реформалар жасалуы тиіс. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, тәуекелді төмендету үшін квазимемлекеттік сектордағы мекемелерді жекешелендіріп, қайта құрылымдау қажет. Жалпы алғанда, жеке секторды аяққа тұрғызуға көмектесетін мүмкіндіктер жетерлік. Егер ол толық жүзеге асса, жұмыс орындары көбейіп, кедейліктің деңгейі төмендеп, халықтың табысының артуына сеп болады. Дегенмен экономиканың тұрғырына айналуы тиіс бұл салаға кедергі келтіріп отырған мынадай жайттар бар: экономикадағы квазимемлекеттік сектордың үстемдік құруы, жұмыс күшінің төмен квалификациясы, макроэкономикалық осалдық және әлсіз аймақтық экономикалық кооперация.
Иә, экономиканы әртараптандыру бұрыннан айтылып келеді әрі қаншама бағдарламаға негіз болды. Дегенмен біз әлі де шикізатқа тәуелділіктен арыла қоймадық. Сарапшылар егер келесі жылы ОПЕК+ келісім өз күшін жоймаса мұнай бағасы осы қалпын сақтап қалады деген пікір айтты. Бірақ нарықты 100 пайыз дәлдікпен дөп басып болжау мүмкін еместігін ескерсек, 2018 жыл да тосын сыйларға толы болуы мүмкін.
Кәмила ДҮЙСЕН, Абай АЙМАҒАМБЕТ
Айқын.kz
Пікір 1