БАҒА ӨСІМІ: УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС ПА, ӘЛДЕ ТҰРАҚТЫ МӘСЕЛЕ МЕ?

Соңғы жылдары бағаның үздіксіз өсуі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Екі адамның басы қосылса «Бәрі қымбаттап кетіпті», «Баға біраз көтерілген» деген сөздерді жиі естиміз. Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік құны, коммуналдық қызмет тарифтері, жанармай бағасы – бәрі біртіндеп баға қосып, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда.
Инфляция ресми деректерде белгілі бір пайызбен көрсетілгенімен, халықтың пікірі мүлде басқа. Көпшілік үшін «орташа көрсеткіш» нақты өмірдегі шығындарды толық бейнелей алмайды. Себебі әр отбасының тұтыну ерекшелігі әртүрлі. Біреулер үшін азық-түлік негізгі шығын болса, енді біреулер үшін коммуналдық қызмет немесе несие төлемдері басты жүкке айналған. Әсіресе табысы тұрақты емес немесе төмен жалақы алатын отбасылар үшін баға өсімі ең ауыр соққы болып отыр. Олардың қазіргі күйі – сапалы өнімнен бас тарту, тұтынуды азайту немесе қарызға бату.
Осы қымбатшылықтың себебінен халықтың тұтыну мәдениеті де өзгеріп келеді. Бұрын еркін сатып алынатын тауарлар енді «ойланып алатын» санатқа өтті. Адамдар арзанырақ балама іздеуге, жеңілдіктер мен акцияларды аңдуға мәжбүр. Бұл – тұрмыстың төмендеуінің жанама белгісі. Егер бұлай жалғаса берсе халықтың өмір сапасына ғана емес, денсаулығына, әлеуметтік көңіл-күйіне де әсер етуі мүмкін.
Енді баға неге өседі деген заңды сауал туындайды. Негізі бағаның өсуіне әсер ететін факторлар көп. Мәселен, әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, геосаяси ахуал, импортқа тәуелділік, валюта бағамының ауытқуы. Бәрі-бәрі өз ықпалын тигізеді. Сонымен қатар ішкі нарықтағы бәсекенің әлсіздігі, делдалдардың көптігі, логистикалық тізбектің тиімсіздігі де бағаның негізсіз өсуіне жол ашуы ықтимал. Кей жағдайда нарықтағы алыпсатарлық пен жасанды тапшылық та бағаның күрт көтерілуіне себеп болады. Мұны да жасыра алмаймыз.
Ел ішінде өндірілетін өнімнің өзі кейде делдалдар арқылы бірнеше есе қымбаттап, тұтынушыға жетеді. Мұны осы бастан қолға алған абзал. Егер отандық өнімнің өзін қолжетімді ете алмасақ, сыртқы нарыққа тәуелділік одан әрі күшейе береді.
Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан қабылданатын шаралардың маңызы зор. Бағаны әкімшілік жолмен уақытша ұстап тұру – мәселенің түпкі шешімі емес. Ең бастысы – әділ бәсекелестік қалыптастыру, нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету және делдалдар санын қысқарту. Сонымен қатар отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, логистиканы жақсарту – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі.
Баға жиі өскенмен, табыс оған сай көтерілмейтіні тағы бар. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыға қосылатын тиынды жалау етіп, бағаны көтеру қарапайым жұмысшыға тиімді емес. Сондықтан да халықтың табысын арттыру мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Жалақы мен әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне сай өсіп отырмаса, баға өсімінің қысымы одан әрі күшейе береді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті тереңдетіп, халықтың мемлекетке деген сеніміне әсер етуі мүмкін.
Қоғам үшін ең қауіптісі – баға өсіміне үйреніп кету. Егер қымбатшылық қалыпты құбылыс ретінде қабылданса, адамдардың талап қою белсенділігі төмендейді, ал бұл ұзақ мерзімде экономикалық дамуға да, қоғамдық тұрақтылыққа да кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе тек экономистердің ғана емес, әрбір азаматтың назарында болуы керек.
Сарапшылардың пікірінше, баға өсімімен күрес кешенді тәсілді талап етеді. Тек бір саланы емес, бүкіл экономикалық жүйені қамтитын реформалар қажет. Ашықтық, жауапкершілік және тиімді басқару – осы бағыттағы негізгі қағидалар болуы тиіс. Халықтың тұрмыс деңгейі, әлеуметтік тұрақтылық және елдің болашағы осы мәселенің қалай шешілетініне тікелей байланысты. Сондықтан бұл тақырып әрдайым қоғам назарында болып, нақты әрекеттермен жалғасуы тиіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ















